Алғыс алу, ризашылық білдіру, қуану мен қуанту – адамдықтың шыңы, азаматтықтың көрінісі!
Әдетте біз көп нәрсені елемейміз, байқамаймыз, яғни мән бермейміз, ешнәрсеге таңданбаймыз. Өйткені күнделікті тіршілікте барлығы үйреншікті дүние сияқты көрінеді. Сондай-ақ көп нәрсені әркімнің өз міндеті мен парызы деп қараймыз. Ал енді осы нәрселерге зер салып, сезімталдықпен, ризашылықпен қарасақ ше? Онда сол елеусіз көрінген дүниелерден тамашаны, қарабайыр тіршіліктен небір ғажайыпты көруге болар еді! Ризашылық өзіңді, өмірді, айналаңдағы күллі тіршілік иелерін бағалап, олардың қажетіне жарасам деген ізгі ой бастау болады.
Жақында біздің бір студентіміздің үйі тілсіз жаудың құрбаны болды. Ас үйден жағымсыз күлімсі иіс пен тұтанған отты байқаған Айгерім отты сөндірмек болып жүгіре түсті де, қасындағы інісін ойлап, тоқтай қалды. Ойланып тұратын шама бар ма, қас-қағым сәтте не істерін білмей, кішкентай інісін көтеріп, үйден шығып үлгерген еді. Үйде тек екеуі болатын, ата–анасы жұмыста. Тілсіз жау қарап тұрсын ба, жалынына орап, үйдің тамтұғын қалдырмады. Қыстың көзі қырауда мынадай жағдайға ұшырап, ағайынның үйін паналауға мәжбүр болған Айгерімнің отбасының жағдайын естіген осы колледждің жоғары курс студенттері ойланбастан үйін жөндеуден өткізіп беруге кірісті. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек», - дегендей, топ ішінен суырылып шығып, азамат екенін білдіріп, көмек қолын созған жігіттерге қатты риза болдық. Алла риза болсын дестік. Бірі күйе тазалап, бірі балшығын жағып, бірі есігін, бірі терезесін орнатып, бірі тогын жүргізіп, бірі жылу қазандығын жөндеп, әп-сәтте қалпына келтіре қойды. Жұп-жұмыр, әп-әдемі етіп айта қойғанмен, әрекетіне келгенде екінің бірінің қолынан келмейтін іс еді бұл! Ата-бабамыздан мұра болып қалған, әрбір сәтке ризашылықпен қарау, обал мен сауапты түсіну, игі іс атқару, алғыс алу, құрметке бөлену осы азаматтардың күнделікті бұлжытпай орындайтын әрекетінің қатарында екені сөзсіз еді. Өйткені бәрі дерлік колледждің қоғамдық өмірімен де тығыз байланыста жүретін студенттер.
«Алтын алма, алғыс ал: алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы» деген мақал тегін айтылмаған ғой, еліміздің еңселі ел болып, әлемдік отыз елмен иық тірестіруге аяқ басуы үшін ел алғысын арқалаған, өздеріңдей азаматтар біздің қоғамға керек-ақ. Алдағы уақытта да осындай игілікті істердің ұйытқысы болып жүре беріңдер дегіміз келеді. Өздеріңдей ұлдарды парасаты биік, жан-дүниесі иманға толы азамат етіп тәрбиелеп, қоғам дамуына шексіз үлес қосқан ата-аналарға басымызды иіп, алғыс айтамыз!
Айнұр ОРАЗБАЕВА, Бейнеу политехникалық колледжі