©
Адамзат тарихындағы алапат апаттың енді қайталанбауы үшін, ана мен баланың азап шекпеуі үшін, бейбіт өмірдің қадірін білуі үшін кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің жорық жолдары, елге оралып еңбекке араласуы басқа да өмірдеректерін жинау арқылы жас ұрпаққа насихаттау – аға ұрпақтың борышы. Біздің тарихымыз – өшпес ерліктің жылнамасы, жеңімпаздықтың шежіресі. Ұлы Отан соғысында Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан әрбір жауынгер мен тылдағылардың ерлік жолдары – дара-дара кітап. Олардың үлгі-өнегелері кейінгі ұрпаққа өшпестей із қалдырды. Мұның артында біздің ұлттық арымыз бен намысымыз, имандылық иірімдері жатыр. Қан майданнан аман-есен оралып, майдандағы жорық жолдарын, халық шаруашылығының сан – саласының еңбек жолдарына ұластырып, үбірлі-шүбірлі болып ұрпақ жайған ағаларымыздың бейнелерінен ерліктің ізін көріп өскен ұрпақпыз. Туған жердің топырағы бұйырмай, жүректерін отқа төсеп мерт болған боздақтар қаншама? Майданнан келіп қазақтың кең-байтақ жеріне оралғанмен, өзінің туыстарына, кіндік қаны тамған Маңғыстауына қауыша алмаған бір жауынгердің тағдыры туралы сөз етпекпіз. Алпысбай Қосдәулетов 1924 ж. Маңғыстаудың Форт-Шевченко қаласына таяу Аташ поселкесінде балықшының отбасында дүниеге келген. Туысы Адайдың Жары, Сармолда Тастемір бөлімінен. Жастайынан әке мен анадан ерте айырылып, орталау мектепті бітіргеннен кейін отбасы жағдайына байланысты поселкедегі балық комби- натына жұмысшы болып қабылданады. Көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталып, 1942 жылдың 7 қаңтарында Шевченко аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылып, 1941 жылдың тамыз айында Мәскеу қаласында жасақталған ҚСРО Халық Комиссарлар Ішкі Істер бөлімінің 11-атқыштар дивизиясының 150- ші запастағы атқыштар полкі құрамына қатардағы атқыш болып қабылданады. Полктің негізгі қызметі – аса күрделі маңызды әскери нысандарды күзету. 01.1942 – 07.1945 ж.ж. осы полк құрамында Краснодардан бастап, Дондағы Ростов, Украинаның Харьков қаласы арқылы Молдавияның Кишинев қаласын фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысады. Еуропаның Румыния, Чехословакия, Австрияның Вена қаласына дейін өзінің атқыштар полкі құрамында сержант әскери шенімен рота командирі ретінде барлық соғыс қимылдарына қатысқан. 320-шы Қызыл тулы Суворов орденді Енакиев дивизиясының 476-дивизиясының 145-ші гвардиялық атқыштар полкіне бөлім командирі болып ауысып, Венгрияның Будапешт қаласын жаудан азат ету ұрыстарына қатысады. Осы кескілескен ұрыста сержант А.Қосдәулетов 13.04.1945 ж. басынан ауыр жараланып, әскери госпитальде емделгеннен кейін әскери қызметін жалғастырады. Дивизияның 6.08.1945 ж. №035/н бұйрығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» (10.06.1945) медалімен марапатталған. Осы жылы полктің ерлігі үшін «145-ші гвардиялық Будапешт полкі» деген атақ беріледі. Майдангердің жорық жолдары бойынша әскери қызметтен 1947 ж. шілдеде рұқсат берілсе де өзінің келісімі ойынша әскери бөлімде қызметте қалдырылып, 30 мамыр 952 ж. біржола әскери қызметтен босатылып, 30.05.1952 ж. Жамбыл облысының Шу аудандық әскери комиссариатына келіп әскери есепке тіркелген. Осы кезден бастап Мойынқұм ауданына қарасты «Құмөзек» колхозында автокөлік жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Соғыс кезінде басынан алған ауыр жарақаттың әсерінен автокөлік жүргізу қиын болғандықтан, сиыр малын бағуға тілек білдіріп, осында үйленген Аманқыз атты жолдасымен колхоздың бір сиыр табынын қабылдап алады. Жергілікті жердің шаруаға бейім Аманқыз екеуінің жұмысы өрге басып, мемлекеттік тапсырмаларды өз дәрежесінде орындап, колхоз басшылығы тарапынан сан мәрте бағалы сыйлықтарға ие болады. Майдангер А.Қосдәулетов Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесін өзінің кіндік қаны тамған жерінде емес, туған елінде тойлап, 1976 ж. кездейсоқ аттан құлап қайтыс болады. «Қырық күн қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, өзінің туған Маңғыстау жерінің топырағы бұйырмай, Құмөзек қорымына қойылады. Марқұмнан ұрпақ болмаған. Өзімен бірге туған апалары Қаншайым мен Ақтайдың, әкесімен туыс немере інісі Рамазан Нұртілеуовтер бірнеше жыл іздеу салғанмен тұрғылықты жерлерінен мәлімет болмағандықтан тағдыр оларды табыстырмады. Бұл азамат та дүние салды. Жауынгердің денсаулығында соғыс кезінде бастан алған жарақаттың зардабы ма, жастайынан әкесі Қосдәулеттен, анасы Сәлимадан айырылған жетімдіктің салқыны ма, әлде туыстарына деген өкпе-назы болды ма, өзі туған жеріне оралуға құштары болмағанға ұқсайды. Маңғыстаулық майдангердің жорық жолын, майданнан кейінгі тағдырын іздестіруде Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық әскери комиссариатының басшысы подполковник А.Ахметовтің тікелей басшылығымен майдангерді іздестірген. Аудандық әскери комиссариат қызметкері Ғапал Әзімханұлының ерін-бей, азаматтық айрықша еңбегінің арқасында Алпысбай Қосдәулетов туралы біраз мәліметтер анықталды. Бұл азамат майдангердің еңбек еткен ортасына барып, жұмыстас болған қарттармен сөйлесіп, еңбек жолы, отбасы туралы, қалай, қашан бұл өңірге келгендігі, қайтыс болғандығы туралы, көнекөз қарттар арқылы сұрау салып, ауыл маңындағы зираттағы жерленген орнына дейін барып деректер жинаған. Мәліметтерді Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивке жолдаған. Ол қандай еңбек?! «Жаныңда жүр жақсы адам» – деген осы! Сәті түсіп, осы жолдардың авторы Ұлы Жеңістің мерейлі 75 жылдығы қарсаңында құрастырып жатқан «Тағзым-5» ескерткіш кітапқа А.Қосдәулетов есімі енгізілді. Сонымен тағдыры белгісіз болып келген бір жауынгер туған жерге оралды. Міне ағайын, осындай жігерлі, жүрегінде нағыз патриоттық сезім ұялаған азаматтарымыздың адал ісіне, кешегі майдангерлердің ерлік үлгілеріне бас иіп, іздеу салғанына тек ризашылығымызды білдіреміз. Қаншама із-түссіз кеткен майдангерлер туралы деректерді іздеген бауырларымыз баршылық. Туған ауылына беймәлім болып келген батыр жауынгер туралы мәлімет тапқан мойынқұмдық азаматтарға шексіз алғысымызды жолдаймыз. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батыр ағалардың ерлік өнегелері мәңгілік. «Ешкім де ешқашан ұмытылмайды!»Қойлыбай ҚАРАЖАНҰЛЫ, ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, архив қызметінің ардагері