Ел мерейін асқақтатар “Мерейлі отбасы” ұлттық жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылғы желтоқсандағы № 250 өкіміне сәйкес жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп келеді. Ұлттық өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған дәстүрлі шара жылдың басында жарияланып, «Отбасы күніне» орай қорытындыланады. Биыл 6 рет өткізіліп отырған байқаудың нәтижесі бойынша Үштаған ауылының үлгілі жанұясы Нұрсебеповтар отбасы бірінші орынды иеленді. Алты ұлды ұяға, алты қызды қияға қондырған бақытты отбасынан бүгінде 46 немере, 4 шөбере тараған. Нұрсебепов Нұрхан 1939 жылы Маңғыстау ауданы Үштаған ауылында дүниеге келген. 1947-1957 жылдар аралығында Үштаған ауылындағы Ленин атындағы 10 жылдық мектепті тәмамдаған. 1959-1962 жылдары қазіргі Ресей федерациясының Свердловск облысында әскери қызметте болған ол 1961 жылы әскер қатарында жүргенде «Әскери құрылыс үздігі» төсбелгісімен, 1962 жылы Ұлы Октябрьдің 44 жылдығы күніне ерен енбегі үшін мақтау қағазымен марапаттталған. 1962-1994 жылдар аралығында Үштаған ауылына қарасты бірінші фермада шопан болып қызмет атқарған. Мал бағуда көрсеткен ерен еңбегі үшін екі жыл қатарынан 1977-1978 жылдары социалистік жарыстың жеңімпазы белгісімен наградталған. 1966 жылы Нұрсебепова Айтбикемен отбасын құрды. Жолдасы А.Нұрсебепова 1949 жылы Үштаған ауылында дүниеге келген. 1966-1992 жылдары Ильич атындағы колхозда жолдасы екеуі мал бағып, социалистік жарыста жоғары жетістіктерге жеткені үшін мақтау қағазын алған. 1992 жылы баламен зейнеткерлікке шыққан. 1984 жылы «Батыр ана» атағын алған, 2004 жылы Қазақстан Республикасының «Алтын алқа» алқасын тағынған батыр ана. Ұлы Бисенбек Нурсебепов тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында ҚР 5-ші спартакиадасында тоғызқұмалақтан 3-орын алған. Маңғыстау облыстық жарысында тоғызқұмалақтан 1-орын алып, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында тоғызқұмалақтан облыстық сайыста 1-орын жеңімпазы. Берік Нұрханов Маңғыстау облысының шахматтан «Ақбозат» мектеп лигасында облыстық жарыстан 3-орын алып, республикалық дәстүрлі интернет олимпиадасының қазақ әдебиеті, география, ағылшын тілі пәндерінің жеңімпазы. Серік Бисенбекұлы – облыстық мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында тоғызқұмалақтан 2-орын жеңімпазы, аудандық тірек қимылдары бұзылған мүмкіндігі шектеулі жандар арасында тоғызқұмалақтан 2-орын жеңімпазы, Маңғыстау аудандық үстел тенисінен өткізілген турнирде 3-орын жеңімпазы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дойбыдан өткізілген аудандық сайыста 3-орын жеңімпазы, «Астана – әсем қала» сурет байқауында 1-орын жеңімпазы. Керек Нұрсебепов - жеке кәсіпкер, шебер, ағаштан тұрмысқа қажетті қазақы үлгіде бұйымдар жасайды. Немерелері Айбол Дәуренұлы - бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері. 2016 жылы бокстан жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы атанды. 2018 жыл бокс жарысынан конфедерация кубогы турнирінде І орын, 2018 жылы Президент кубогінің жеңімпазы. Х жазғы универсиадада І орын иегері болса, Сәкенұлы Шапағат Батыс Қазақстан облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Өнерімді Отаныма арнаймын» фестивалінде І орын, 2018 жылы ХІV Батыс Қазақстан аймақтық «Жас дарын» байқауының дипломанты. Зағип жастар арасындағы республикалық «Үміт жанары» ән байқауында ІІ орын иегері. Мінекей, тату тірлігімен, мызғымас бірлігімен көпке үлгі жанұяның ұл-қыздары да шетінен өнерлі. Тамыры тереңге тартқан саялы бәйтеректей жайқалған Нұрсебеповтар отбасының жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, тәлім-тәрбиеңізбен көпке үлгі болып жүре беріңіздер демекпіз!
М.ШӘУЕНОВА