©
(“Жаңа өмір” газетінің ардагер фототілшісі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі марқұм Төлекеш Шәйкөзовтің музей қорындағы қолжазбасы)
Бұл 1997 жылдың жаз айы болатын. Шетпе кентінің орталық көшелеріндегі дүңгіршіктердің бірінде бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) запастағы полковнигі Ілияс Омаровтың «Растрелянная степь» история Адаевского восстания 1931 года по материалам ОГПУ» кітабы сатылып жатты. Алдымда тұрған аласа бойлы, тығыршықтай болған қара шал сол кітаптың біреуін сатып алып, беттерін аударыстырып, шұқшия оқып қарап тұр екен. Менің бойымда ол кісіге құмартушылық пайда болып: - Ақсақал, кітапқа беріле қарап қалыпсыз ғой. Кітаптың аты айтып тұрғандай, Адай көтерілісіне қатысқандардың ішінен таныс адамдардың аты кездесеме екен, - деп қарап тұрсыз ба? - Сен, інім, мені білмейді екенсіз ғой. - Танымай тұрғаным рас. - Онда өзімді таныстыра кетейін. Атым Тасым, фамилиям Еңсегенов деген шалмын. Руым Түрікменадай болады. Енді кітап жайына келсем, мен бұдан жай танысымды емес, әкемнің аты-жөнін кездестіріп, өзін көргендей қуанып қалып тұрмын. - Әкеңіздің аты-жөні кім еді? - Мамай Салғараев. - Белгілі кісінің баласы екенсіз ғой. Адай көтерілісі кезінде орталық, оңтүстік Үстіртте атақты қолбасшы Мырзағали Тынымбаевтың бір жасағын басқарған адам ғой. - Ие. Елдің тәуелсіздігі үшін отаршылдармен шайқасқан көзсіз батырлардың бірі. - Көтеріліс басталғанда мен он бестен он алтыға қарап тұрған кезім екен, - деп еске алады Тасым сол бір шақты. — Ол кезде Ақтөбе облысының Байғанин ауданында тұратынбыз. Көтеріліс басталған шақта әкем өзінің аталас ағайыны Еңсегеннің алдына келіп: - Қазір — ел басына күн туған кезең. Халқымның басы бұғауға, малы талауға түсіп жатқан шақта «Елім үшін жаным құрбан» деп басымды бәйгеге тіккен адаммын. Үкімет қолдағы малды тартып алып, күніне салықтың жаңа түрлерін ойлап тауып, үсті-үстіне қысымды күшейтіп жатыр. Халқымның басына ашаршылық қаупі төніп тұр. Мені маңғыстаулық құрдасым Мырзағали Тынымбаев қарамағандағы бір жасақты басқаруға шақырып жатыр. Жақында Мырзағали Тынымбаевты ақ киізге орап, хан етіп сайладық. - Құнанорыс Тынымбайдың баласын ба? - Иә. - Ол халық сеніміне лайық жігіт. - Отаршылдармен шайқасуға барамын. - Сізге келгендегі басты мақсатым — балам Тасымды өзіңе аманат етіп тапсырғалы келдім. Он бестен он алтыға қарап тұрған кезі. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Қан майданда шайқасып жүріп, олай-бұлай болып кетсем, оны өзіңнің балаң деп есепте, - деді Мамай. Еңсеген тебіреніп кетіп: - Маған туысым деп сенгеніңе шексіз ризамын. Сен ел үшін басыңды бәйгеге тігіп барасың. Аманатыңды абыроймен орындаймын. Кең Алла жолыңды ашық етсін. Бәледен қашық етсін. Ақ батамды қабыл ал, Қыдыр ата қолдасын, - деп бір туған ағайындай болған азаматты жолға салды. Мамай туысы Еңсегенмен қоштасып, қызылдармен шайқас жүріп жатқан майданға жүріп кетті. Сол кеткеннен қызылдармен жан берісіп, жан алысқан талай шайқастарға қатысты. Талай рет ажалмен бетпе-бет келген тұстарымен де кездесті. Бақайшағына дейін қаруланған қызылдар қойсын ба? Көтерлісшілер жеңілуге мәжбүр болды. Көтеріліс басшылары қолға түсті. Олардың ішінде Мамай Салғарев та бар еді. Үштіктің үкімі бойынша Мамай Салғаревтың дүние-мүлкі тәркіленіп, он жылға концентрациялық лагерьге айдалды. Сол кеткеннен хабарсыз кетті. Мен «Халық жауының» баласы атанып, шолақ белсенділердің көзіне түрткі болдым. Соның салдарынан мекен-жайымды да өзгертуге тура келді. Байғаниннен Атырау қаласына келіп, қолөнер училищесіне түсіп, ағаш шебері деген мамандықпен Маңғыстауға жолдама алдым. Ұзақ жылдар бойы «Казсельхозтехниканың» аудандық бірлестігінде ағаш шебері болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. Осы мекемеде жүріп әйел алып, балалы-шағалы болдым. Тұрсын, Жұмабай, Амангелді, Аманғали, Маңдайлы деген ұл-қыздарым бар. Олар шаруашлылықтың әр алуан саласында еңбек етіп келеді. Осы жасқа келгенше әкемнің фамилиясына жазыла алмадым. Сол кездегі үкіметтің «Халық жауының баласы» деген атағынан қуғын-сүргін көріп, соңыма түсуіне байланысты руы бір, аталас ағайынның фамилиясын иеленуіме тура келді. - Ақтөбе облысындағы мұрағатта Мамай Салғараевтардың отбасы жөніндегі құжаттар сақтаулы шығар. Содан фамилияңызды анықтайтын құжат әкеліп, тиісті орындар арқылы фамилияңызды өзгертуге болады ғой. - Жас болса сексенге келді. Енді оны өзгертудің реті келе қоймас, - деп маған мұңая қарады. Көзінде мөлдір тамшы домалай тұрып қалыпты. Енді бір қарасам, ол менен қашықтап кетіпті. Қолында әкесінің есімі жазылған кітап. Ардақтай қысып ұстап барады. Артынша көп ұзамай, сол бір қиын кезеңде халқына қорған болған батыр Мамай Салғараевтың ұлы асылдың сынығындай болған Тасым ақсақал да дүниеден озды. Ай уақыт-ай десейші…Гүлнар ҚУАНЫШБЕКОВА, мұражай маманы