Көшені жарықтандыру, ірі зауыттар мен өндірістің жұмысы, миллиондаған халықтың өмірлік жағдайының жақсаруы – мұның бәрі электрші жұмысын қажет ететіні баршаға аян. Бүгінгі әңгімеміздің арқауына айналғалы отырған өз ісінің шебері, электрші мамандығын жетік меңгерген Әділбек Әндірбаев жайында болмақ. Әділбек қызығы да, шыжығы да көп, күрделі сала - электр қуатымен байланысты жұмысты таңдады.
Бұл жігіттің жұмысқа деген қабілеті зор. Аса жауапкершілікті қажет ететін бұл мамандық күн сайын ізденуді талап етеді. Өйткені электр энергиясы саласындағы өзгерістер күн санап қарқын алуда. Мұны Әділбек жақсы біледі. Сондықтан оның алға қойған мақсаты - үйренуден, үйретуден еш жалықпау.
Б.Жұмалиев атындағы орта мектепті бітіріп, Маңғыстау энергетикалық колледжінде білім алған Әділбек ес білгелі энергетик мамандығы туралы естіп-біліп келе жатқандарын тың біліммен толықтырып, техникалық тұрғыдан жаңа біліктілікті меңгерді.
2010 жылы Шетпе электр желілері ауданына электрмонтер болып жұмысқа орналасқан ол ұжымдастарының арасында үлкен беделге ие болады. Адамдармен қарым-қатынасты үнемі сабырлы, ұстамды қалпын сақтай білетін Әділбектің басшылық қызметке де бейімі жоғары екені байқалады. Тапсырылған іске деген тиянақтылығы, жасалған әр жұмысқа деген жауапкершілікпен қарағаны басшылықтың назарына ілігіп, жас та болса, бас болып бүгінде Әділбек мастер маманына дейін көтерілді. Жаздың аптап ыстығында да, қыстың қытымыр аязында да токтың кінараты табылған жерге бригадасымен жедел барып, түйткілді шешуде алдына жан салмайтын Әділбектің осы қасиеті көпке ұнамды.
«Барлық мамандықтың да өз қауіптілік деңгейі бар. Солардың ішіндегі аса қауіпті мамандықтардың бірі — электрші мамандығы. Бұл мамандық иесі ылғи да жоғарғы, төменгі кернеулі ток жүйесімен жұмыс істегендіктен міндетті түрде техника қауіпсіздігіне жете көңіл бөлуі керек. Электр тогының тағы бір қауіптілігі оның иісі жоқ, шуы жоқ, қауіптің қай жағыңнан келетінін бағамдау өте қиын. Сондықтан электр мамандарының бойында ең бірінші жауапкершілік қасиеті жоғары тұруы тиіс. Мамандықтың жаманы жоқ, тек өз кәсібіңді сүйіп істесең, жемісін беріп, биікке жетелейді», - дейді Ә.Әндірбаев.
Әділбек жайында әңгіме қозғағанда оның спортқа деген махаббатын айтпай кету мүмкін емес. Қолы қалт етсе, спорттың түр-түрін ойнауға бар. Мекемеішілік футбол, волейбол, теннис секілді жарыстарда Шетпе электр желілері мекемесінің абыройын ту ғып ұстап жүрген жігіттің бірі. Қай істе де осындай алғырлығымен көзге түскен ол облыс әкімнің, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының, мекеме басшылығының алғыс хатынан кенде емес. Үкілеп өсіріп отырған екі қыздың қамқор әкесі, отбасының тірегі Әділбекті мерекесімен құттықтап, алдағы уақытта алар белесі көп болсын деп тілейміз.
Айгүл РАХМЕТОВА