©
«Адамның басы – Алланың добы». Жаратқан ием пешенеге не жазса, пенде байғұс соған көне береді. Көнгендіктен жүре береді. Көнбеске шарасы да жоқ. Халқымыздың басына ғасырлар бойы қаншама ауыртпалықтар түсті. Қаншама қиын кезеңдерді бастан кешті. Өткен ғасырдың сонау 27-32 жылдарындағы ашаршылық, «Ақ табан шұбырынды, алқакөл сұлама» көп мыңдаған шаңырақты ортасына түсіріп, отын өшірді. Әке баладан, ана қыздан, үрім-бұтақ бір-бірінен көз жазып қалды. Аштықтан қырылғаны қырылып, тірі қалғаны ұрпағын аман сақтап қалу үшін «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей туған жер топырағын тастап, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» лек-лек, ауыл-ауыл болып, «Елім-ай»ды айтып еңіреп, «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деп, тарта берді, тарта берді. Аңыраған ауыл адамдары аштықтың зардабынан аяулы Ақтөбеден алыстауға мәжбүр болды. Бұлар Байғанин ауданында, Жем мен Сағыздың бойында туылғанымен ол жерлерге баяндай алмады. Бұл жақтың Әлім, Табыны мен жоғарғы Адайлардың көпшілігі, яғни негізгі дені баяғы «Жібек жолының» ескі сүрлеуімен «Бесқала» өңіріне ауған. Өйткені бұл жақтың қазақтарының Ақтөбе ежелден жаз жайлауы болса, «Бесқала» қыс қыстауы болған. Сондықтан Ақтөбе облысының көптеген тұрғындарының «Бесқалаға» бүйрегі бұрып тұратыны содан. Ал сол тұрғындардың арасынан Иранға барып, «Иран бақта» рахат ғұмыр кешуді көксегендер де жоқ емес. Солардың ішінде менің кәрі әкем Сәндібайдың да отбасы мүшелері мен бірқатар тума-тумаластары бар. Оның баласы, яғни менің әкем Бекжан сол кезде 18 жастағы кәмелетке толған жігіт көрінеді. «Тума-туысқандар жан-жаққа тарыдай шашылдық. Кімі туған жерде қалды, қайсыбірі «Бесқалаға», Түрікменстанға ауғаны белгісіз. Біреумен-біреудің ісі жоқ. Ісі болса да қолтығынан демеп бірге алып жүруге күші жоқ. Әркімнің көкейіндегі бар арманы – көштен қалмау. Бәрінен де ауыры, бір-бірімен туысқан жандардың бір-бірінен тірідей ажырасуы екен. Әйел, бала-шаға ызы-шу, қым-қуыт. Ал ерлер жағы іштей тынып, кейде қабырғасы қақырай күңіренгенде сай-сүйегі сырқырап, көпшілік қосылғанда қайран қара жер теңселе қозғалып тұрғандай сезілетін еді», деп әкем байғұс үнемі айтып отыратын. «Ей-й, несін айтасың, бұл жалғанда қанаты бүтін сұңқар, тұяғы бүтін тұлпар қалды ма екен?», деп уһілегенде қарс айырылған көкірегінен көк жалын атқылағандай болатын. Сол әкелеріміздің алған бағыттары сәтсіз болып, Иранға өте алмапты. Бір-екі күндікте ғана шекара жабылыпты. Өйткені көпшілігі өтіп кеткен. Бірін-бірі күтіп, қазақы жайбасарлықпен, жайбарақаттықпен жүргенде бұлар үлгере алмай шекараның бергі бетінде қалып қойған. Ауылдан шықпай жатып бір-бірімен ажыраса бастағандар (жолда көпке ілесе алмай аштықтан қырылғандарды есепке алмағанда) екі елдің шекарасында тағы бөлшектенді. Бір тобы әрі өтіп кетті, екінші тобы бергі бетте қалып қойды. Қалып қойған топ, қашан КСРО-ның керегесі қақырап, шаңырағы шайқалып, Тәуелсіздік орнағанша Түрікменстанның Ашхабат, Мары, Красноводск, Небиттау, Кушка аймақтарына қоныс басты. Ал біздің үй Красноводскіні мекендеді. Бұл 1928 жыл болатын. Кейінерек мен дүниеге келіппін. Аласапыран кездің ескерткіші болсын деді ме екен, әлде түрікмен топырағында отырғанымыздың айғағы болсын деді ме екен, кім білсін, әйтеуір менің есімімді Түрікменбай деп қойыпты. Әке әңгімесінің әсерінен бе, әлде бойдағы қанның қасиетінен бе, анық білмеймін, Қазақстан жаққа бүйрегім бұрып, туған жер топырағына табаным тартады да тұрады. Ұмытпасам 1982 жылы болуы керек. Іссапармен келіп Гурьев (қазіргі Атырау.-Т.С.) облысының Мақат кентінде бір айға жуық жұмыс жасадым. Сол сапарымда Мақат аудандық ауруханасының дәрігері, өзіммен аттас Түрікменбай Нұржігітұлы деген азаматпен таныстым. «Қазақ сұраса келе қарын бөле шығады», дегендей әлгі дәрігер Түрікменбай екеуміз төрт ата жер туысқан болып шықтық. Ауылға барғасын әлгі жігіт туралы әкеме әңгімелеп бердім. Жасы жетпістің үшеуіне келген әкем көп ойланып-толғанды. Әрине, жарты ғасыр бұрынғы көріністерді көз алдына келтіре алмай қиналып жүргенін ішім сезеді. Енді не істеу керек? Мен де ойлана бастадым. Әкем де баяғыда ажырасып кеткен туысқандарының ең болмаса қалған тұяқтарымен көзі тірісінде кездесіп, танысып қалуды армандап жүрген секілді. Бірақ оны апарып-әкелетін менің жұмысбастылығымды да көріп отыр. Осылай екіұдай күйде ойланып жүргенде арадан көзді-ашып жұмғанша үш жыл өте шықты. Әкемнің күннен күнге қартая түспесе, жасармайтыны белгілі. Ақыры тәуекелге бел байлауға мәжбүр болдым. Сөйтіп Ақтөбе облысының Байғанин ауданына сапар шегудің сәті 1985 жылдың маусым айында түсті. Ол кезде Ақтөбеге тікелей көлік жоқ болатын. Небиттаудан Жаңаөзен қаласына ұшақпен ұштық. Жаңаөзеннен Атырау пойызына отырдық. Ол пойыздан да түсіп, Ақтөбе бағытындағы пойызға тағы міндік. Әйтеуір «Жол азабы, көр азабы», дегендей бірден-бірге ілесіп, шаршасақ та, шалдықсақ та Байғанин ауданының «Жарлы» стансасына жеттік. Міне, қызық. Түрікменбайдың әкесі Нұржігіттің де көзі тірі екен. Бір-біріне аңырып, қарап тұрған қос қарияның құшағы әлден уақытта бір-біріне айқара ашылып, қауыша кетті. Бірін-бірі қайта-қайта бауырына басып, үнсіз егіліп тұр. Беттегі шимайланған әжімдерді қуалап көздің жасы көлдей ағуда. Иықтары селкілдеп, үнсіз егіліп, құшақтары айқасқан қос қарияның кейде еңкілдегенін естігенде жаныңды қоярға жер таппайсың. Қанша тасжүрек, тасбауыр, безбүйрек жан болса да мына көріністі көріп тұрып көздің жасына ие болу мүмкін емес. Елжіреген жүрек, босаған көңіл бойдағы қуатқа, жүректегі жігерге ерік беретін емес. Нұржігіт атаның үйіне құлақ естір жердегі, яғни ойдағы-қырдағы ағайын, жекжат, туыс, бауырлар лезде жиналып қалды. Әкеммен бірен-саран көзкөргендердің бәрі құшақтасып көрісіп, көздерін шылап, амандасып жатыр. Сөйтіп алғашқы көрінісіп амандасудың өзі сүт пісірім уақытқа созылды. Төрге төселген төсекке жайғасқасын да қарттар бірден жазылысып әңгімелесіп кете алмады. Жолсоқты болып келгендіктен бе, әлде арада өткен 57 жылдағы тағдырдың тәлкегі, өмірдің бедері көз алдарына көлбеңдеп тұрып алды ма, әйтеуір ашылыспады. «Ана шалдан ұрпақ қалды ма?», «Мына шалдың үрім-бұтақтары қайда?» деген секілді қысқа сұрақ-жауаптар мен бірін-бірі түгендеуден әрі аспады. Алғашқы күн түгел осылай өтті. «Ештен кеш жақсы», дегендей қарттарымыз көздері тірі кезде осылай табысқанына, осылай қауышқанына шүкірлік ететін сияқты. Әрине, «Көппен көрген ұлы той» ғой. Бір-бірінен жарты ғасырдан астам хабар-ошарсыз жырақ жүргендері үшін кімді кінәлап, кімге ренжиді? Біреуге ренжіп, біреуді жазғырғанда өткен өмір қалпына келе ме? Сондықтан екі елі маңдайыңа жазылған тағдырыңа өкпелейсің, өзің өмір сүрген заманның тарлығын, қаталдығын, қатыгездігін кінәлайсың. Басқа амал бар ма? «Жазмыштан озмыш жоқ». Біз осынау алғашқы сапарымызда ағайынның арасында аунап-қунап жиырма күндей жаттық. Бірте-бірте қарттар да ашыласа бастады. Әңгіме тиегі таудан аққан кәусар бұлақтай ағытылды. Ішкі жандүниелері сыр болып төгілсе, тағдырдан тартқан теперіштері, өмірде көрген азаптары мұңлы жыр болып сөгілді. Қарттардың қасынан бір елі қалмай әңгіме тыңдаған жиырма күнім жиырма жыл емес, бүтіндей бір ғасырға есейтіп жібергендей болды. Себебі, өз әкелерімнің аузынан өз құлағыммен естіген ашық та, жанды әңгімелер XX ғасырдың бет бейнесі мен бедерін айқындап бергендей. Тіпті өзімнің туған әкемнің әңгімешілдігін бүгін көргендей кейіпте отырмын. Сол әңгімелер есіме түссе әлге дейін өз өмірімнің, өз тағдырымның Тәуелсіздікке тап келгеніне шүкір етемін. Қазақтың маңдайына маңдайы кереқарыс Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбасшының бұйырғанына риза боламын. Сол кісінің ықпалымен Отаныма оралып, (Мен 1989 жылы Красноводскіден Жаңаөзен қаласына қоныс аудардым:-Т.С), бала-шағамның, қазіргі тума-тумаластарымның бақыттың бесігіне бөленіп, Қазақстанның нұрлы келешегін көркейтуге үлестерін қосып жатқандарына қуанамын. Ұл-қыздарымның Отан сүйгіш, елжанды, ұлтжанды болып тәрбиеленіп жатқандарын көріп ғажайып сезімдерге бөленемін. Себебі, мен де, бала-шағам да, тума-туыс, ағайын-жекжаттарым да Тәуелсіз Қазақстанның, яғни өз елімнің, сүйікті Отанымыздың арманы асқақ, мақсаты айқын, беделі биік, мерейі үстем, еркін ойлы, ерікті азаматтарымыз. Әйтпесе, әкелеріміздің, әкелеріміздің әкелерінің көрген күні біздің де басымызға туа қалғанда, яғни кеңестік тоталитарлық жүйенің, оның озбыр саясатының 70 жылда тоқырап, тоқтамай ғасырдан астам өмір сүргенде біздің тағдырымыздың қандай болары белгісіз еді. Құдай сақтағай, бетін әрі қылсын! Оқырман назарын және жиырма күн бойы айтылған әкелер әңгімесінен алған әсерлеріммен, көңілге түйген түйткілдеріммен, түйіндеріме аударайын. Менің әкем Бекжан Сәндібайұлы мен Нұржігіт көкем түйдей құрдас екен. Әрі ауыл молдасының алдына екеуі қатар барып, бірге дәріс алыпты. Әйтсе де, сол азғана алған білімі Нұржігіт көкеме бәле болып жабысыпты. Сол көргендерін беріге келгенше тірі пендеге айта алмай, іштен тынып, ішқұса болып келіпті. Айтқанымен бәрібір зияннан басқа түк пайдасы жоқ екенін сұңғыла жүрек ертеден-ақ сезген секілді. Тек Тәуелсіздік таңы атқасын кей-кейде бүгінгі ұрпақтарына естелік, ертегі ретінде айтып көрген. Олардың да көпшілігі жүре тыңдайтын болғасын бұл тақырыпта сөз қозғауды қойыпты. Мұның бұл сөзі әр жылғы 31 мамыр қарсаңында журналистерден басқаға қажет емес тәрізді. Ал тағы бір төрт ата жер туысқанымыз Есқуат пен оның әкесі Төкештің тағдырдан тартқан тауқыметі өзгелердікінен ауырлау болыпты. Енді сол ұрпақтың өмірдегі көрген қиындықтары мен жастарға үлгі боларлық тұстарын тарқатыңқырап әңгімелеп көрелік.Сағын Атағозыұлы, Түрікменбай Бекжанұлы СӘНДІБАЕВТАР