Маңғыстау облысы полиция департаменті халықаралық отбасы күніне орай спорттық жарыс ұйымдастырды. Отбасылық жарысқа полиция қызметкерлері қатысты. Олар қол күресу, гір көтеру және арқан тарту сияқты спорт түрінен сынға түсті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Полиция қызметкерлері арасында өткен спорттық жарыстың мақсаты – отбасылық институтты қалыптастыру және өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу. Сондай-ақ қазақ отбасының оң имиджін насихаттау», – деді Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. Отбасылық «Көңілді старттар» спорттық жарысы аналар арасында қол күресу, әкелер арасында гір тасын көтеру және отбасылық арқан тарту кезеңдерінен тұрды. Нәтижесінде жалпыкомандалық есеп бойынша Джамаловтар отбасы 1-орынға ие болды, ал 2-орынды Амирбековтер отбасы алса, 3-орын Исмайловтар отбасына бұйырды. Сонымен қатар аналар арасында өткен қолкүрес жарысында 1-орынды Мақпал Оразбаева иеленді. Мұнайлы ауданы полиция бөлімінен келген Гүлбану Амангельдиева 2-орынды қанжығасына байлады. Ал жүлделі 3-орынды Шолпан Дегениязова алды. «Көңілді старттар» эстафеталық жарыста жақсы нәтижемен көзге түскен Дегениязовтар отбасы жеңімпаз атанды. Амирбековтер отбасы 2-орынға ие болды. Сондай-ақ 3-орынды Еділовтер отбасы қанағат етті. Ал әкелер арасында гір тасын көтеру жарысында Руслан Амирбеков мықтылық танытып, 1-орынды иеленді. Ал 2-орында Кемал Джамалов алса, 3-орын Нұркен Дегениязовке берілді. Жарыс соңында МО Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов жеңімпаздарды құттықтап, белсенділік танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар қатысушыларды диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Маңғыстау облысы Полиция департаменті