Арамызда ерлерге бергісіз түрлі мамандықты кәсіп етіп жүрген қыз-келіншектер бар. 8 наурыз – халықаралық мереке қарсаңында Жаңаөзен қаласындағы осындай мамандық иелерін іздедік. Іздеп жүріп темірден түйін түйген ұста апаға, өмір бойы темір жол өткелін жөндеген әжеге, гірдің тасын құстың қауырсынындай жеп-жеңіл көтеретін ару қызға жолықтық...
Қайсар қазақ әйелі
Өз бақытын өзгелерден төмен қойған, айналасындағылар үшін өзін құрбан етуге дайын, бар арманын отбасының тыныштығымен, балаларының амандығымен ұштастырған қазақ әйелі қай кезде де бел жазбай еңбек етті. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру деген ұғым қазақ әйелдері үшін тіптен жат секілді. Алғашқы кейіпкеріміз - өмір бойы теміржол өткелінде жол жөндеуші (путист) болып еңбек еткен Айсұлтан апай. 1954 жылы дүниеге келген Айсұлтан Сұлтанбаева негізгі мектепті бітіргесін техникумға бухгалтер мамандығы бойынша оқуға түседі. 1972 жылы қаржыгер дипломын алған жас қыз мамандығы бойынша бір-екі жыл қызмет етеді. 1973 жылы "Қоңырат-Бейнеу" темір жолы ашылғанда, жолдасы Оралбай екеуі сол жерге көшіп барып, жұмыс істейді. Кейін 1978 жылы ата қоныс Жаңаөзенге қоныс аударады. Жолдасы мұнай мекемесіне, өзі Маңғышлақ теміржол станциясына жол жөндеуші болып жұмысқа орналасып, зейнетке шыққанша сол жерде табан аудармастан еңбек етеді. Қыстың қарлы боранында, жаздың шіліңгір ыстығында ер адамдармен иық тіресе от арбаның жолын жөндей жүріп, Алланың берген төрт ұл, төрт қызын дүниеге әкеледі. «Таңертең бригадаларға бөліп, әр бекеттен түсіріп кетеді. Содан 100-200 метрден бөліп берілген аумақта рельс арасындағы шпалдарды ауыстырамыз, қардан, құмнан тазартамыз. Өйтпесең, рельстің ортасы бітіп, пойыз тоқтап қалады. Әуелгі уақытта түнгі ауысымда жұмыс істеп жүрдік, кейін күндізге ауыстық. Кейде бізді алып кететін тепловоздар бұзылып немесе қардың қалың жауағанынан келе алмай қалатын. Қыстың күні қырауда далада түнімен от жағып жылынып отырған да кездеріміз болды. Темір жолда оңай жұмыс жоқ. Әсіресе, әйел адамға өте қиын. Бірақ өмірдің ащы-тұщысын көрдік, шынықтық, шымыр бола түстік», - деген Айсұлтан апай Жазық Күлімжанова, Ақзиба Салқынбаева, Света Сәтмағанбетова, Алтын Қалдыбаева атты үзеңгілес әріптестері мен өткен күндерін сағынышпен еске алды. Айсұлтан апай бұл күнде зейнет демалысында. Оралбай аға екеуі - сегіз перзенттен тараған немере-жиендерін қызықтап отырған бақытты жандар. Балалары кәсіптің көзін әр саладан тапқан. Бірі мұнайшы болса, бірі мал шаруашылығын дөңгелетіп жүр. Кенже ұлы ғана анасының жолын жалғаған теміржолшы. «Енеміздің жайдары мінезі, сабырлы қалпы, ақылдылығы біз үшін әрдайым үлгі. Үш келінді бір шаңырақтың астында айрандай ұйытып отыруы - анамыздың ақылы мен мейірімінің арқасы», - деп сүйсінеді келіні Айжан. Иә, еңбектің ауырына мойымаған, қандай заман болса да шағым айтып, мұңын шағуды білмеген, адамдығын жыл өте даналыққа жалғаған осы Айсұлтан апамыздай ер мінезді жандар нағыз қайтпас қайсар қазақ әйелі деген теңеуге дәл келетіндей.Білегі мығым, жүрегі нәзік – Жұлдыз Найзабек
«Тау көтерген Толағай» туралы ертегіні бала кезімізде кітаптан оқып қиялымызға ерік беруші едік. Кейін мектепте жүріп қазақтың нар ұлы, қара күш иесі Қажымұқан жайында білдік. Әнеубір жылдары Тұманды Альбиондағы олимпиадада қазақстандық ауыр атлетшілер айды аспанға бір-ақ шығарғанда бөркін аспанға атпаған қазақ кемде-кем шығар. Жазира Жаппарқұл, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанлолар бірінен соң бірі қоржынымызға топырлатып медаль салып, төрткүл дүниенің төрінде көк байрағымызды өзге елдерден оқ бойы биікке көтеріп жатқанда, әншейінде қыз баласының зілтемір көтергенін онша құптай қоймайтын қазекемдер іштей сүйсініп, солардың тілеуін тілеп отырдық. Жұлдыз Найзабек те осындай палуан қыздардың қатарынан. Жүзі жарқын ару қыз 24 келі келетін гір тасын бір қолдап көтергенде кез келген жігіттен кем түспейді. Бала кезінен спортқа үйірсек Жұлдыздың мектепте оқып жүріп волейбол, баскетбол, жүгіру, күрес, қол күрес, шахмат дейсіңіз бе әйтеуір, бармаған үйірмесі жоқ екен. Әрі қай-қайсысында да табысты болады. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған Жұлдыз болашағын спортпен байланыстырмаққа нық бекініп, Маңғыстау гуманитарлық колледжіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі факультетіне оқуға түседі. Алғыр да талапты қыз колледждің волейбол құрамасына қабылданып, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға шығып жүреді. «Ойынға жаттығу барысында допты лақтырғанда қолдың күшін арттыру үшін біз неше түрлі темірлер көтеретінбіз. Соны білетін құрбы қызым мені гір тасын көтерушілердің Маңғыстау облыстық федерациясына шақырды. «Икемің жақсы, тез-ақ игеріп кетесің» деді ол. Содан оқуымды аяқтағасын осы спорт түріне ауыстым», - дейді Жұлдыз. Федерацияда жүріп Роман Исламғалиевтің жаттықтыруымен гір тасын көтеру және қол күрес (армрестлинг) спорт түрлері бойынша көптеген жарыстарда бақ сынайды. Оған қоса шәкірт те тәрбиелейді. Жемісті еңбегі үшін Ақтау қаласы әкімінің Алғыс хатымен де марапатталады. Ең бірінші үлкен жарысым деп Жұлдыз Павлодар қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатын еске алады. Бұл жерде ол 16 келі гір тасын 127 рет жұлқа көтеріп, 3-орынға ие болады. Шәкірттері де жүлдесіз қалған емес. Рухани Раманұлы, Динара Оңдасынова атты оқушыларын ерекше атайды. "Динара қол күресінен Азия чемпионатына қатысып келді, болашағынан зор үміт күттіретін потенциалы мықты қыз. Бірақ шынын айту керек, бұл спорт түріне қыздар келе бермейді. Келген күннің өзінде жаттығуға шыдамай кетіп қалып жатады. Кез келген спортта табандылық керек. Әйтсе де, гір спорты қара күшті, ерекше төзімділікті, асқан еңбекқорлықты талап етеді. Әсіресе, қыз балалардан. Менің мақсатым – мектепке өз мамандығым бойынша жұмысқа тұрып, Жаңаөзенде осы спорт түрін дамытсам деймін. Үлкен-үлкен додаларға шәкірт дайындап, қаламыздың еліміздің абыройын арттыруға сәл де болса өз үлесімді қосуды армандаймын", - дейді Жұлдыз. Жұлдыз Найзабек білімін жалғау мақсатында Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер. Бірақ, тәжірибелі спорт маманын жұмысқа қабылдауға жергілікті мектептер құлықсыз екен. «Дипломым мен қат-қабат боп жиналған жетістік, марапаттарымды бір бума етіп арқалап, жұмыс сұрап бармаған мектебім, қақпаған есігім жоқ. Бәрі құжаттарымды қарап шығып, керемет маман екенсің, бірақ өкінішке орай бізде орын жоқ деп шығарып салады», - дейді Жұлдыз. Жүрек қалауымен спорт саласын таңдап, осы бағытта шәкірт тәрбиелесем, жергілікті спортты дамытсам деп отырған арудың осындай сәтсіздіктерден соң тауы шағылып, талабы қайтып қалмаса екен дейміз. Биылғы жастар жылында, Елбасы жастарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуді үкіметке қатаң тапсырған болатын. Ендеше, білегі мығым, жүрегі нәзік Жұлдыздың «Жанам деген жүрегіне от беретін» қолдаушылар табылар деп үміттенеміз.Темірден түйін түйген
Қазіргі қоғамда қай салада болмасын әйелдердің ер-азаматпен үзеңгілес қызметте жүруі еліміздің өркендеуіне толағай табыстар әкеліп жатқандығы шындық. Сондай асыл жандардың бірі темір тесуші Қымбат Бекмағанбетова. Қайғы болса, шын жүректен қайғырып, қуаныш болса, бар ықыласымен қуанатын әйел заты қашаннан адам көңілінің айнасы емес пе? Үйдегі бар шаруашылықты шыр айналдырып, онымен қоса кәсібін жандандырып жүрген Қымбат апай өз қызметін сүйіспеншілікпен орындап, күніне алдынан өтетін темір бөлшектерінің өндірістің пайдасына жарауына өзіндік үлесін қосады. Қай уақытта болмасын тағдырдың салған бар ауыртпашылығын ерлерден артық көтере білген асыл аналарымыздың сынығы сынды болған Қымбат апай, бүгін жүріп өткен жолына қарап, алғашқы жұмысқа шығып, токарь станогына тұрған күнін есіне алады. Қымбат Бекмағанбетова 1960 жылы өмірге келіп, Жаңаөзен қаласындағы №1 орта мектебін 1977 жылы тәмамдап, бірден еңбекке араласады. Маңғыстау газ өндіру басқармасына токарьдың оқушысы ретінде жұмысқа тұрған жас, жиырма жыл бойы бір орнынан қозғалмай токарь қызметін атқарады. 1997 жылы орын алған өзгерістерге сәйкес, «Ремсервис» мекемесіне ауысады. Кейін бұл мекеме «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты Мұнай өнеркәсібі құралдарын және телекомуникацияларды жөндеу басқармасы (УРНОиТК) болып өзгереді. Содан бері осы мекемеде темір тесуші болып жұмыс жасап келеді. Ол күнделікті мұнай-газ саласына қажетті темір түрлерін түсетін тапсырысқа сәйкес тесіп, өңдеп береді. - Жұмыстың қиындығы болады. Бірақ соған қарамастан, ешкім мойымайды. Жамандық кездесіп көрмепті соған шүкір. Осында темірді тесуші, жонушы, кесуші болып жұмыс жасайтын онға тарта әйел адам бар, -дейді. Бүгінде Қымбат апайдың жолдасы, балаларынан сүйген немерелері бар. Үстіміздегі жылдың қазан айында зейнеткерлікке де шықпақ. Біздің зейнеткерлікте немен айналысасыз деген сауалымызға күлімсірей ғана, немере бағамын, өмірдің қызығы солар ғой деп, нағыз қазақ әйеліне тән жауап қайырды. Иығына ер-азамат көтеретін ауыр міндетті жүктеп, күрделі салада жұмысын алға жүргізіп, жаңашылдықтарға өзінің үнін қосып, алға басудан танбаған осындай тынымсыз жанға келе жатқан мерекеңіз құтты болсын, ауырмаңыз, еліміздің, адамдардың игілігіне атқарып жатқан жұмыстарыңыз жемісті, отбасыңыз аман болып, балаларыңыз сізге тек қуаныш сыйласын дегіміз келеді. Жүзіңізден нұр, құшағыңыздан гүл кетпесін!Ерекше маман иелерімен тілдескен: Айжан НАСЫРОВА, Жазира АҚБЕРГЕНОВА