10 мамыр күні халық арасында "Солдат жағалауы" аталып кеткен аумақ маңында Каспий теңізіне лас су төгілгені туралы видео таралып кетті. Маңғыстау облыстық экология департаменті бейнежазбада айтылған жерге арнайы барып, судың сынамасын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Әлеуметтік желі қолданушысы Каспий теңізіне төгілген лас суды видеоға түсірген. Оның айтуынша, видео қаланың 1 шағынауданы тұсындағы жағалауда түсірілген. «Мынау - 1 шағынаудандағы су арнасы. Кіші бассейн деп балаларыңызды суға түсіретін орын. Енді, міне, қандай су ағып жатқанын қараңыз. Неше түрлі қоқыс толы. Бұл деген масқара ғой. Бұдан кейін балаларды теңізге қалай түсіреміз?!», - деген желі қолданушысының дауысы видеода естіледі. Желіге жарияланған Маңғыстау облыстық экология департаментінің бастығы Руслан Төкенов те көрген. Оның айтуынша, сарапшылар су үлгілерін алған. Зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесі таяуда белгілі болады. Ал «МАЭК – Казатомпром» ЖШС директорының кеңесшісі Қолғанат Нұржаубайұлы болған оқиғаға байланысты былай деді. Ол 11 мамыр күні кəсіпорыннан шығатын су төгілетін орынға барып, видеоға түсіріпті. «Кəсіпорынның #1 Жылу электр орталығынан шыққан су жіберілетін каналға келіп тұрмын, ағып жатқан су таза. Жағада суға түсіп жүрген балалар кеше де судың таза болғанын айтады. Адамдар сол жерден балық ұстап жатыр. Жалпы бұл каналмен жылу электр орталығының жабдықтарын салқындатуға пайдаланылады. Теңіз суы құбыр бойымен жүріп, қайта кері құйылады. Лас түсу мүмкіндігі жоқ. Кешегі интернет желісіндегі видео бойынша экологтар судың сынамасын алды, соның қорытындысынан кейін тексеретін боламыз», - дейді ол. https://www.youtube.com/watch?v=hxBPmOYiN8k
Енді Каспийге лас судың қашан, қалай төгілгенін жəне оның зардабы қандай екенін экологтар анықтайды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Видео Қ.Нұржаубайдың фейсбугінен алынды