Мен Ұлықұм, Бозашы түбегінің тұрғынымын. Сондықтан естігендерім де, көргендерім де осы аймақта болған, өткен оқиғалар туралы болады. Ақшымырау, Қызан сияқты түбектің шығыс бетіндегі егін егілген жерлерде сол аймақтың байырғы тұрғындарының көрген-білгендерін дұрыс жүйелеп айтып жеткізе білетін Байтұр, Қалмұқан, Шалқыбай сияқты елге аға болған, елдің күйлі нашар кезінде де куәсі болған үлкендер айтып беретін. Сонау Ақшымырау, Қызан, Серкебай, Үлек, Қара, Тұрымнан бастап Егізлақ, Жанұзақ, мына Қоңырорпаға дейінгі бұйрат жондар мен тегістік көлдеулер талайлардың Жаратқаннан медет пен нәсіп тілеп егін салған жерлері екен. Құдай берген жылдары шыққан мол егінді орып, бастырып алу шаруалардың күнелтісіне қыруар нәсіп болған. Көбінесе бұл жерлерге ақ бидай, қызыл бидай және қырық күнде пісетін қызыл тары егіліпті. Егінді суаратын өзен, көлі жоқ. Қыста қалың жауған қар суы мен көктемде, жаз басында жауған жаңбыр суы мол сіңген жерлерге салынған. Әрине, ол кезде осы заманғы трактор, жер жыртып, тұқымды себетін, оны малалайтын, піскен кезде орып алатын техника, сірә, жоқ. Ол жұмыстардың бәрі де сол заманның ұсталары соққан қарапайым соқа, шоқай ағаш, қол орағы сияқты құралдармен, ауыр да болса бұрыннан келе жатқан қол еңбегімен атқарылған. Бұл егіндіктерді малдың таптауынан, шегірткеден, кемірушілерден басқа да зиянды жәндіктерден қорғау үлкен жұмыс болған. ... Естеліктердің бірі былай дейді: 1918 жылы Кеще Өтеғұл деген елге белгілі кісіге ас беріледі. Сонда Жанұзақта асқа тігілген үйлерге жан-жақтан қонақтар келіп түсіп жатады. Ауылдың батыс бетіндегі үйлерге Назар, Базар, Тоқтамыс, Бектеміс ауылдарынан келген кісілер жайғасады. Ауылдың ортасында ас беріп жатқан Кеще, Мете, Дәулеталы, Жетімек ауылдарының адамдары да басқа алыс жақыннан келген қонақтар ауылдың шығыс бетіне тігілген үйлерге орналастырылады. Түнімен асқа келген қонақтар бай ауылдың қонақасысымен қатар ән, жыр айту, күй тарту сияқты өнерлерді тамашалайды. Әдетте аста күресетін палуандар мен аламан бәйгеге қосылатын жүйріктер, олардың атбегілері бір төбе. Түнде қаракүрес дегендері болып, жасырын бірін-бірі байқасқан күш иелері де болды. Таңертеңгі уақыт. Күн жаңа шығып келеді. Ауылдың артқы жағынан жаман айқай шығады. Бір атты адам батыстағы төбеге қарай шауып барады, артынан үш атты оны қуып барады. Алдыңғы атты: «қырды, қырды» деп батыс беттегі аттарын енді ерттеп тұрған көпке барып кіріп кетті. Қашып келген Тұщықұдық–Шебірдің Ортабай деген кісісі екен. Ал оны қуып келгендер ауыл сыртындағы жазықта егіліп, енді пісуін күтіп отырған бидай, қызыл тары егісінің иелері мен оның күзетшілері екен. Олар түнде ел жатқанда егістік алқабында мал, қауіпті ештеңе болмағасын үйлеріне кетіп, енді егінді қарауылдауға келген беттері екен. Келсе бір атты адам егіннің ортасында бекітулі атын енді ерттеп кеткелі жатыр екен. Егінді аты жегенін жеген, біраз жерін жығып, қызыл тарының біраз жерін таптап бүлдіріп тастапты. Оған қарауыл жігіттер: – Мынау не қылғаның? Бұл біздің бала-шағамыздың несібесі емес пе? – десе, Ортекең дойырмен алдымен келген жігітті басынан тартып келіп жіберген. Ол жігіттің бетін қан жуып кеткен. Ортекең бәрін өзі бүлдіріп алып, тоқал Жары балаларына «қырды, қырды» деп айқайлап, астағы ағайын жарыларды қырылысуға айдаған. Олардың ішінде үлкейіп қалған Мәтжан би де бар екен. Ол айқайлап: – Уа, ара ағайындар! Уа, азаматтар! Араға түсіңдер! Екі елді соғысудан сақтаңдар, – депті. Тоқал Жары балаларының алдына Исаның екі баласы Нұрберген мен Кемелхан шығып, елді тоқтатыпты. Ал бәйбіше Жары балаларын Жетімек ауылының елге белгілі азаматы Жұмағазы тоқтатыпты. Сол жерде екі жақтың азаматтары Ортабайдың астындағы аты мен асқа киіп келген үстіндегі жаңа шапанын оның ат айыбына егін иелеріне берген. Оған қоса Тастемір Жары ауылынан бүлінген егін үшін бірталай мал жинап берген. 1923 жылы Қазан деген жерде Кеще руының ақсақалы Есеншеге ас берілетін болған. Оған біраз уақыт бұрын сауын айтылып тағы да Маңғыстаудың ой-қырынан, алысжақыннан қонақтар келетін болған. Асқа жүрерде Мәтекең (Мәтжан би) Ортабайды және қарулы екі жігітті шақырып алып, оларға: – Мына Ортабайды асқа жібермейсіңдер. Ана Майландардың ауылына үш күн бағасыңдар. Мен Ортабайға ана жолғы аты мен шапанын әкеліп беремін, – деулі. Ас бітіп, ел жан-жаққа тараған. Мәтекеңдер де әнеугі Ортабайды баққан ауылға келген. Ортекең салған жерден: – Мәке! Әнеугі алып келіп беремін деген атшапаным қайда? – деп шаужайдан ала кеткен. Сонда Мәтекең: – Ортабай астыңдағы атың мен үстіңдегі мына шапаныңды асқа барғанда тағы беретін едің. Міне, атың да, шапаның да өзіңде. Осы менің саған әкеліп бергендерім, – деген екен. Ортекең де бұған түсініп жөніне кетіпті. Мұны жазып отырғаным, талай-талай заманалар көшінен өткен еліміз Маңғыстау ойына, оның егіншілікке жарамды жерлеріне егін салып, одан өнім алған. Жоғарыдағы жағдайлар – сонда болған дәйектемелердің бірі. 1909-1910 жылдың қысында Маңғыстауда өте күшті табиғи апат жел, дауыл, аяз болып, төрт түлік мал ұлы жұтқа ұшырап қырылған. Көп жерде сауын малы, аяқ артар күш көлік те қалмаған. Ол туралы Сәттіғұл ақын: ...1910 жылдың қысында Күншығыстан бір боран Сегіз күн соқты ақырып, Қара жерден малды айдап Теңізге тықты батырып. Аспанда ай, күн тұлданып Жұлдыздар ақты атылып, Алланың нұры тамбады, Топырақ жауды сапырып. Ғаламат болып қыр мен су Бүліне жазды қапылып, – дейді. Сонан соң ел жазғытұры егін шығатын жерге бидай, арпа, қызыл тары еккенін айтады. Менің әкем сол жазғытұры біраз ағайындар Ауызбастыға, Иірдің ойына күркелеп барып егін салды. Әсіресе жұтта мінгі көк атына дейін өліп қалып, соқаның қамытын өзіне лайықтап алып Шорбас ағасы жерді өзі жыртып, соқаның құлағын он алтыдағы баласы Ноғай ұстап жүр екен. Бірақ адамның бәрі Шорбастай алып емес қой. Көбі жер беті жарыла бастағанда жерге дән шашып, оның үстіне жабу сүйреткен. Шашқан дәндер жарықтарға түсіп көктеп, өнім берген. Ол жұтаған елге несібе болған. Тіпті бай болып кәнпескеге әдейі тартылған. Есібай, Досыбай деген кедейлер егіншілікті кәсіп етіпті. ...Құдамыз біздің Есібай, Егін салып жер жыртқан – Ежелден оның кәсібі-ай – деген өлең де бар. ... Біздер туып-өскен Тұщықұдық аймағында да егіншілер мен егіндік жерлер болған. Тұщықұдықтың оңтүстік-батысында «Сарқұлдың жалы» деген қоңыр тегістік бар. Оның ені 6 шақырым, ұзындығы 8 шақырымдай. Сол жерге ертеден кешегі өткен алапат Ұлы Отан соғысына дейін әуелі жеке адамдар, кейін артель, колхоз егін салған. Соңы 1938–1940 жылдары бидай мен қызыл тарыдан жоғары өнім алған. Ол туралы сол кезде егіннің звеновойы болған Дәулет Сағындықов, сонда келген аудан өкілі Құлшық Жұбаев, егін күзетшісі болған Маңғыбай Өмірзақов айтатын. Бұл жерлерге кей жылдары ерте пісетін қырық күндік қызыл тары егіліп, одан да бітік шыққан жылдары мол өнім алынған. Соның бірі 1942 жылы қар қалың жауғанда Қиянның жалы, Жартының жалы бұрыннан егін егіп, одан талай жақсы өнім алынған жер және біздің колхозға жақын болған соң сол жерге жасы үлкен адамдар мен соғысқа жасы жетпеген жас жігіттерді, қыздарды ұйымдастырып колхоз бастығы Күлмехан Ниязбаев ағай, ферма басшылары, менің әкем Көшек және Отаралы ағалар болып, сабандарды атаннарларға жегіп өңкей қызыл тары 18 га жерге себілген екен. Егін өте бітік шыққан. Оны орып, жинап тасу өзі шағын колхоз, оның әрбір ер адамын мезгіл-мезгіл соғысқа алып жатырған шақта оңайға түспеген. Колхозда сол кезде 43 үй болса, жалпы саны 10000-ға жететін қой, ешкі, сиыр, түйе, жылқы бар. Олар төлдеп, жайлауға көшуі керек. Өте қиын кез. Ең азы тарыны тасып алатын атан-нар болғанмен ыдыс жоқ. Ауылға алып келген дәнді сақтайтын дұрыс қамба тағы жоқ. Колхозшылардың да, бастықтардың да бастары әбден қатқан. Оның үстіне сол жылы егін салмай қалған «Бірлік күш», «Елтай» колхоздарының адамдарын жауып, ауданның партия совет орындары егіннен түскен өнімді үшке бөліп берген. Колхоз жарлы әрі алдыңғы жылы ғана орталық Ақорпа жерінде су болмай қалып Қияқтыға көшкен екен. Ауданнан, Форттан байланысқа шығып көмек сұрайтын колхоз бастығы Күлмехан ағай соғысқа кеткен. Сол себепті қойма әлі салынбаған. Дән салу үшін әр үйден сұрап, тіпті бүтін болса алашаларын сұрап алып тігіп ыдысқа пайдаланған. Бұл жағдайларды сол кездегі балаң жігіттер, қиындықты қара нардай көтерген Әкім Бекмағамбетов, Әбдір Қонаев, Қайырбай Дыбысов, Болатбай Ноғаев, Тілеш Тайлақов, Амалбай Тасқараев сынды азаматтар айтатын. Қазір солардан көзі тірі Әбдір ғана бар. Басқалары дүниеден өткен. Өне бойы елдің егін салатын Сарықұл сайы деген Алаторпа жерінен төрт шақырым жерде, шығысында Қоңырдаңға қараған беткей бар. Ақтауға жауын жауса, не қыста қалың қар жауса, соның суына қанған жерді сабанмен жыртып көп колхоздар егін салды. Мұнда, әсіресе Правда атындағы колхоз төрағасы Мұқаш Қадыров 32 га жерге 1952–1954 жылдары егін салып, одан мол өнім алады. Егіндік жерді жырту, оған тұқым себу, малалау, қорғау, ору, қырманға жинап, оны бастыру сияқты жұмыстарды Мәт жан немересі Нұраған және Сабырбайлар ұйымдастырды. Біздің Ақорпа және көрші Ворошилов атындағы т.б. колхоздар да сол жерге егін салды. Біздің колхоздың егіншілерінің бастығы – егін жөнінде үлкен білікті шебер Ораз Олжабаев ағай болды. Ол кісі егіннің себілуі, оның күтімі, пісуі, оны қашан ору керек, қырман, онда дәнді қызылдау, жел қай жақтан шыққанда қабық-қауызынан арылтуын сонша білгіш кісі еді. Сол жылдары 4 га жерге қызыл тары, 10 га жерге бидай, 6 га жерге арпа егілген еді. Соны орысуға, одан бастыру, қызылдау, ұшыруға қатыстым. Менімен бірге Әбдір Қонаев, Мырзабай сияқты ағалардан басқа да өзім сияқты оқып жүрген немесе оқудан шығып қалғандар болды. Ақталған бидай, тарыны алып кетуге болмайтынын, бірақ күнделікті нан үшін қол диірменнен бидай тартып алып, Әпуаш жеңгейге көмектесуімізді тапсырды. Егінді жаз бойы атты сақшы күзетті. Ол біздің ауылдағы сол жылы 68 жасқа толған Сәркен Қуанышбеков деген әкей астында тәуір қара атымен жүрді. Көрші Ворошилов атындағы колхоздың мүшесі Сәт Байғанаев деген кісі де күзетші сақшы болды. Тек аталған жерлер ғана емес Егдір, Шәудір жалдарының арасындағы құнарлы жерлерге Сталин атындағы колхоздың мүшелері 1953-1954 жылдары бидай, тары салып өнім алды. Мына Қошақтың жалының үстінде Бескөң жеріндегі «Шорбас бөгеті» мен сол кезде жыртылған жерлер, аңыздар, егіннің сыртынан қазылған орлар 1970–1975 жылдарға дейін көрініп жататын. Одан машинамен бойлай да, көлденең де жүргізбейтін. Оларды білетін, көзі көргендер «Шорбастың орлары» дер еді. Шебірдің жергілікті адамдары егінге су жинау үшін «Қарамырза бөгетін» айтатын. Мен бұны жазғанда Маңғыстау елі талай заман егін салып, одан өнім алғанын кейінгі буын білсін дегенім еді. Егін салынған, өнім алынған жерлердің есте жүргендерін, көргендерімді жаздым. Бұлардан басқа да егін егіп өнім алған өңірлерді білетіндер, әсіресе Қаратау бұлақтарын пайдаланғандарды жүйелеп жазса, нұр үстіне нұр болар еді.
Төлесін КӨШЕКҰЛЫ