©
Ортасында шуақ шашқан шұғылалы алтын түстес күн мен қанат жайған қыран құс, шетінде бедерленген ою бейнеленген көк Туымыз, шаңырақ бейнесіндегі Елтаңба, алтын күнді аспан мен алтын дәнді даланы көз алдыңа әкелетін Әнұран осылардың бәрі халқымыз үшін ортақ мекеннің символына айналып, әрқашан да бейбітшілікте, береке мен бірлікте өмір сүруге шақырады. Биыл мемлекетіміздің негізгі нышаны рәміздерге – 27 жыл. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Атаулы мереке Маңғыстау ауданында да тойланды. Осы мерекеге орай орталық алаңда бірқатар аудан активі және де мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен салтанатты шара болды. Еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Мерекелік шараға жиналған көпшілікті Маңғыстау ауданының әкімі Т.Көшмағанбетов арнайы құттықтады. «1992 жылдың 4 маусымы ел тарихына Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері қабылданған елеулі күн болып енді. Бұл ата-бабалардың арманы, еліміздің көптен күткен үміті ақталып, азаттықтың туын желбіреткен қасиетті күн. Елбасы белгілеп берген межелерге жетуде көк тудың астына бір кісідей бірігіп, мемлекеттің даму бағытын қамтамасыз ету – баршамыздың парызымыз. Бұл ортақ мақсаттарға жетуіміздің негізі – елдегі тыныштық, қоғамдық келісім. Мемлекеттік мерекелер мен спорттық жеңістер секілді Отанымыз үшін маңызды сәттерде рәміздер еш ұмыт қалған емес. Олай болса, көк туымыз әрқашан бейбіт аспанда желбіреп, әнұранымыз жүректерге жігер беріп, елтаңбамыз елдігімізді айғақтап, халқымыздың мәртебесі арта берсін!», - деді ол. Салтанатты шара одан әрі аудан өнерпаздарының ән-шашуымен жалғасты.Д.АЛИЕВА