©
Маңғыстау ауданы әкімі Т.Көшмағанбетов ауылдарды аралаған кезде тұрғындардан түскен ұсыныстың бірі - "шабындықты елді мекеннен 25-30 шақырым қашықтықтан, мүмкіндік болса, Үстірттен шабу туралы" болды. Тірлігі төрт түлікпен тығыз байланысты ауылдағы ағайынның талабын орындау мақсатында Т.Көшмағанбетовтің тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов, аудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев жыл сайын мал азығын дайындап жүрген шаруагерлермен кездесті. Жиында аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Б.Әбуовтың 2019-2020 мал қыстату жылына арналған ірі сояулы мал азығын дайындау жайы тыңдалды. «Былтыр шабындық жайы оңай болған жоқ. 33 бригада мал азығын дайындау науқанына қатысса, оның 11-і Үстірт жерінен шөп шапты. Мал азығын дайындау науқанына 61 трактор, 51 шөп орғыш, 38 шөп тайлағыш, 48 тырма қатысты. Осы еселі еңбектің арқасында 25007 тонна ірі сояулы мал азықтық шөп дайындалды. Аз қамтылған, мүжәлсіз отбасыларына қайырымдылық көмек жасап, мал азықтық шөппен көмектесті. Шабындыққа жер беру кезінде ауыл тұрғындарына бағаны көтермеу, 1 тай шөптің 18-20 килограмнан кем болмауы жөнінде ауыл әкімі мен мал азығын дайындаушы кәсіпкер арасында меморандумға қол қойылды. Бір өкініштісі, шөп шабушылар статистикалық есепте ауданның әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісіне әсер ететінін ақпараттарды беруде салғырттық танытады», - деді. Аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов сала басшысының баяндамасынан кейін пішеншілердің пікіріне кезек берді «Былтыр жауын-шашын аздығынан мал азығын межеге жеткізу қиын болды. Бірақ шөпшілердің тынбай еткен еңбегінің арқасында алып шықтық, биыл да жауын-шашын аз, бірақ былтырғыдан жақсы. Мал азығын дайындаудың да өзіндік қиындықтары болып тұрады. Мәселен, соңғы жылдары көбейіп кеткен заңсыз шөп шабушылар біреудің жерін жалға алып шапса да қадағалау болғаны жақсы. Қазір Үстірттің үсті жап-жасыл, бірақ әлі шөп биіктемеген. Шабындықты шөп бар жерден ұйымдастырған жақсы. Ал егер Үстірттің маңы болса, онда жиналып көріп қайтайық, шөптің шығымы жақсы жер болса, біздер келісеміз. Бірақ шабатын жеріміздің көлемін 1000 га емес, 2000-3000 гектарға дейін үлкейтіп берсеңіздер деген талабымыз бар», - деді Жыңғылды ауылының тұрғыны С.Шаңбасов. Жиынға қатысқан пішеншілердің барлығы да бір ауыздан осындай талаптарын қойды. Ал аудан әкімдігі тарапынан бұл қойылған талап-тілектерді ескеріп, арнайы бригада құрып, Үстіртті бақылап келу ұсынылды.А.РАХМЕТОВА