Төтенше жағдай – адамдардың қаза табуына әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші нысандарға нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай. Бүгінде ғылыми-техникалық прогрестің шапшаң дамуынан өндіріс, құрылыс тау-кен байлығын өндіру, жаңа химиялық заттарды өндіріске енгізу сияқты іс-әрекеттер жүргізіліп жатыр. Бұндай қарқынды даму экономикаға әсер еткенімен, экологиялық апатқа әкеліп соғу қаупі де бар. Кей жерлерде жаңа техниканы және технологияны, материалдарды пайдалану ережелері сақталмайды, қауіпсіздік шаралары орындалмайды. Осы секілді қателіктердің салдарынан апаттың болу қаупі туындайды. Біз аймақтың төтенше жағдайлар департаментіне арнайы барып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз. Табалдырықты аттағаннан қатаң тексеруден өттік. Кіреберісте оқыс оқиғаға дайын тұрған арнайы техникалар, «апат айтып келмегендіктен» төтеншеліктер нысанға қалайда тез жетіп, адамдарды қауіптен құтқаруға сақадай сай. Олар қоңырау келіп түскенде, уақытты жоғалтпай аса шапшаңдықпен шақырылған бағытқа аттанады. Мұндай жағдайда әрбір минут қымбат. Әр бөлім өзінің мықты мамандарымен мақтанады. Қызметкерлер – өз ісінің шебері. Департамент басшысының орынбасары Манарбек Мұханбетовпен сұхбат құрдық.
- Жауапкершілікпен аса жылдамдықты талап ететін қыры мен сыры бөлек мамандық иесісіз. Жалпы жұмыстарыңыздың сипатын, тіршілігін айтып бересіз бе?
– Екі-үш жыл бұрын бюджеттік кодекске өзгерістер енгізілгеннен кейін, бізге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Министрліктің тиісті бұйрығының негізінде, арнайы ережеге сәйкес өрт сөндіру қызметі, авария құтқару қызметіне бұрыннан келе жатқан жетіспейтін арнайы техникалар алынды. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер керекті құрал-жабдықтармен толықты. Осы департаменттің өрт сөндіру қызметтерінің ғимараттары жөндеуден өткізілді. Екі-үш жылдың ішінде жағдайымыз 100% болмаса да, 80% жақсарды. Басқа облыстармен салыстырғанда, біздің аймақтың техникалары жоғары деуге болады. Қазіргі таңда бізде ескі техника жоқ. Барлығы жаңадан алынған, заманауи талапқа сай. Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қаласында арнайы сатыға шығатын техникалар, ал 50 метрден биіктікке шығатын құрылғы тек Ақтау қаласында бар. Аталған құрылғы жоғарғы қабаттағы адамдарды құтқаруға арналған.
– Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауғанда кейбір жерлерді су басып қалып жатады. Бұл адамдардың жүруіне, автокөліктің қозғалысына кедергісін тигізері анық. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Облыс аумағында соңғы 3-4 жылда қатты жаңбыр жауып, көптеген елді мекендерді су алды. Кейбір ойпаң жерлерде су жиналары анық. Сондайда тұрғындар ауламды су басып кетті деген шағым түсіреді. Бірақ оның барлығы біздің міндетке сәйкес келмейді. Себебі үйдің ішін, жертөлесін су алса біз көмектесе аламыз. Ал тайыз жерге жиналған су біздің жұмыс емес. Үйдің ішін су алып жатса, жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, су соратын техникамен жиналған суды тартып, тазартамыз. 2-3 жыл бұрын 8-ықшам- ауданындағы «Мәңгілік алау», облыстық әкімдіктің жанында, Ш.Есенов университеті маңында су жиналатын еді. Қазір ол жерлерде суағар жасалды. Жиналған су суағардың бойымен ағып кетеді, бұрынғыдай су жиналмайды. Дегенмен де дер кезінде әр мезгілде тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырады. Қазіргі таңда Ақтау қаласының су басатын жерлері аз. Мұнайлы ауданында да су басу мәселесі бар. Қазір Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласына соған қатысты сметалық құжаттары жасақталды. Үкімет қаулысымен бекітілген жол картасы бар. Осы аудан сол картаға енгізілді. Егер қаражат үкімет тарапынан бөлінетін болса, онда Мұнайлы ауданымен Жаңаөзенге де суағарлар салынатын болады. Жаңаөзен қаласы әкімдіктің өз қаражатына суағарлар жасап, жұмыстанып жатыр.
- Суға түсу маусымында жұмысыңыз көбейетіні белгілі. Сол мезгілде адам қауіпсіздігі үшін қандай жұмыстар атқарылды?
- Жаз айында адамдар суға кетіп, қайғылы оқиға кездесіп жатады. Алдыңғы жылы көп адам суға кетті. Бұл көрсеткіш биыл екі есе азайды. Бұл нәтижеге адамдарды құтқарып қол жеткізген жоқпыз. Үгіт-насихат жүргізіп, теңіз жағалауындағы мекеме басшыларының, коммерциялық мекемелердің түсінушілікпен қарағанының арқасында жеттік. Біз жұмыссыздық есебінде тұрған адамдардың тізімін алып, оларды үгіт-насихат жасау жұмыстарына қабылдаймыз. Олар аптаның демалыс күндері аймақ бойынша аудандарға жұмысқа жұмылдырылады. Қалған күндері авария құтқару жұмыстары қызметкерлері жылжымалы бекеттер арқылы үгіт-насихат жүргізеді. Атқарған жұмыстарымыз газет, телеарналардан шығып жатыр.
- Қыс айындағы қар басу мәселесі, сондай-ақ ауыл-аймақтағы тұрғындардың газды қауіпсіз пайдалануы жөнінде ақпараттар беріліп немесе басқа да іс-шаралар қолданасыздар ма?
– Қыс айларында қар басу салдарынан жолдардың жабылып қалу мәселелері, Маңғыстау облысында республикалық облысаралық жолдардың жөнделгенге дейінгі туындаған мәселелер. Жөндеу жасағаннан кейін, ол мәселе түбегейлі жойылмағанмен, 90% шешілді. Себебі «Маната» шатқалы биіктігін төмендетті. Соған байланысты автомашиналар төменнен жоғарыға, жоғарыдан төменге ешқандай қиындықсыз өтіп жатыр. Қарақия ойпатында да тауларды кесіп, төмендеткеннің нәтижесінде ол жақта ешқандай проблема жоқ. Басқа аймақтан келген көліктерде қысқы дөңгелек болмауы мүмкін. Дөңгелек мұзға тайып, кейбір жерллерде адами факторлардан апат болады.
№10 бекет пен Жармыштың ортасында Бесшоқы деген биіктікте екі машина тайып жолдан шығып кеткен. Ол жер төтенше жағдай болатын қауіпті аймақ емес. Адами факторлар да болуы мүмкін. Соған байланысты қазіргі таңда қысқа дайындық барысында төтенше жағдайлар бойынша облыстық комиссияның отырысында тиісті нұсқауларын бердік. Сонымен қатар қыс кезіндегі газды пайдалану қауіпсіздігі бойынша тұрғын үй секторында өрттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша тиісті ескерту нұсқаулар берілді. Қазіргі таңда департаменттің өрт сөндіру қызметі мамандары үгіт-насихатпен айналысып жатыр. Әр апта сайын елді мекендерге шығып, «газды қалай пайдалану керек?», «қалай қауіпсіз пайдалану керек?, «не істеу керек?» солардың барлығын айтып, көрсетіп жүр. Егер біздің қызметшілерді үйлеріне кіргізетін болса, газдың қауіпті, қауіпсіз екенін, ережеге сәйкес, сәйкес еместігін анықтап көрсетеді. Үгіт-насихат жүргізу арқылы газбен улану сынды факторлар азайды. «ҚазТрансГазАймақтың» қызметкерлерімен бірлесе отырып, қай жерде қандай ақау кетіп тұр, қандай жұмыстарды жетілдіру керектігі сияқты жұмыстарды бірге атқарамыз.
– Төтенше жағдай туындаған уақытта шұғыл шаралар атқаратын бөлімдер мен бекеттер туралы айтып өтсеңіз.
– Маңғыстау облысында 3 арнайы жабдықталған өрт сөндіру бекеті, 9 өрт сөндіру бөлімі бар. Авария құтқару отряды жазда судан құтқару мәселесімен айналысса, қыс мезгілінде елді мекен ішіндегі авария құтқару жұмыстарымен айналысады. Мысалы, жол апаты болған жағдайда құтқару, жоғарғы қабаттағы адамдарды төменге түсіру сияқты жұмыстарды атқарады. Жол бекетінде 2 медпункт бар, онда медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Біреуі – Жетібайда, екіншісі – Бейнеуде. Егер де республикалық жолда қандай да бір жол апаты болатын болса, көмек көрсетеді. Жарақат алып, ауыр халдегі адамдарды келесі елді мекендегі медпунктке жеткізу міндеттелген. Облыс әкімдігінің келісімшарты бойынша облыс деңгейінде аэропортта бір тікұшақ кезекшілікте тұрады. Қажет кезде іздестіру, құтқару жұмыстарына жұмылдырылады. Егер адам суға шомылып жүріп, жоғалып кететін болса, алдымен жағажайды, шамамен суға кеткен аймақты іздестіреміз. Ол жұмыстардан нәтиже шықпаса, тікұшақ арқылы іздестіру аумағын ұлғайтамыз.
Мысалы, Жаңаөзенде кішкентай қыз жоғалып кетті. Сол кезде тікұшақты жұмылдырдық. Жедел іздестіру нәтижесінде 1 тәуліктің шамасында табылды.
Әрбір аудан орталығында бір өрт бекеті бар. Оларда бір резерв, бір кезекшілік жүріс қарастырылған. Өндірістік аймақта мемлекеттік емес өрт сөндіру бекеттері бар. Олар өздері сол мекемемен келісімшартқа отырады. Келісімшарт бойынша өз техникаларымен бірігіп жұмыс жасайды. Біздің департаменттің өрт сөндіру қызметінің іс-шараларында бізбен бірге бірігіп жұмыс істейді. Егер де елді мекенде, қоғамдық орында үлкен құтқару жұмыстары болып жатса, бізді де шақыра алады.
- Қоңырау шалатын тұрғындар көбіне қандай көмек сұрайды?
– Бізге күніне 500-700 қоңырау келіп түседі. Жалпы қалалық 42-68-68, 42-68-00 нөмірлері бар. Төрт «112» деген линия бар. Соның барлығына келіп түскен қоңырауды есептейтін болсақ – 700 шамасы. Мереке күндері күрт ауа райы өзгерген кезде, одан да көбейеді. Себебі әртүрлі жағдай болады. Мейрам кездерінде такси немесе анықтама орталықтарының телефон нөмірлерін сұрайды. Біздің міндетімізге кірмейтін сұрақтарды қояды. Пойыздың, ұшақтың жүру бағытын сұрайды. Ол қоңыраулар линияны ұстап отырады. Күн сайынғы кезекшілікте екі адам қызмет атқарады. Біріншісі – аға кезекші болса, екіншісі – көмекшісі. Кейде түнгі уақытта жеткізу қызметтерінің телефон нөмірлерін сұрайды. Келіп түскен қоңыраулардың тек 30% бізге сәйкес келеді.
- Сіздерге қандай жағдайда қоңырау шалуға болады?
– Төтенше жағдай болу қаупі бар жағдайда. Мысалы, есік құлыптанып іште жас бала немесе мүгедек кісі қалып қойса, бізге бірден хабар беру керек. Төсек тартып жатқан адам 1-2 күн хабарсыз қалған жағдайда, кейде сол кісіге күтім жасайтын адам келмей қалғанда көршілер қоңырау шалады.
Жақында Уфадан қоңырау шалынды. Белгілі мекенжайды айтып, туысынан 2-3 күннен бері хабар жоқтығын баяндады. Учаскелік полициямен бірге бардық. Төсекте жатқан мүгедек кісі есік аша алмайды екен. Ашып, қоңырау шалған туысына хабар бердік. Медицина мамандарын шақырдық, олар қажетті медициналық көмегін көрсетті.
Кейде балықшылар балық аулауға кетеді. Балықшының лицензиясы барлық құжаты түгел болуы мүмкін. Үйіндегілер балыққа кетті деп, алаңдамайды. 2-3 күн кетеді. 4-5 күннен соң қоңырау шалады. Қай маңға кеткенін түгел сұрап аламыз. Сол территорияны іздейміз. Егер адам уақытында оралмаса, бірнеше күн күтудің қажеті жоқ. Уақытты жіберіп алсақ, біздің іздестіру жұмысымыз қиындау болады. Дер кезінде айтатын болса, табу мүмкіндігі басым. Ол шыққан уақытында ауа райы қолайлы болып, ал із-түссіз кеткенде ауа райы өзгеріп, қиындық туғызып жатады.
Адам суға кеткен кезде 112 нөміріне бірден хабарлау керек. Халық Қарақия, Түпқараған, Кендірлі, Ақтау өңірінде суға көп түседі. Адам суға кетті деген хабар жеткеннен біз Теңіз портына, Баутин портына, теңізде жүрген кемелерге, шекара қызметкерлеріне хабарды береміз. Олардың координаттары сәйкес келсе, іздестіруге кіріседі. Табылған немесе табылмаған жағдайда бізге хабарлайды. Бұл тұста порт қызметкерлері мен шекарашылардың еңбегі зор.
- Сіздің департаменттегі арнайы мамандар білімдерін жетілдіріп немесе өзге аймақтармен тәжірибе алмасып отыра ма? Өз ісінің шебері, ерлік жасап, марапат алған мықты мамандар бар ма?
– Біздің комитетте министрліктің нұсқауына сәйкес әр қызметкерге 3 жыл немесе 5 жыл сайын өзінің біліктілігін арттырып отыру міндеттелген. Соған байланысты Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы арнайы орталықтарға барып, біліктіліктерін жетілдіріп отырады. Қазір бұл бағытқа қаражат тұрақты бөлінеді, жыл сайын жіберіп тұрамыз. Барлығы бір деңгеймен бір бағытта жұмыс жасап жатыр. Ешкімді бөлмейміз. Әр адам еңбегіне сай марапатталады.
– Сұхбатыңызға рақмет.Зухра ӘБДІЛ-САТТАР