©
Қазақ қашанда көп балалы болуды қалаған халық қой. Бұл тілегін Алла беріп, шүкір, қазір жас отбасылардың өзінде екі-үштен баласы бар. «Бір қозы дүниеге келсе, бір тал шөп артық шығады» деген мақал босқа айтылмаса керек. Балаларым – несібем деп өмірге көп баланы дүниеге әкелген аналарымызға әрқашан құрмет. Мінеки, сондай құрметтің жалғасы өткен аптада аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында көрініс тапты. Көп балалы аналарымызды еркін форматта қабылдаған Маңғыстау ауданының әкімі Т.Көшмағанбетов он ананың кеудесіне күмістен алқа тақты. «Қасиетті Рамазан айында сіздермен дидарласу — мен үшін үлкен қуаныш, зор бақыт. Бәріміз де анадан туылдық, анаға деген құрметтің ерекше екенін жақсы білеміз. Сондықтан сіздерге бүгінгі салтанатты шарада марапат табыс ету сіздерге деген құрметімнің бір бөлшегі ғана деп біліңіздер. «Ана — өмірдің мейірім бастауы, жер бетіндегі жақсылық, қайырымдылық атауының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды» деп Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, әйел, аналардың қадір-қасиетін құптау төл парызымыз деп білемін. Дүниеге ұрпақ әкеліп, болашақ еліміздің патриоттарын тәрбиелейтін сіздер, аналар аман болыңыздар. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бала-шағаларыңыз аман болсын», - деді Т.Жеткізгенұлы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 4 мамырдағы №37 Жарлығы бойынша Гүлмира Ақбатырова, Дина Зұлқарнаева, Гүлбану Ізтұрғанова, Бақтыгүл Кәдірбаева, Қарлығаш Қанапиева, Сұлушаш Мәмбетова, Нұрияш Мырзатаева, Гүлшат Нұрбергенова, Мейрамгүл Ордабаева, Замина Смағұловаға күміс алқа табысталды. Марапатқа ие болған аналардың қатарында жасы енді ғана 40-тан асқандары да бар. Солардың бірі Ақтөбе селолық округі әкімдігінде бас маман болып қызмет жасайтын Бақтыгүл Кәдірбаева. «Тұңғышым отбасын құрған, бүгінде бір немерем бар. Екінші балам — студент, Маңғыстау облыстық «Каспий» баскетбол клубының мүшесі. Осы жылы үшіншім 11-сыныпты тәмамдап жатыр. Одан кейінгі екеуі мектеп жасында болса, шаңырағымыздың кенжесі — 2 жарым жаста. Бүгінгі марапаттау шарасы жоғары деңгейде өтті. Қуанышымда шек жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Елімізде аналар мемлекетіміздің демографиялық өсуіне үлес қоса берсін!», - дейді алтын асықтай ұл мен қызғалдақтай қыз тәрбиелеп отырған Б.Кәдірбаева. Кезекті күміс алқа тағынған көп балалы ананың бірі Гүлмира Ақбатырова «Бала – біздің болашағымыз. Қазақта «Әр баланың өз несібесі бар» деген нақыл сөз бар ғой. Балаларымыз аман-есен өсе берсін. Әр жас отбасына көп балалы болуды, Алтын алқа, Күміс алқа алуларына тілектеспін», - деп лебізін білдірді. Қошеметке бөленіп, демографияға үлес қосқан нәзік жандылардың жүзіндегі шынайы күлкі мен қуаныш маған да ерекше әсер қалдырды, құрсағы қуат, алпыс екі тамыры суат болған аналарымыздың қатары көбейе берсін деп тіледім. Бұл аналарымыздың жас келіндерге үлгі болары сөзсіз.Данагүл АЛИЕВА