Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласында «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, немесе сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Болашақта ұлттың табысты болуы және тұлғалардың бәсекелестік қабілетімен айқындалады» деп атап көрсеткен болатын. Жалпы қазіргі дәуірде қажырлы еңбек етіп, табандылық танытып, шығармашылық ізденістерін кеңейтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар аз емес. Осыған байланысты өтіп бара жатқан 2018 жылы Жаңаөзен қаласы аумағында іске асырылған қайырымдылық жобаларды жүзеге асыру барысында қоғамдық мәні бар елеулі іс-шараларға демеушілік көмек көрсеткен қаладағы өндірістік кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарды және үздік шыққан жеке тұлғаларды қала әкімі Әділбек Дауылбаев «Алтын жүрек – 2018» және «Жыл адамы – 2018» номинациялары бойынша салтанатты түрде марапаттады.
2018 жылы өзінің жарты ғасырлық торқалы тойын тойлаған қала тұрғындарының жыл қортындысындағы еңбек көрсеткіштеріне назар салсаңыз, толайым табыстарды қолға кіргізгендігінің куәсі боласыз. Қала бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 172 миллиард теңгені құрады. Бұл пайыздық көрсеткішпен айтар болсақ 108 %-ды құрады. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 610 млн теңгеге орындалған. Негізгі капиталға салынған инвестиция қала бойынша 44 млрд 400 млн теңгені құраған. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 24 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаладағы негізгі көрсеткіштердің 105%-дан 150%-ға дейін артық орындалғанынан дерек береді. Осындай қолға кіргізілген табыстарды тілге тиек етіп, салтанатты шараға жиналған жұртшылықты қала әкімі Әділбек Дауылбаев босағада тұрған жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтап, 2018 жылдың үздік мамандарын марапаттады. Марапаттарды тапсыру рәсіміне қала әкімімен бірлікте қалалық мәслихаттың хатшысы Сахи Мыңбай, «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрберген Худибаев да қатысып, үздік мамандарға тиісті марапаттарын салтанатты түрде табыстады.
Соның ішінде «Алтын жүрек – 2018» номинациясы бойынша «Қазақстан халық банкі» АҚ Жаңаөзен өңірлік филиалы марапатталды. Мұнан кейін «Жыл адамы – 2018» номинациясы бойынша тағайындалған сыйлықтар өз иелерін тауып жатты. Мысалы, оның ішінде: «Жылдың үздік мұнайшысы» номинациясымен «ӨМГ» АҚ №3 МГӨБ-тің Скважиналарды жерасты жөндеу жөніндегі технологиялық бөлімнің бастығы Сәрсенбай Отаров, «Жылдың үздік дәрігері» аталымымен №2 қалалық емхананың Теңге амбулаториясының кардиолог дәрігері Зинелбай Иманбаев, «Жылдың үздік құрылысшысы» номинациясымен «КенҚұрылысСервис» ЖШС «Жол құрылыс басқармасы» құрылыс жөндеу жұмыстары учаскесінің жұмыс жүргізушісі Ерболат Хабиев, «Жылдың үздік құқық қорғаушысы» аталымымен Жаңаөзен қалалық прокуратурасының прокуроры Сәрсенбай Кеңесов, «Жылдың үздік Гендерлік және отбасылық демографиялық саясатты жүзеге асырудағы үкіметтік емес ұйымы» номинациясымен «Ана және бала» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дәметкен Шәкенова,. «Жылдың білім саласының үздігі» аталымымен физика-математика пәнінің мұғалімі, қалалық білім үйлестіру орталығының директоры Батпа Жолмағанбетова марапатталды.
Сондай-ақ «Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ бас маманы Аида Жалғасбаева «Жылдық үздік мемлекеттік қызметкері», «Өзенэнергосервис» МКК диспедчерлік қызметінің бастығы Батыр Жалғасов «Жылдың үздік коммуналдық қызметкері», №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Асқар Сопыбеков «Жылдың үздік өрт сөндірушісі», «Өзенинвест» МКК бас есепшісі Наурыз Қарақұлов «Жылдың үздік қаржыгері», “Өзенмұнайсервис» ЖШС 5 дәрежелі бұрғышы Берғожа Қарабеков «Жылдың үздік бұрғышысы», «Жаңаөзен жыр керуені» жинағының авторы Қармыс Разбаев «Жылдың үздік мәдениет қызметкері», №5548 әскери бөлім командирінің орынбасары, штаб бастығы Руслан Отыншиев «Жылдың үздік әскери қызметкері», «Жаңаөзен қалалық азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Райыс Мұқашова «Жылдың үздік азаматтық бастама», «Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бөлімі» ММ бас маманы Ақбілек Ақжігітова «Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері», Бексұлтан кондитерлік өнім цехының директоры, жеке кәсіпкер Ботагөз Шайхыбекова «Жылдың үздік кәсіпкері», №1 жасөспірімдер спорт мектебінің кекуншинкай каратэ-до жаттықтырушысы Мұрат Жәумітбаев «Жылдың үздік спортшысы», Жаңааөзен қаласы полиция басқармасы жедел криминалистика бөлімшесінің бастығы Райымбек Таңбаев «Жылдың үздік сақшысы», «Өзенжылу» МКК өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Сұлтанбек Жұбанов «Жылдың үздік жылу энергетика маманы», Қалалық орталық кітапхананың кітапханашысы Күлсін Мирова «Жылдың үздік кітапханашысы», №21 Назерке бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Әлия Эрекова «Жылдың үздік тәрбиешісі», «Қазақстан халық банк» АҚ Жаңаөзен өңірлік филиалы №259977 Дербес сервис орталығының басшысы Рысгүл Боранғұлова «Жылдың үздік банк саласының қызметкері», Жаңаөзен политехникалық колледжінің 3 курс студенті Әсем Айтжанова «Жылдың үздік студенті», Жаңаөзен телеарнасының тілші редакторы Сәбит Ұлықпан «Жылдың үздік тележурналисі» номинациялары бойынша марапаттардың иегері атанды.
Жылдың үздік мамандарын марапаттауға арналған салтанатты жыйында қала көркемөнерпаздары мен әнші, бишілері өз өнерлерімен шашу шашып, жиналғандарға жаңа жыл қарсаңында жаңа көңіл күй бағыштады.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="68525,68526,68305"]