Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «XXI ғасырдағы Қазақстанның индустриялды және әлеуметтік жаңғыртуының басты құралы шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Елбасы атап өткендей, шағын бизнес ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасылық дәстүр болуы тиіс. Жаһандық рейтингке сай Қазақстан бизнесті жүргізу үшін барынша жағымды жағдайларға ие елдер тобына енеді және осы беталысты біз жетілдіруіміз керек. 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 50%-дан кем емес көлемін өндіретінін айтты.
Бүгінгі таңда мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында Жаңаөзен қаласында да шағын және орта кәсіпкерліктің даму қарқыны өте жоғары деңгейге жетіп, жан-жақты бағытта өріс алуда. Қаладағы ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, сауда-саттық, мәдениет және басқа да салалар бойынша жаңа бизнес жобалар өз орындарын тауып, кәсіпкерлікті дамытуға үлестерін қосып жатыр. Ол – жақында болып өткен кәсіпкерлердің көрме-жәрмеңкесінде айқын көрініс тапты.
Жалпы Жаңаөзен қаласы бойынша 2017 жылы 7 мыңнан астам кәсіпкер болып, онда 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын айғақтайды. Ал олардың саны 2018 жылы 1500 кәсіпкерге ұлғайып, жалпы 8,5 мың кәсіпкерлік нысан ашылып, оларда еңбек ететіндердің де саны едәуір артты. Мұның өзі қала экономикасының артуына өзіндік үлестерін қосты деген сөз.
Елбасы өзінің Жолдауында кәсіпкерлікке қашанда қолдау көрсететіндігін, кәсіпкерліктің маңыздылығын арттырудың алғы шарттарын жасақтап келеді. Соған байланысты жергілікті билік те тиімді шешімдер қабылдап, олардың қанатын қатайтып, кәсіптерінің дамуы үшін жан-жақты қолдау көрсетіп, тиісті көмектерін беріп отыр. Соның арқасында жоғары жетістіктерге жетіп, осындай өсімдерге ие болуда.. Мысалы, биыл Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың бастауымен, нақты тапсырмаларымен «Нұр Капитал» бағдарламасы жүзеге асты. Бұл республикамыздың, тіпті әлем елдері арасында болмаған оқиға. Тек Маңғыстау облысында жүзеге асырылуда. Себебі, бір пайыздық несиемен кәсіпкерлерге көмек көрсету деген біздің киелі мекен Маңғыстаудан басқа жерлерде жоқ. Осы игілікті бастамадан жаңаөзендік кәсіпкерлерде өте тиімді пайдалануда. Мәселен, осы «Нұр Капитал» бағдарламасымен қаланың 40 кәсіпкері жалпы 800 миллион теңгенің жобасын қорғады. Оның нәтижесі алдағы жылы көріне бастайды деген сөз. Осының бәрі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлікке жасап отырған қамқорлығының айқын айғағы. Өз кезегінде өңір кәсіпкерлерінің осыншама жеңілдіктердің игілігін көріп, алға қарай қарышты қадам басуларына бастама көтеріп, өз септігін тигізіп отырған Ералы Лұқпанұлына да жаңаөзендік кәсіпкерлер ризалық сезімдерін білдіріп, үлкен алғыс айтуда. Өйткені Өзен өңіріндегі мұнай кенорындарының айналысында бүгінгі таңда он шақты мың адам еңбек етіп жатса, кәсіпкерліктің төңірегінде 22-23 мың адам жұмыс жасап, өз нәпақаларын тауып, бала-шаға, отбасы мүшелерін асырап отыр. Осының өзі алдағы уақытта қаладағы жеке кәсіпкерлік пен кәсіпкерлік нысандардың қарышты қадаммен дамитынының айқын куәсі секілді.
Жаңаөзендік жеке кәсіпкерлердің жылдағы дәстүрге айналған көрме-жәрмеңкесіне қойылған дүниелердің көпшілігі көздің жауын алады. Біреуі құс әлемінің көріктілерін ағаш мүсіндерге ойса, тағы біреулері тіккен киім, мерекелік көйлек, камзолдарымен ерекшеленіп тұр. Әсіресе, Бексұлтан кондитерлік цехының өнімдері көпшіліктің көңілінен шықты. Цех жұмысшылары жасаған тәтті тағамдардың қатарында шоколодтан жасаған әйелдердің қол сөмкелері, тіпті аяқ киіміне дейін көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қоян, шағын паравоздар пішіндес етіп жасалған әртүрлі тәтті торттарда жиналғандардың тәбетін ашып жіберген секілді.
Қаладағы «Рауан» шағынауданында орналасқан «Балауса» балабақшасында жас нәрестелерді өнерге, оның ішінде сурет өнеріне баулуда айтарлықтай нәтижелі жұмыстар жасалып жатқаны сүйсінтеді. Балалар сабақ беруші апайларының көмегімен ертегілердің кейіпкерлерін, батырлардың тұлғасын, аңдардың суреттерін жасап қоймастан, Елтаңба, «Рухани жаңғыру», мемлекеттік ту секілді дүниелерді қағаздан қиып, альбомдарға жапсырып, жақсы дүниерді жасағаны көрініп тұр.
- Мен осы балабақшада орыс тілі пәнінен сабақ беремін. Бос кезімде балаларды көркем суреттерге, әртүрлі қызықты ертегі кейіпкерлерін және мемлекеттік нышандарды қағаздан қиып, албомдарға жапсырып, өз өнерлерін шыңдауға көмектесіп, атсалысамын. Жас нәрестелердің саусақтарының сезімталдығын арттыру үшін ертегі кейіпкерлерін, жыл мезгілдерін, табиғат тамашаларын жасатамыз. Мысалы, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының логотипін жасатып, мақаланың мазмұнын бірге түсіндірсең олардың есінде мәңгіге сақталып қалады. Табиғаттағы аңдар мен құстар да, олардың өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері де сондай. Бұл олардың өмірге деген құштарлығын қалыптастырып, өскен ортаға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға септігін тигізеді. Себебі, жастайынан өнерге, музыкаға, әдебиетке жақын балалардан келешекте қатыгездік, мейірімсіздік, тәртіпсіздік сияқты жағымсыз қасиеттері шығуы мүмкін емес, - дейді балабақша ұстазы Нағима Жұманова.
Міне, жеке кәсіпкерлердің «Табыс-2018» көрме-жәрмеңкесінде осындай жетістіктер мен табыстардың төркіні тілге тиек етіліпе, ашық айтылды. Сондай-ақ қала әкімі Әділбек Дауылбаев «Алтын орда» салтанат сарайында ұйымдастырылған көрмеге қатысып, кәсіпкерлердің өндірген өнімдерімен жеке-жеке танысып, оларға табыс тілеп, алғыс айтып, марапаттады. Соның нәтижесінде Жаңаөзен қалалық «Үздік кәсіпкер» қалалық конкурсының «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациясы бойынша жеңімпаз болған Бердіғали Беректовке, «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер» аталымы бойынша жеңімпаз Мақсат Юсуповқа, «Халықтық қолөнер саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясы бойынша жеңімпаз, жеке кәсіпкер Зияда (Зияш) Беклановаға, «Үздік әйел кәсіпкер» аталымы бойнша жеңімпаз, жеке кәсіпкер Рита Ермекбаевға, «Өнеркәсіп саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясы бойынша жеңімпаз, жеке кәсіпкер, «Мунайузеньсервис К.А.Н.» ЖСШ директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Темір Мусаевқа, сондай-ақ ынталандыру сыйлығымен аз ғана уақыт ішінде қаладағы мүжәлсіз, мүмкіндігі шектеулі жандарға мереке күндері, жаңа жыл қарсаңында қайырымдылық көмектер көрсетіп келе жатқан, газ сату бекетінің иесі, жеке кәсіпкер Раушан Бутантаеваға тиісті марапаттарын табыстады.
Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерекелік шараларына атсалысқан және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін 5 кәсіпкер естеліктелік сыйлықтармен марапатталды. «Табыс-2018» көрме-жәрмеңкесіне ат салысып, қаланың дамуына, өркендеуіне, көркеюіне үлестерін қосып жүрген 19 кәсіпкер қала әкімінің алғыс хатына ие болды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН