Осы жұрт ер Әдекті біле ме екен?!
[ 2019 ] 6 маусым, 09:00 | Қоғам
Небәрі 31 жыл ғана өмір сүрген өлкеміздің бір туар азаматтарының бірі, өмірі өнегеге толы тұлға, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» және «Даңқ» ордендерінің иегері Әдек Жанашұлының есімі ұмытылмақ емес.
Әдек Жанашұлы 1924 жылы киелі қарашаңырақ Қараған түбегінде дүниеге келген. Әкесі Жанаш Көптілеуұлы жөнінде ұрпақтары жадында ешқандай дерек сақталмапты. Білетіндері 1929 жылы колхозға кіріп, жұмыс жасағаны және 1932 жылы қатты сырқаттанып, 1933 жылы қайтыс болғаны ғана. Әдек қаршадайынан әке-шешесінен айырылып, әжесі Бейсенбибінің тәрбиесінде болады. 1933-1940 жылдары қаладағы 7 сыныптық Киров мектебінде оқып, бітіріп шығады. Мектепте оқып жүрген кезінен Сығынды ауылдық советінің секретары қызметін атқарады. Сол қызметтен 18 жасар балаң жігіт жас жауынгерлер қатарына ілігіп, Ұлы Отан соғысына аттанып, қан майданның бел ортасына тап болады.
Соғыста жүріп, қиын күндерді басынан өткеріп, майдан даласына бойын үйрете бастайды. №152 атқыштар дивизиясында қатардағы жауынгер, Солтүстік Кавказ майданындағы №7 корпуста минометші болып жүріп, батылдығымен әскер басшыларының назарына ілігеді. Партия қатарына алынып, алты айлық офицерлер даярлайтын курсқа қабылданып, жоғары көрсеткішпен бітіріп шығады. Сталинград шайқасында №62 Чуйков әскерінің алдыңғы қатарында, 2 Украина майданының Днепр, Новогород жерлерінде неміс фашистерімен ашық айқасқа түседі.
1944 жылдың мамыр айында жарақат алуының салдарынан майдан даласымен қош айтысып, жеңіл жарақатпен ауылына аман-есен оралады.
Елге оралғаннан кейін қарап жүрмей, екі тілді терең меңгеріп, партия мектебін бітіріп алады. «Қараманды» қой колхозында 1944-1946 жылдары есеп жүргізуші, 1946-1947 жылдары қой отарының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қызмет бабымен жақын маңдағы «Қарақұм» қой колхозына ауыстырылып, 1947-1948 жылдары колхоз төрағасының орынбасары жауапты қызметін жүзеге асырады.
Қызмет атқарудағы еңбекқорлығымен және табандылығымен елдің ыстық ықыласына бөленген Әдек Жанашұлы 1948 жылы алдымен Форт-Шевченко аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалып, ауданның ауыл шаруашылығын, әсіресе, іріленген мал шаруашылықтарының дамып, қалыптасуына және қаладан мал шаруашылығы өнімдерін қабылдайтын мекемелердің жұмыс жасауына өзіндік үлесін қосты.
Ауданның белді азаматтарының біріне айналған жас маман Әдек Жанашұлын партия комитеті бір ауыздан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметіне тағайындаған болатын. Бұл қызметті де абыроймен атқара жүріп, аудандағы мал саны мен түтін санының өсуіне байланысты шаруа қожалықтары жерінің және суының белгіленуіне, картасының жасақталып, бекітіліп, заңдастырылуына, сонымен қатар Үстірт бойындағы шыңыраулардың қалпына келтірілуіне көп күш жұмсады. Әсіресе, Ақкетіктен Үстіртке дейінгі аралыққа автокөлік жолдарының салынуына, мал шаруашылығы бойынша Қараманды жерінен асыл тұқымды адай жылқысы фермасының ұйымдастырылуына жеке өзі басшылық жасады.
1952-1955 жылдары Гурьев облысы (қазіргі Маңғыстау облысы), Шевченко ауданының орталық жинақ кассасының меңгерушісі қызметін атқарды. Еліміздің соғыстан кейінгі тұралап қалған әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға аянбай тер төккен қажыр-қайрат иесі, Ұлы Отан соғысының «Қызыл жұлдыз» орденді жауынгері Әдек Жанашұлы соғыстан алған жарақаттарының асқынуы салдарынан 1955 жылдың 9 желтоқсан күні қазіргі Форт-Шевченко қаласында қайтыс болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен ерлігі мен бейбіт кезеңдегі ауыл шаруашылығының экономикасын көтерудегі қызметі жоғары бағаланып, 1946 жылы «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» мерекелік медалімен, «Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Германияны жеңуге қосқан үлесі үшін» наградаларымен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.
“Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!” – деп қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы тауып айтқанындай, қазақтың ардақты азаматтарының бірі, Ұлы Отан соғысының майдангер ардагері Әдек Жанашұлын қазір бірі білсе, бірі білмейді. Біздің де бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз Ұлы Жеңістің 74 жылдығы мерекесі қарсаңында талай дарабоз тарландарын сыйға тартқан киелі Маңғыстау өңірінің перзенті Жанашұлы Әдектей тұлғаларды жас ұрпақ санасына сіңіріп, таныстыру, өскелең ұрпаққа үлгі ету болатын.
Артур САЛПЫҚОВ
976
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.