©
Қызылтөбе ауылдық округі
Аудан, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің есеп беруі жыл сайынғы дәстүрге айналды. Міне, сол үрдіспен Қызылтөбе ауылдық округінің әкімі Серік Боранбаев жақында бой көтерген №13 мектеп-гимназиясының акт залында есеп берді. Аталған жиында Мұнайлы ауданы әкімі Рахат Елтизаров, аудандық мәслихат хатшысы Бердібек Назар зал төрінен орын алса, кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мекеме басшылары, мәслихат депутаттары мен ауыл тұрғындары қатысты. 2018 жылы атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттерін баяндауға мінберге ауыл әкімі С.Боранбаев көтерілді. Ол алдымен өткен жылы есеп беру кезінде түскен ұсыныстардың орындалысын тілге тиек етті. Өткен жылғы мәселенің шешімін тауып жатқанын естіген тұрғындар әкім есебін марқая тыңдады. Әкім ауыл ішінде атқарылған біраз жұмыстарды баяндады. Атап өтер болсақ, көше жолдарын тегістеп, асфальт төсеу және жаяу жүргіншілер жолын салу және көше шамдарын жарықтандыру сынды жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар өткен жылы қойылған сауалдардың бірі – ауыз су құбырын тарту болатын. 2018 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жобалық-сметалық құжаты жасақталып, бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген. Осы жылы құбыр арқылы ауыз сумен қамтуды жоспарлап отырғанын сүйіншіледі. Қызылтөбе ауылында №13 мектеп-гимназиясының іске қосылуы Бірлік, Ынтымақ елді мекендерінің оқушылары үшін жағымды жаңалық болды. Өйткені олар жылда Дәулет ауылындағы №4 мектепке қатынап оқитын. Мектепке дейінгі балаларын қайда тастарын білмей дал болған біраз аналардың жағдайы түзелді. Себебі өткен жылы «Гүлдер», «Ырысжан», «Тұмар» жекеменшік балабақшалары ашылды. Ауыл әкімі сөз соңында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік ауыл – 2018» байқауында ІІІ орынды иеленіп, 5 млн. теңгені жеңіп алғанын айтты. Аудан әкімі Р.Елтизаров ауыл тұрғындарымен кездесіп отырғанына қуанышын білдіріп, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Қызылтөбе ауылының аудандағы ауылдарға қарағанда шекте қалып қойғанын да жасырмады. Сондықтан биылғы жылды Қызылтөбе жылы атамақ. Назар салған аудан әкімінің бұл сөзін ауыл тұрғындары құптап, қошамет білдірді. Жеке кәсіпкерлер спорт зал салу және бір көшені асфальттау жұмысына қаржылай қолдауға ниетін білдірген. Осы ұсыныстарды ой елегінен өткізген аудан әкімі Қызылтөбе ауылына көңіл бөліп, ауылдың гүлденуіне жол ашпақ. Осындай жақсылық хабарлар көп болса да ауыл тұрғындарының қояр сауалдары аз болмады. Бір тұрғын аялдама ойда орналасқандықтан су басып кетеді, аялдамада емес далада тұратынын айтты. Бір ана аялдама қойылмағандықтан автобусты қайдан күтерімізді білмейміз, қосымшада оқитын балаларымызды кондукторлар «аялдама жоқ» деп басқа жақтан түсіріп кетеді деп шыр-пыр болды. Аудан әкімі бұл мәселені шешуді құзырлы органдарға тапсырды. Бірлік елді мекенінің тұрғындары мектеп мәселесі шешілді, енді балабақша салынса деген де ұсыныс тастады. Жастар жылында жастар мәселелері шешілсе, бассейн салынса, саябақ болса, «қартайғанда немерелерімізді ертіп саябақта жүрсек» деген әжейлер де арамыздан табылды. «Ауылымыздың әкіміне ризамыз» – деп, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер де әкімдеріне алғыс білдіріп, қанағаттанарлық баға берді.Маңғыстау ауылы
Кезекті есеп беру кездесуі жұма күні Маңғыстау ауылында жалғасты. №8 орта мектептің акт залына жиналған ауыл тұрғындары аудан әкімі Рахат Елтизаров пен Маңғыстау ауылының әкімі Қалқатай Өтемұратовтың есебін тыңдады. Маңғыстау ауылының әкімі Қалқатай Азанғалиұлы сөздің басын тұрғындардың ұсынысымен ауыл атаулары, яғни Маңғыстау-1 тұрғын үй массиві «Ақ Еспе», Маңғыстау-2 тұрғын үй массиві «Бозжыра», Маңғыстау-3 тұрғын үй массиві «Айрақты», Маңғыстау-4 тұрғын үй массиві «Шерқала», Маңғыстау-5 тұрғын үй массиві «Бесшоқы» болып өзгергенінен бастады. Есепті баяндама барысында Маңғыстау ауылының жаңарып, біраз жұмыстары жасалып жатырғаны аңғарылды. Мысалы, Бесшоқы елді мекеніне 15 шақырым асфальт жол салынған, Шерқала елді мекеніне су тарту жұмыстары аяқталып, толықтай құбыр арқылы сумен қамтылған. Айрақты елді мекеніне құбыр тарту жұмыстарын бастауға 100 млн. қаржы бөлінген. Ал Бесшоқы елді мекенін сумен қамту 2019-2021 жылдарға арналған инвестиция тізіміне енгізілген. Әлеуметтік сала қызметкерлеріне арнап 100 орындық жатақхана құрылысы аяқталды. 24 пәтерлі 8 тұрғын үй құрылысы аяқталып, оның 7-уі пайдалануға берілген. Маңғыстау ауылынан кітапханасымен бірге 500 орындық мәдениет үйі ашылды және оған Фариза Оңғарсынованың есімі берілді. Спорт саласын дамыту мақсатында Маңғыстау ауылынан көп салалы жекеменшік спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Маңғыстау ауылы бойынша осы жылы «Рабиға», «Айжанай», «Жанымай» балабақшалары ашылды. Біршама жұмыстардың орындалысын тыңдаған ауыл тұрғындары көшелерге Адайдың батырларының есімі берілсе, Айрақты елді мекенінен Шерқаладағы №11 мектепке қатынайтын балалардың қауіпсіздігі үшін көлік жолының астынан жол салып беруі жайлы деген ұсыныстар түсті. Бұл ұсыныстарды тыңдаған аудан әкімі Р.Елтизаров: «Сіздердің алдарыңызда бітпейтін істі болады деп өтірікші болғым келмейді. Айрақты мен Шерқала арасындағы көлік жолының астынан адам өтетін жол салып бере алмаймын. Бірақ оқушылардың қауіпсіздігін күшейтуге жұмыстанамын», – деді. Нақты әрі анық жауап берген аудан әкіміне ауыл тұрғындары разы болды. Ауыл әкімі Қ.Өтемұратов көшелерге батырлар есімін беруді ономостикалық комиссия барысында шешілетінін және алдағы уақытта қарастыратынын айтты. Ауыл ардагерлері жағдайларының күн санап жақсарып жатырғанын тілге тиек етіп, ауыл әкіміне алғысын айтып, батасын берді.Баянды ауылы
Ағымдағы жылдың 18-ші қаңтарында Баянды ауылындағы №3 орта мектептің мәжіліс залында аудан әкімі Рахат Елтизаров пен Баянды ауылы әкімі Рахмет Таймұратовтың ауыл тұрғындары алдындағы жылдық қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Мұнайлы аудандық мәслихатының хатшысы Бердібек Назар жүргізген жиынға Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков пен аудан әкімінің орынбасарлары, Мұнайлы ауданына қарасты мемлекеттік және коммуналдық мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, Баянды ауылынан сайланған аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңестерінің төрағалары және ауыл тұрғындары қатысты. ҚР Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес өткен есеп беру кездесуінде алғашқы баяндама жасау үшін сөз Баянды ауылының әкімі Р.Таймұратовқа берілді. Ол өткен 2018 жылы атқарылған жұмыстарды сала-салаға бөліп, жүзеге асқан тірліктерді толықтай атады. Бүгінде елді мекен аумағында 6495 тұрғын бар екен. Оның еңбек жасындағы экономикалық белсенді тұрғындары 3578 адамды құрайды. Соның ішінде 2797 адам жұмыспен қамтылғандар. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 654 адам. Өткен жылы елді мекен аумағына 3 шақырымдық асфальт жол төселіп, Баянды ауылы, Баянды-2 тұрғын үйлер массивінің ток жүргізілмеген учаскелеріне электр бағаналары қойылып, толықтай токпен қамтамасыз етілгендігін баян етті. Жеке кәсіпкер Жалғас Келдібаев жылыжай ашып, 350 тонна көкөністі сатылымға шығарып, 30 жұмыссыз жанды науқандық жұмыспен қамтып, 5 адамды тұрақты жұмысқа алыпты. Ауылдағы орта мектепте 2018-2019 оқу жылында 1-11 сыныптар аралығында 1654 оқушы білім алып, тәрбиеленуде. Өткен оқу жылында ҰБТ-ға 26 оқушы қатысып, 81 пайыздық көрсеткішті иеленіп, 17 мектеп бітіруші жоғары оқу орнына түскен екен. Мұнда білім ордасы ұстаздарының еңбегі елеулі екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар 280 орындық мемлекеттік «Айналайын» балабақшасында 250 бала, «Ботақан» жекеменшік балабақшасында 140 бала тәрбиеленіп келеді. Ауыл бойынша балабақша кезегінде тұрған бала саны жоқ. Баянды ауылының тұрғындары үшін 1 бастапқа медициналық көмек көрсету орталығы қызмет көрсетеді. Орталық толық медициналық құралдармен жабдықталған. Аталмыш амбулаторияда 3 жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 стоматолог, 1 акушер-гинеколог, 25 медбике, 2 санитарлық қызметкер мен 3 күзетші жұмыс атқарады. Мұнда УЗИ, ЭКГ, физкабинет және лаборатория бар. Күндізгі ем қабылдау, емшара, егу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Есепте тұрған науқастарға ай сайын тегін дәрі-дәрмектер беріліп отырады. Ауыл әкімі өз баяндамасында осыларды сала-салаға бөліп, жүзеге асқан жұмыстарды баяндай келе биыл атқарылатын міндеттер мен жоспарларын баяндады. Қарап отырсақ, үстіміздегі жылы да атқарылатын жұмыстар баршылық екен. Атасақ, ауылішілік жолдарын асфальттау, Баянды-4 тұрғын үй массивін газбен қамту және электр желісін тарту, тазалықты үнемі қадағалау, көгалдандыру, жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікті қолдау, аз қамтылған отбасы иелерін жұмыспен қамту секілді өзекті мәселелер баршылық екен. Осылар жөнінде жұмыстанатынын жеткізді. Ал аудан әкімі Р.Елтизаров Мұнайлы ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2019 жылға арналған міндеттері жөнінде баяндама жасап, өткен жылы аудан көлемінде жүзеге асқан негізгі істерді атады. Сонымен бірге биыл ауданда және Баянды ауылында жүзеге асатын басты-басты жұмыстардың жоспарымен баршаны құлағдар етті. Екі баяндамашыны тыңдаған ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарды қойды. Ауыл тұрғыны Ілесбай Омаров балалар ойнайтын алаң мен көше атаулары, аялдама орнату жөнінде сұрақ берсе, Балтабек Аяғанов көшеге асфальт салу, интернет желісін орнату, банкомат қондырғыларын қондыру жайлы ұсыныстарын айтты. Енді бірі газ, электр мәселесін қозғаса, енді бірі көше жарығы, қоғамдық көлік жайын сөз етті. Қарап отырсақ, ауылда әлі де атқарылатын жұмыстар баршылық екен. Бұл ұсыныс-тілектер жиынның хаттамасына енгізіліп, алдағы уақытта оң шешімін табатындығын есеп беруші әкімдер көпшілікке жеткізді. Ешбір ұсыныс-тілектер назардан тыс қалмайтынын жеткізген әкімдер есебіне ауыл тұрғындары қанағаттанатындықтарын бірауыздан жеткізді.Дәулет ауылдық округі
22 қаңтар күні Дәулет ауылдық округіндегі №4 орта мектебінің акт залында да аудан әкімі Рахат Елтизаров пен Дәулет ауылдық округінің әкімі Гизат Жолдасбаевтың есеп беру кездесуі өтті. Округ әкімінің баяндамасына назар салсақ, елді мекен аумағында 10840 адам тұрып, тіршілік етеді екен. Мұнда 960 орындық орта мектеп, 1 шағын орталық, 2 жекеменшік және 280 орындық мемлекеттік балабақша жұмыс жасап, ел игілігі үшін қызмет көрсетуде. Дәулет бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы 35 штат бірлігімен жұмыс жасап, күніне қабылдайтын нормасынан артық 120 адамға қызмет көрсетіп келеді екен. Өткен жылы 231 сәби дүниеге келіп, бала мен ана өлімі болмағанына шүкіршілік айтсақ та болады. Елді мекенде шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 48 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 80 адам жұмыспен қамтылып отыр. Атап өтсек, 5 өндірістік база, 34 дүкен, 2 дәріхана, 1 көлік жуу, 1 көлік жөндеу, 1 тігін шеберханасы, 2 жекеменшік балабақша өз кәсіптерін ойдағыдай атқарып келеді. Осы арада мынаны назарға алуды жөн көріп отырмыз. Ол Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес облыстық деңгейде «Нұр Капитал» бағдарламасы әзірленіп, аудан әкімдеріне инвестиция тарту арқылы кәсіпкерлікті дамыту және бос жұмыс орындарын құру тапсырылған болатын. Соған орай округтен «Нұр Капитал» бағдарламасына қатысу үшін 5 кәсіпкердің өтінімдері тиісті органға жолданып, нәтижесінде 47 млн. теңге көлеміндегі жобалар мақұлданған. Олар туризм саласын дамыту үшін ЖК Х.Кенжебековаға 15 млн. теңге, ірі қара малдарын бордақылау үшін ЖК Б.Төлебаевқа 12 млн. теңге және ауыл шаруашылық фермасын кеңейту үшін ЖК Т.Түркменбаевқа 20 млн. теңге бөлінген. Бүгінде қаражаттарын алу үшін екінші деңгейлі банктердің шарттарына сәйкес жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ мұнай компаниясында ұзақ жыл қызмет етіп, 5/50 еңбек шартын бұзу арқылы зейнеткерлікке шыққан екі азамат кәсіпкерлігін ашты. Олар А.Салман мен А.Бердіқұловтар еді, бүгінде ауыл шаруашылығын дамытып, ірі қара мен ұсақ малдарды бордақылау ісімен айналысуда. Мәдениет пен спорт саласы бойынша да тыңғылықты жұмыстар жүзеге асып, ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында әртүрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып келеді. Ынталандыру мақсатында бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталады екен. Округ әкімі өз баяндамасында барлық саланы қамти отырып, биыл атқарылатын негізгі міндеттері мен жоспарларын баяндады. Атасақ, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жеке тұрғын үй құрылысына арналған «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында ауылдық округтің бас жоспарына сәйкес 200 жер телімдерінің инженерлік- коммуникациялық желілерінің (ток және газ) жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан қорытындысы алынып, жоғары тұрған тиісті органдарға қаражат көзін қарастыру үшін ұсыныс беруді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар жұмыссыздықты азайту, жеке кәсіпкерлікке жол ашу, аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамту, жеке кәсіпкерлерге жер телімдерін рәсімдеу, инвестиция тарту, округ аумағынан жеке кәсіпкердің демеушілігімен мешіт ғимараты құрылысын салу, көгалдандыру, абаттандыру, тазалық мәселелерін үнемі назарда ұстау жайы жоспарланған екен. Аудандық мәслихаттың хатшысы Бердібек Назар жүргізген есеп беру кездесуінде аудан әкімі де өз баяндамасын жасап, ауданда және округте жүзеге асқан игі жұмыстарды ерекше атады. Сөйтіп биыл жүзеге асатын маңызды тірліктерді де тізбеледі. Бұл есеп беру кездесуінде де тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер молынан орын алды. Бәрі елдің көркеюі үшін, гүлденуі үшін бағытталған сұрақтар болатын. Жастар тәрбиесі де назардан тыс қалмай, ынтымақ пен бірлікке, татулыққа шақырылған аталы сөздер көңілді марқайтты. Айтылған ұсыныстар алдағы кезде нақты іспен орындалатынына көздері жеткен округ тұрғындары халық алдында есеп берушілерге қанағаттанарлық бағаларын берді.Қоғамдық кеңесте
22 қаңтарда Мұнайлы аудандық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Оған аудан әкімі Р.Елтизаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Назар, Маңғыстау облыстық инновация және даму басқармасының басшысы Қ.Нұрбек, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен ауыл және ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Табылды Әміров ашып, жүргізді. Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі Рахат Елтизаров сөз шығып, «Мұнайлы ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2019 жылға арналған міндеттері туралы есебін» баяндады. Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Мұнайлы аудандық мәслихатының хатшысы Бердібек Назар «2018 жылғы атқарылған жұмыстары бойынша есебін» баян етті. Отырыстағы үшінші мәселе жөнінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Әміров қоғамдық кеңестің 2016-2018 жылдары, яғни 3 жыл бойғы атқарған жұмыстары туралы есебін көпшілікке ұсынды. Осы аталған үш есептік қорытындыны тыңдаған кеңес мүшелері атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық баға берді. Төртінші мәселе бойынша Маңғыстау ауылының әкімі Қалқатай Өтемұратов «Маңғыстау ауылының әкімшілік-аумақтық құрылысына қарасты құрамдас бөліктерінің атауларын өзгерту туралы» сөз етсе, бесінші мәселе жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Есен Овезов «2019 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырмасын, ата-ана төлем ақысының мөлшерін бекіту туралы» баяндады. Осы екі мәселені тыңдаған кеңес мүшелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес келетіндігін ескере отырып, аудандық мәслихат сессиясының қаралуына келісімдерін берді. Жиында айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізілді.Г.ТАСБОЛАТОВА, Д.ХАНСҰЛТАН