Мәслихат депутаттары өз округі бойынша жылына кемінде бір рет кездесіп, атқарылған жұмыстары бойынша есеп беріп, сайлаушылардың өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оның шешілу жолдарын қарастыруға міндетті. Осыған орай, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Жаңбырбай Дәрменов, Жаңаөзен қалалық мәслихатының №3 сайлау округінің депутаты Нина Самаликова, №4 сайлау округінің депутаты Тимур Мұсаев, №6 сайлау округінің депутаты Нұрберген Худибаев және №8 сайлау округінің депутаты Исенбай Қалдаманов сайлаушылармен кездесті. Есептік кездесу 6 желтоқсан күні Жаңаөзендегі Оқушылар шығармашылық үйінде болып өтті.
Қалалық мәслихат депутаты Нұрберген Худибаев жиынды ашып, жүргізді. VІ шақырылымда сайланған қалалық мәслихаттың №3 сайлау округінің депутаты Нина Самаликова баяндама жасап, қалалық мәслихаттың 2018 жылы атқарған жұмыстарын, тұрақты комиссияда талқылаған мәселелерін, сессияда қаралаған ұсыныстар мен қабылданған шешімдері жайлы, оған қоса әр депутаттың өткізген жеке қабылдауларын, түскен арыз-шағымдарын, шешілген тұстарын толықтай айтып өтті. Ал, облыстық деңгейдегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жаңбырбай Дәрменов баяндады.
Баяндамалар тыңдалған соң қатысушы тұрғындар тарапынан сұрақ қойылды. Арай 2 шағын ауданының 2-ші көше тұрғыны Нұрғара Әлібеков көше жарықтандыру, жол салу, трансформатырды биіктету секілді сауалдарын жолдады. Көшедегі жарықшамдар жасамай қалғанын, соны тездетіп жаңалауды, сондай-ақ көшеге асфальт жол төсеу қажеттігін айтты. Бұл сұрақтарға тиісті мекеме басшылары, өкілдері ортаға шығып жауап беріп, жарық мәселесі осы айда қалыпқа келтірілетіні, ал жол салу келер жылдың еншісінде екенін назарға берді. Арай 2, 8 көше тұрғыны Қарашаш апа осы шағын аудандардан қоғамдық көлік жүрмейтіндігін, бұл мәселенің шешімі болмас па екен деген өтінішін білдірді. Қалалық жол бөлімі Арай 1, Арай 2 шағынаудан тұрғындарынан мұндай арыз түскендіктен, №2 маршрут жол жүру схемасын өзгертіп, аталмыш шағынаудандар арқылы өтетіндей еткен. Бірақ, жеке кәсіпкер тиімсіз деп тауып, тоқтатылған. Алдағы жылы автобустар бөлінген жағдайда бұл мәселе шешім табатыны жеткізілді. Сонымен қатар, кездесу барысында жаяу жүргінші жолдарын салу, жол сапасына мән беру т.б.мәселелері қозғалып, тиісті мекемелер қаперге алып, іс-шаралар жүзеге асыратындықтарын айтып кетті.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП