Теңге ауылының 55 жылдығына орай, Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу жарысы өтті. Ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы бойларында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру және қала, ауылдарда ұлттық спорт түрлерін, оның ішінде қазақ күресін кеңінен таратуды мақсат еткен балуандар бәсекесін Теңге ауылының әкімдігі, «Нұр Отан» ЖҚФ, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесе жүзеге асырды. Жарысқа Ж.Аралбаев жетекшілік етіп, бас төреші қызметін Б.Сыдықов атқарды. Қалалық турнир 18 жастан жоғары ересектер арасында +90 келі, яғни абсолюттік салмақ категориясы бойынша өтті. 14 балуан белдескен спорт бәсекесінде І орынды Бекқали Мұсаев, ІІ орынды Айдос Жақанбаев, ІІІ орынды Еламан Аткелтіров иеленді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің дипломы, медаль, кубоктарымен және демеушілердің ақшалай (заттай) сыйлықтарымен марапатталды. Жеңімпаздар облыстық іріктеуге жолдама алды.
Жаңаөзен-Ақпарат