Маңғыстау ауданының орталық емханасында ауданның 90 жылдығы, Тұңғыш Президент күні қарсаңында бар ғұмырын елі үшін еңбек еткен, соның ішінде медицина саласында жұмыс жасаған Аязбай Сарсенбаевқа ескерткіш тақта қойылды.
Аязбай Сарсенбаев 1943 жылы Таушық ауылында туған. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік медициналық институтын бітірген соң 1966-1974 жылдар аралығында «Маңғыстау аудандық орталық ауруханасында» терапевт-дәрігер, 1974-1975 жылдары ауданның бас дәрігерінің орынбасары, 1975-2014 жылдары рентгенолог-дәрігер болып қызмет жасады. Қызметтегі табыстары үшін және көркемөнерпаздық жұмыстың дамуына белсене араласқаны үшін Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1973-74 жылдары Қазақ ССР Денсаулық сақтау министірлігінің, Маңғышлақ облысы кәсіподақ кеңесі президиумының Құрмет грамоталарын иеленді. 1988 жылы Маңғыстау ауданы агроөнеркәсіптік кешені қызметкерлері кәсіподағы президиумы кеңесінің Құрмет грамотасы, 1976 жылы ССР Денсаулық сақтау ісінің үздігі атағын иеленді. 2010-2013 жылдары Маңғыстау ауданы денсаулық сақтау саласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Алғыс хаты, 2012 жылы облысы әкімінің Құрмет грамотасы, 2013 жылы «Маңғыстау облысына — 40 жыл» медалімен марапатталады. Аязбай Сарсенбаев 2015 жылы 9 қаңтарда дүниеден өтті.
Ақ халатты абзал жанның өнегелі ісі көптің көңілінде мәңгі сақталсын деген мақсатпен орнатылған ескерткіш-тақтаны аудан әкімі Ж.Айтуаров пен әріптесі, дәрігер А.Сейтмағанбетов ашты. А.Сарсенбаевтың көз көрген әріптестері бірге қызмет еткен жылдардан естеліктер айтты. Марқұмның апасы Ханшайым мен жолдасы Даметкен сөз алып, басшыларға алғыс айтты.
А.НОҒАЙХАН