Бекболат Ізтұрғанұлы еңбек жолын жаңадан ашылып жатқан Өзен кен орнындағы кәсіпшілікте қатардағы мұнай өндіру операторынан бастады. Ол кезде тартылып жатқан жоғарғы кернеулі электр тогы келе қоймаған, мұнай өндіру дизель-генераторлы электр станциясы күшімен атқарылатын. Қондырғылар уақытша бекітілген схемамен істеді. Терең білімді, жаңалыққа жаны құштар, бала күнінен бойына сіңген қасиеті – бастаған ісін, қиындықтарға қарамай, уақытпен санаспай, қалайда түбіне дейін жеткізе істейтін Бекболат қысқа мерзім ішінде өзін жақсы жағынан көрсете білді, қасындағылардың, басшы мамандардың орынды құрметіне ие болды. Мұнайлы Маңғыстаудың шапшаң қарқынмен кезекті дамуы МНГР геолог барлаушылары Бозашы түбегінен өткен ғасырдың 70, 80-жылдарында Қаражанбас, Қаламқас, Солтүстік Бозашы, Қаратұрын, Жалғызтөбе сияқты жаңа мұнай кен орындарын ашуы және олардың өндірістік қорын өте қысқа мерзімде анықтап, тұрақты түрде мұнай өндіруге «Мангышлакнефть» бірлестігіне тапсыруынан бастау алады. 1979 жылы наурыз айында Қаламқас және Қаражанбас кен орындарынан мұнай өндіретін «Комсомольскнефть» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды. Оның басқару аппараты қалада орналасқанымен, негізгі өндіріс, яғни мұнайды өндіру, жинақтау және тасымалдауға қажетті объектілер кен орны басында тұрғызылатындықтан, жұмыс көлеінің басым бөлігі өз күштерімен атқарылуға тиіс болатын. Жаңадан құрылып жатқан басқармаға басшылық жасауға бірлестік, министрлік ұйғаруы және облыстық партия комитетінің қолдауымен Өзен кен орнында 13 жылдай жұмыс жасап, ұйымдастырушылық жұмысымен көзге түскен, талантты жас инженер-мұнайшы Бекболат Ізтұрғанұлы, бас инженеріне В.Будников, бас геологіна А.Мищенко, мұнай өндіру цехының бастығына Х.Құсаев тағайындалды. Б.Ізтұрғанұлы бірлестік, министрлік мамандары және сала ғалымдарының қолдауына сүйеніп, кен орнын теңіз суының көтерілуінен сақтайтын дамба салу қажеттігін басшылар алдына бірнеше рет мәселе етіп қойды. Кейіннен 1980 жылдың тамызында, бұл мәселе де оңынан шешіліп, Қаламқас кен орнын теңіз суы шайып кетуден сақтайтын, ұзындығы 32 шақырым болатын дамба құрылысы жеделдетіп салына бастады. Мұнайшылардың кен орындарындағы жанға жайлы, типтік үлгідегі вахталық кенттерін арнаулы құрылыс мекемелері тұрғызғанмен, бірақ олардың жұмысын қадағалау басқарма басшысының міндеттеріне жатады. Зейнетке шыққасын өндірістегі қызметін жалғастырып, Солтүстік Бозашы кен орнында мұнай өндіріп жатқан америкалық «Тексако Норс Бузачи» компаниясында, ал ол қытайлықтарға сатылғаннан кейін атын өзгертіп, «Бузачи оперейтинг LTD» болған мекемеде еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі жетекші супервайзер жұмысын атқарды. Осы бағыттағы қызметін 2007 жылы Доңға кен орнын игеріп жатқан шетелдік кәсіпорында, ал 2008 жылдан бастап, «Көктем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде техника қауіпсіздігі жөніндегі бөлім бастығы болды. Ал денсаулығы сыр бере бастаған соң 2013 жылдың аяғына дейін, яғни мұнай саласындағы үздіксіз еңбегін 54 жылдық еңбек өтілімен аяқтады. Бекболат Ізтұрғанұлы – киелі Маңғыстаудың негізгі мұнайгаз кен орындары: Өзен, Қаламқас, Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Доңға және басқаларынан «қара алтын» өндіруді ұйымдастыруға басынан бастап қатысқан, өлкенің көрнекті мұнайшыларының бірі. Уақытында Бекболат қалалық кеңеске депутат, бірнеше рет сайлау комиссияларына мүше, мекеменің партия, кәсіподақ комитеттері құрамына сайланды. 1989 жылдардан бастап, «Парасат» қоғамы жігіттерімен тығыз байланыста болды. Облыс көлеміндегі маңызды оқиғалардың басы қасында жүрді. Туған өлке тарихында өзіндік орны бар, археологиялық ескерткіштер санатына кіретін «Сисем ата», «Қонай батыр», Ақшымырау маңындағы қорымдарда батырлар мен билер, ел ақсақалдары жерленген жерлерді тиянақтау, тазалау, түнек үйлер тұрғызу және қоршауларын қалпына келтіру жұмыстарына тікелей қатысты. «Бегеш» қорымында тұрғызылған түнек үй, басына жол салу, қасынан өтіп жатқан Ақтау–Қаламқас жоғарғы кернеулі электр линиясынан ток тарту сияқты жұмыстарды жолдас-жора, тумаластары және балаларын қатыстырып, өзі басы-қасында жүргенін, сол шараларға қатысқан көпшілік біледі. Ақтау қаласында тұрғызылған Адай ревкомының төрағасы Тобанияз Әлниязұлы ескерткішіне мемлекет тарапынан азды-көпті қаржы бөлінгенмен, оның қысқа уақытта салынуына себепші болды. Жұбайы Айкүлән Нұрмолдина мен балалары 2017 жылы облыстық «Еңбек жолы» конкурсына қатысып, «Үздік еңбек әулеті» атағын жеңіп алды. Бекеңнің елге істеген еңбегін ескеріп Ақтаудағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату, Жаңаөзендегі мұнайшылар, Құрықтағы геолог барлаушылар және облыстық өлкетану мұражайларында тақырыптық стендтер шығару, «Мұнайшы» қоғамдық қорының қолдауымен ғұмырнамалық кітап бастыруды қолға алатын кез жетті. Бұл шаралар оған қажет болмағанмен, Маңғыстаудың мұнайлы өлкеге айналуына өзінің лайықты үлесін қосқан, ардагер мұнайшы Б.Ізтұрғанұлы сияқты ағалардың жасампаз өмір жолын білу, сондай болуға талпыну, біздің жастарымызға зор тәрбиелік мәні бар деп есептеймін.
Сатыбалды НҰРЛЫБЕКҰЛЫ, геологиялық барлау және мұнай іздестіру саласының ардагері, зейнеткер