Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбында жас ұрпақты кемел ой, көркем сөзімен сусындатқан белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевқа арнап «Әбіштану», өзінің өмірін Маңғыстаудың тарихына арнаған бір туар азамат, ашып қалдырған мұрасы – ғасырлық мифолог-ғалым Серікбол Қондыбайға арнап «Серікболтану» және қазақтың данасы, дара тұлға, ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған «Абайтану» кабинеттерінің ашылу мерекесі Қарақұдық орта мек-тебінде өтті. Мерекеге аудандық білім беру бөлімінің басшысы Келдімұрат Дәуірбаев, серікболтанушы Мұрат Ақмырзаев, Серікбол Қондыбайдың апасы Балсұлу Қондыбай және ардагер ұстаз Темірбай Бесімбайұлы мен ақсақалдар алқасының төрағасы Алпамыш Жұмалиев қатысты. Алғаш сөз кезегін алған мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл Доғдырбайқызы «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбында өткізіліп жатқан игі іс шараның мақсаттарын таныстырып, кабинеттердің ашылу рәсімін жүргізді. Келген қонақтар маңғаз Маңғыстаудың төл перзенті «Әбіштану» кабинетінің лентасын қиюдан бастады. Лента қию рәсімі бір мектепте оқыған қарымды жазушының замандасы Алпамыш атай мен білім бөлімінің басшысы Келдімұрат Дәуірбаевқа берілді. Шашу шашылып, кабинетке енген қонақтарды кабинет меңгерушісі Гүлнұр Жаманқұлова қарсы алды. Ол келушілерді кабинетте жасалған жұмыстармен таныстырып өтті. Жазушының «Әке» поэмасын 9 сынып оқушысы Қайсар Бекболатұлы, ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгерім Ербосинова «Теңіз жағасындағы ой» шығармасын нақышына келтіре орындап шықса, мектептің драма үйірмесі «Абылайхан» драмасынан үзінді көрсетіп, қонақтарға тарту етті. «Серікболтану» кабинетінің лентасын қию рәсімі Балсұлу Қондыбай мен Ақмырзаев Мұрат ағаға берілді. Кабинетке кірген қонақтарды қарсы алған кабинет жетекшісі Бауыржан Қосжанов Серікбол Қондыбайдың қысқаша өмірімен таныстырып өтті. Сөз кезегін алған Мұрат Ақмырзаев мифологғалым Серікболға қатысты атқарылып жатқан шаралар мен алда атқарылар міндеттерін нақтылап көрсетті. Сондайақ «Арғы қазақ» мифологиясы туралы түсінік беріп, бүгінгі күнгі әлем елдерінің қызығушылығы және сол үшін өткізілген конференциялардағы қаралған тақырыптарға тоқталып, жаңа қырларынан танытты. Оқушыларға Серікболдың кітаптарын оқу қажеттігін атап көрсетті. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Келдімұрат Дәуірбаев Серікбол Қондыбайдың Құрық ауылының тумасы, еңбек жолын сол ауданнан бастағанын айтып, алдағы уақытта ауданда жасалар шараларға ұсыныс беретіндігін көрсетті. Мифолог ғалымның апасы Балсұлу апа Серікболдың балалық, студенттік кезден естелік әңгімесін айта келіп, ерекше болып жаратылғандығын оқушы кезінде білімді, ізденгіш бала болғандығын оқушыларға айтып берді. Сол кездің өзінде Маңғыстауда туризмді дамыту қажеттігін ең бірінші болып қолға алған да сол Серікбол еді. Серікболдың отырған кезінде аяғы, жұмыс жасаған кезде көлігі болдым деп атқарылған игі шаралар мен атқарылар бастамалар туралы таныстырып өтті. Мектеп басшысы Айгүл Доғдырбайқызы өзінің ыстық лебізін білдіріп, Балсұлу апаға гүл шоғын ұсынып, Озғанбай Өмірзақтың «Адай арғымақтары» кітабын сыйға берді. Қонақтар келесі кезекте «Абайтану» кабинетінің тұсауын кесті. Зейнеткер, ардагер ұстаз Темірбай Бесімбайұлы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Келдімұрат Дәуірбаев лента қию рәсімін жасап, қонақтар ішке енгенде кабинет жетекшісі Феруза Нәдирова қарсы алды. Феруза дана Абайдың өнегелі ғұмыры мен өміршең өлеңдері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасайтындығын атап көрсете келе, мектебімізідің оқушысы Асылай Ерманованың Семейдегі, Жейделібайсын жеріндегі Абай ата зираттына барып, көріп қайтқандығын айтты. 7 сынып оқушысы Диана Темірбай Абай атаның «Ғылым таппай мақтанба», 6 сынып оқушысы Асылай Жаңаберді «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін нақышына келтіріп орындады. Мектібіміздің ұстазы Айсәуле Оңайбаева «Көзімнің қарасы» әнін шырқап, тарту етті. Сөз кезегін алған Темірбай Бесімбайұлы атқарылған игі шараларға өзінің ризашылығын білдіріп, ұстаздарға алғысын айтты. Сонымен бірге іс-шара каби- нет ашумен шектелмей әлі де атқарылар жұмыстардың басымдылығын, шығармашылық жұмыстарды дамыту қажеттігін атап көрсете келе, ұстаздар еңбегінің шыңдала беруіне тілек білдірді. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды», деп заманымыздың заңғар жазушысы өзі айтпақшы абыз да, аңыз, аталарымыздың еңбектерін қадірлеп, санамызға тоқып, келер ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Ендеше мектеп ұжымына шығармашылық шабыт, ізденуден танбайтын шәкірттері көп болсын дейміз.
Ж. БЕСИНБАЕВА, Қарақұдық орта мектебі