Бұл ғұмырнамалық эссе Маңғыстау техникалық колледжінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарының иегері, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, әдіскер мұғалім, Маңғыстау механизаторларының бас ұстазы атанған Өмір Сағындықұлы жайлы жазылды.
Өткен ғасырдың 50–60 жылдарындағы Маңғыстау өлкесінің экономикалық-әлеуметтік даму деңгейі аға буын ұрпақтың көз алдынан әлі кете қоймаған шығар. Ол кездегі Маңғыстаудағы мал шаруашылығы сонау XVIII-XIX ғасырлардағы сияқты ауыр да азапты қол еңбегіне негізделген болатын. Малшыларға көрсетілетін медициналық, мәдени-тұрмыстық қызмет дегендер үш ұйықтаса түсімізге кірмейтін. Мен байырғы маңғыстаулық малшының баласы ретінде бәрін де жақсы білемін, себебі басымнан өткен, көзіммен көрген үйреншікті жағдайлар болатын.
Бес жасымнан бастап шыжыған күннің астында шырылдап шығыр көлігіне мінгендердің бірімін. 12-13 жасымда Оразалы Жұпбаев, Жәмиғат Жақыпов, Сүлеймен Жапаров, Күзенбай Бектілеуов, Талпақ Дүйсенбеков сияқты жігіттермен тізерлесе отырып, ши қораның ығында азаннан ақшамға дейін бел жазбай қол қырықтықпен қой қырыққаным да есімде.
Сонау Үстірттің ұлы даласындағы Шаңқала, Шырақбай, Бесөгіз, Тәңке, Ешкіқырған, Жаңасу шыңырауларына 4 қанат киіз үйімізді 4 қоспаққа артып, жаяу-жалпылап қой айдап 20-25 күнде жететінбіз. Қазір есептеп қарасам, бүкіл көші-қон барысында 700-800 рет түйеге жүк артып түсіреміз екен. Талай тұмса келіншектер түйенің қомында толғатып, талай кейуаналардың жанарын кіреуге шалып, талай шалшауқандар шатқаяқтап, Шаңқала, Шырақбай шыңырауларына зорығып жететін.
Не деген жанкешті өмір десеңші?!...
Кейін мал шаруашылығы түбірімен өзгеріске ұшырады. Тұрмысымызға техника дендеп ене бастады. Сол техникамен бірге техниканың тілін жетік меңгерген өрімдей қыздар мен жігіттер келіп, бейғам да бұйығы өмірімізге араласты.
1962 жылы мың қойды Л-100 моторымен жалғыз өзім суарып шығарғанымда және сол жылдары бір отар қойды агрегатпен күліп-ойнап жүріп бір күнде қырқып шыққан қызжігіттерді көргенімде Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқанынан бетер қуанғаным есімнен кетер емес.
60-жылдардан бастап малшы-бақташылардың отбасылары Ұлы Үстіртке Газ-51 автокөлігімен көшіріле бастады. Мұның бәрін орасан зор жаңалық ретінде қабылдап, шын жүрегімізбен қуандық.
Отгон меңгерушісі Бейсен Көшбаев деген кісіге:
- Жасап жатқан осынау жаңалықтарыңыз үшін сізге көп-көп рақмет, аға, – дегенімді де ұмыта алар емеспін. Біз мұның бәрін ұжымшар бастықтары жасап жатқандай сезінетінбіз.
Бейсекең жайлы адам еді, маған қарап жымия күліп қарап тұрып:
- Рақметіңді маған емес, Таушыққа барып, Сағындықтың баласы Өмір ағаңа айт, – деп еді.
- Сағындықтың баласы Өмір деген кім? - деп Бейсен ағадан қалмай, тақымдап тағы сұрадым.
- Оны мына жастардан сұра. Бұлардың барлығы бәрімізді қиындықтың қамытынан құтқарған Өмір Сағындықовтың шәкірттері, – деді Бейсекең жайбарақат қалпынан жаңылмай.
Сонда өзімнен 3-4 жас үлкен Өтеш Дәрібаев деген жігіттің:
- Өмір Сағындықов – Таушықтағы УМСХ-82-нің бастықтарының бірі, біздің бас ұстазымыз, техника тілін үйреткен сол ағай. Сен де Таушыққа барып оқы, қор болмайсың. Техникасыз болашақ жоқ, – деген сөзі көкейіме қона кетті.
Осы әңгімеден кейін техниканың тылсым құпиясын білуге қатты құмарта бастадым.
Мұрасбай Абдуллаев, Әбекеш Ізтілеуов, Еділбай Дуланов, Сүйіндік Жаймағанбетов, Өтеш Дәрібаев, Аяп Мұқанов, Тілекберген Ниязбаев, Амантай Өмірбаев, Қосқан Сүйеубергенов, Сансызбай Шәудірбаев сияқты жігіттердей шофер-тракторист болсам деген арман біржола баурап алды. Бұл жігіттердің барлығы да бұрынғы Аманкелді ұжымшарының көлік жүргізушілері мен трактористері еді. Арманымның кілті Өмір Сағындықұлы ағайдың қолында тұрғандай сезіндім.
Сол күннен бастап Өмір ағайды іздей бастадым, шәкірті болып, дәрісін тыңдауға аңсарым ауды да тұрды.
Ақыры таптым. Бірақ кеш қалдым. 1963 жылы Тұщықұдық орта мектебінің директоры Ғайнибай Аманқосов ағай Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тарих кафедрасына аға оқытушы болып ауысып, бәрімізді балапан қаздай шұбыртып Гурьевке ертіп әкетті.
Сөйтіп, Өмір ағайдың дәрісін тыңдау бақыты бұйырмады. Шофер емес, мұғалім болып шықтым.
Арманым орындалмады... Біраз жылдар өткен соң Өмір ағамен қоныстас, ұлқыздарымен жұмыстас бо лып жете танысуға мүмкіндік алдым. «Өмір Сағындықұлы кім?» деген көкейімдегі сұраққа жауап таптым. Иә, Өмір Сағындықұлы кім? Әңгіменің әлқиссасын әрігеректен бастасам...* * *
...Бес Әлменбеттің бірі Шоңай атаның тұқым зәузатын «Үш тұғырлы ұрпақ» деп әрқашанда ерекше мақтан тұтатыным бар.
Ата ұрпағының бірінші тұғыры – Моншаұлы Бекбаулыдан бастау алған сынықшылықемшілік қасиет.
Шоңай ата ұрпақтарының екінші тұғыры – киелі күй өнері болса, шоңайұлдарының үшінші тұғыры – педагогика!
Өзім тиянақтаған дерекке сүйеніп айтар болсам, олардың 60-тан астамы ҚР-дың халық ағарту ісінің үздіктері, жетеуі ғалым-педагогтар, он шақтысы Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегерлері, онға жуығы ғылыми-әдістемелік, тәжірибелік еңбектердің авторлары. Кенжеғұл Исабергенов, Өмір Сағындықұлы, Көшім Көкімбаева сияқты марғасқалар – КСРО халық ағарту ісінің үздіктері.
Әлменбетұлы Шоңайдың бір баласы – Даң. Даң атамыз – би, шешен, үлкен парасат иесі атанған, қайырымдылығымен даңқы шыққан тұлға. Сермей тартқан семсер күйлердің көшін бастаушылардың бірі де осы Даң атамыз. Даңның он екі баласының бірі – Құнан. Құнан атамыз – қазіргі Жыңғылды ауылы орналасқан кең алқапқа алғаш рет ат байлаған адам. Жыңғылды ауылының киесі де, иесі де осы Құнан ата десек, ешкім де орынсыз дей алмас. Құнанның үш баласының бірі – Беген. Бегеннен Қамай, Қамайдан Сасық, Сасықтан біздің бас кейіпкеріміз Өмір ағаның атасы (кәрі әкесі) Қожамбет туған. 1875 жылы Сасық атамыз 21 жасында шешектен қайтыс болғанда Қожамбет 1 жастағы бала екен. Құдай қарасып, бесігін періште тербетіп өсірген бейкүнә сәби кейін Зия есімді шешеміздің қамқорлығында жүгірмек атанса да, жетімек атанбай ерте ержетіп, қатарға қосылып кеткен көрінеді.
Қожамбеттен Сағындық, Ақжігіт есімді екі бала дүниеге келіп, кейін сол екеуінен елге танымал қос әулет – Сағындықовтар және Ақжігітовтер әулеті өсіп шықты.
Мен көптен бері іздеп жүрген Сағындықұлы Өмірді осылай тауып, оның ғибратты ғұмырнамасының 51 жылға созылған даңқты педагогикалық марафонының ізіне түсуге мүмкіндік алдым.
Өмір Сағындықұлы – Жыңғылды – Ұланақ өңірінің тумасы. Кезінде «Маңғыстаудың білім бәйтерегі», «Білім академиясы» атанған Шахта орта мектебінің 1956 жылғы түлегі. Диар Төлебаевтың қолынан кәмелеттік аттестат алып, арман асуларын бағындыруға аттанған 41 қыз-жігіттің бірі.
Кейін сол түлектердің бәрі де Маңғыстау өңірінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып, ұлан дала төсінде өшпес іздерін қалдыра білді.
Өмір Сағындықұлы Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын ойдағыдай бітіріп, туған жеріне қайта оралды. Сол кезде Маңғыстауда КПСС Орталық Комитетінің 1953 жылғы қыркүйек айында өткен пленумының қаулысын жүзеге асыру жұмыстары қауырт қолға алынып жатқан-ды. Ауыл шаруашылығын механикаландыру мәселесі күн тәртібіне өткір қойыла бастады. Аталған проблеманы шешудің бірден-бір жолы – маман кадрларды жергілікті жерде дайындау. Осындай тарихи, экономикалық алғышарттар 1958 жылы Маңғыстау топырағында алғашқы кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орнының ашылуына негіз болды.
Таушық селолық Кеңесіне қарасты 7-шахта елді мекенінде ашылған білім ордасы алғашқы жылдары №82 ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі (УМСХ – 82), кейін №82 кәсіптік техникалық мектебі (СПТУ – 82), №5 кәсіптік-техникалық мектеп, ал қазіргі нарықтық экономика тұсында «Маңғыстау техникалық колледжі» деген атауларға ие болды.
Білім ордасының алғашқы директоры Х.Ахтанов жоғарғы және арнаулы орта білімді инженер-техникалық мамандардың жетіспеушілігіне қарамастан, алдарында тұрған орасан зор тарихи-экономикалық, әлеуметтік міндеттерді ойдағыдай орындап шығуға ұжым мүшелерін жұмылдыра білді.
Басты міндет – ғасырлар бойы өзгеріссіз келе жатқан ауыр қол еңбегіне негізделген мал шаруашылығын жаңа техника мен технологияға негіздеп қайта құру. Осындай мақсат биігіне ұмтылған ұжымға 1959 жылы арман биігіне ұмтылған Өмір Сағындықұлы келіп қосылды.
* * *
- Биыл абыз жасы – 60-ына аяқ басқалы отырған механизаторлар мектебі Маңғыстауға не берді? дейтін дәстүрлі сұрақтардың төңірегінде әңгіме қозғайтын болсақ, оның бергені өте көп.
Бүкіл Батыс Қазақстан университеттері мен институттары бере алмаған ауыл шаруашылығы саласының мамандарын УМСХ-82 (СПТУ-82) берді десек, артық айтқандық бола қоймас. Маңғыстаудың әрбір ауылында, шалғайдағы шағын елді мекендерде шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шығып, бейнетін арқалап, білек сыбанып жұмыс жасаған, ондаған, жүздеген автокөлік жүргізушілердің, трактористмеханизаторлардың, мастер – наладчиктердің (жөндеуші шеберлер), кіші техникалық қызметкерлердің, қырықтықшылардың, шөп шабушылар мен тайлаушылардың, тағы басқалардың бәрі де осы училищенің түлектері еді. Олардың даңқты еңбек жолдары Маңғыстаудың түпкір-түпкірінде құс жолындай сайрап жатты. Олардың арасынан Маңғыстау облысының чемпион трактористері, чемпион механизаторлары, жоғарғы мемлекеттік марапат иелері, ВДНХ-ның жеңімпаздары мен жүлдегерлері көптеп табылды. Олар депутат атанды, делегат болды.
Училищенің инженер-педагогикалық ұжымы ауыл шаруашылығы үшін ауадай қажетті жұмысшы-механизаторлар даярлаумен бірге, өзінің төл жұмысшысы, елі мен жерін шексіз сүйетін патриоттар тәрбиелеуді еш уақытта есінен шығарған емес. «Торғай күн жауса балапанын қорғайды, бұршақ жауса қарабасын қорғайды» деген сөз бар қазақта. Ал училище түлектері аспаннан бұршақ жаумақ түгілі, қара тас жауса да туған халқының қамын ойлаудан қашпады.
Механизаторларсыз бірде-бір іс бітпеді. Бірде-бір отар Үстіртке көшпеді, бірде-бір отар қырқылмады, тоғытылмады. Маңғыстаулықтар бәрінен бұрын осы механизаторларға қарыздар! Үй тірлігі де, түз тірлігі де, айналып келгенде, соларға тірелді.
Ал олар болса күткен биіктен көрініп, діттеген межеден шыға білді.
Рақмет сіздерге, Маңғыстау механизаторлары! Рақмет сізге, Өмір аға! Механизаторлар мектебін Өмір ағайсыз, ал Өмір ағайды механизаторлар мектебінсіз көзге елестету мүмкін емес. Училищенің 60 жылдық тарихының 51 жылына Өмір аға тікелей куәгер болды. 51 жылдың әрбір күні мен түні, айы мен аптасы Өмекеңнің ойының елегінен, жүрегінің сүзгісінен өтті.
Училище Өмекеңнің қолымен керегесін жайып, өсиетімен өмір сүріп, өнегесімен өркендеді. Өмір Сағындықұлы еңбек марафонының алғашқы 5 жылын оқытушы, әдіскер, директордың орынбасары сияқты қызметтерге арнады. Бұл жылдар, шын мәнінде, үйрену, қалыптасу, тәжірибе жинақтау жылдары болды.
1964 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының бұйрығымен училище директоры болып тағайындалды. Ол табан аудармай 17 жыл директор болып істеді. Осы 17 жыл ішінде өзі кемел ойлы педагогазамат, білікті ұйымдастырушы ретінде мақсатына жетті. Ал механизаторлар мектебі асыл мұраттар биігіне көтерілді.
«...Училищені 17 жыл басқарған, оның оқу-материалдық базасын нығайтуға және дамытуға сүбелі үлес қосқан және тұрақты инженер-педагогикалық ұжым құрып қалыптастырған Өмір Сағындықұлы болды» деп жазды Маңғыстау облыстық кәсіптік техникалық білім беру басқармасын 1980–1984 жылдары басқарған академик Өмірзақ Озғанбайұлы. («Халықтан асқан ұстаз жоқ», 1996 ж. 107-бет).
Сапалы материалдық-техникалық базасыз сапалы білімнің де болмайтыны белгілі. Өмір Сағындықұлы училищенің оқу-материалдық базасын нығайтуға ұдайы көңіл бөліп отырды.
1958 жылы шахтерлердің жұртында қалған аңғал-саңғал, барак типтес 3 корпуста сарғайған ескі плакаттармен жұмысын бастаған училище санаулы жылдардың ішінде іргелі оқу орнына айналды.
1965–1970 жылдары Өмір Сағындықұлының табандылығының арқасында 15 трактор, 6 автокөлік т.б. техникалық құралдар алынды. Теориялық сабақтарға арналған жақсы жабдықталған 5 кабинет-сынып, 1 лаборатория, тәжірибелік сабақтарға арналған 3 шеберхана жұмыс істеді. 1966 жылдан бастап «Автомобиль құрылысы», «Көше тәртібін сақтау ережелері», «Трактор, ауыл шаруашылығы машиналарының құрылысы» сабақтарында «Украина-4» жіңішке ленталы кино қондырғысы пайдаланылды. Жоғары және арнаулы орта білімді инженер-педагогтар саны жыл санап өсе түсті. Мұның бәрі сол кездің деңгейімен салыстырғанда айтарлықтай жетістіктер еді.
Сөйтіп, курсанттар техниканың тілін сайраған ескі плакаттардағы сызба суреттерден емес, көз алдарындағы самсап тұрған «тірі» техникалардан үйренді. Техниканың әлі тапшы кезінде осындай материалдық-техникалық базаға қол жеткізу – Өмір Сағындықұлының іскерлігінің айғағы.
Училищенің шеткері орналасуына байланысты барлық мәдени-тұрмыстық, шаруашылық нысандарын негізгі оқу базасының аумағынан салуға тура келді.
Ө.Сағындықұлы аудандық құзырлы органдар алдына тікелей мәселе қойып, нәтижесінде мәдениет үйі, спорт зал, кітапхана, әмбебап дүкен, шаштараз, жатақхана, асхана сияқты нысандар пайдалануға берілді.
Курсанттарға тегін киім, тамақ, сабақ үлгеріміне қарай 100–200 сом шәкіртақы беріліп тұрды. Мұғалімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесімен Өмір Сағындықұлы аупарткомның 1-хатшысы Т.Қағазовтың бірнеше рет қабылдауында болып, мәселенің оң шешілуіне қол жеткізді.
Сол жылдардың тағы бір ерекшелігі, барлық кеңшар орталықтарынан училищенің филиалдары ашылып шофер-тракторист мамандықтарын алып шыққандар саны арта түсті.
«Мен Шайыр ауылындағы училище филиалында сабақ бердім. Оқуға ауыл жастары түгел тартылды. Олардың әрқайсысына шәкіртақы, ал бізге берген сағат санына қарай еңбекақы төлеп тұрды. Біз теориялық, әдістемелік көмектің бәрін училище ұжымынан алып отырдық. Училище директоры Өмір Сағындықұлы айына 2 рет білікті мамандарын жіберіп, қатаң бақылау жасап отырды» деп еске алады қарт ұстаз Айтқұл Баймағанбетов.
1970 жылдарға дейін туысқан Түрікменстан, Қарақалпақстан Республикаларынан келіп оқитын жастардың көбеюі педагогикалық ұжымның алдына жаңа міндеттер жүктеді.
Ортақ мақсат пен мүдде, ортақ талап пен тәрбие, ұлттық-туыстық менталитеттер қазақ-түрікмен, қазақ-қарақалпақ жастарының арасындағы алтын көпірге айналып, оларды жақындастыра түсті. Әртүрлі ұлт жастарының арасындағы қалыптасқан достық пен интернационалдық рухтың бас продюсері Өмір Сағындықұлы және оның ұйымшыл ұжымы болғанын қазір зор мақтанышпен атап өткіміз келеді...
«Кезінде училище кәсіптік бағдар беру жұмысын Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей жерлерінде де жүргізді. Сол жылдары, әсіресе Түрікменстан, Қарақалпақстан жерлерінен келген жастарды Маңғыстауда тұрақтандыруда училище елеулі үлес қосты» деп атап көрсетеді сол жылдары басқарма төрағасы болған Ө.Озғанбаев.
Маңғыстаудағы мал шаруашылығының біртіндеп қарқынды дами бастауына байланысты, жаңа сұраныстар күн тәртібіне қойылды. Өндірістік сұраныстарды саралай отырып Өмір Сағындықұлы жаңа мамандықтарды, әсіресе «К-700» тракторының жүргізушісі, «Мастер-жөндеуші», «Село құрылысының шебері» сияқты мамандықтарды шұғыл түрде игеру қажет екенін түсінді. Осы мақсатына қол жеткізу үшін бірнеше рет облыс орталығына іссапармен барып, кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының табалдырығын тоздыруға мәжбүр болды. Тіпті облыстық атқару комитетінің төрағасына дейін баруына тура келді. Ақыры дегеніне жетіп тынды.
Оқу сметалық жоспар жасалынып, қомақты қаржы бөлінді. Жаңа сыныптар ашылып, жаңа мамандықтарды игеру басталды.
Өмекеңнің идеялары әрқашанда аудандық партия комитеті мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан қолдауларға ие болып отырды. Сөйтіп, санаулы жылдар ішінде жоғарыда аталған мамандықтарды мыңнан аса ауыл жастары бітіріп шықты.
Тағы бір айта кетерлігі, көптеген механизаторлар Өмір Сағындықұлының қолынан алған біліктілікті растайтын куәлік немесе дипломдарымен мұнай-газ, құрылыс өнер- кәсіптерінде табысты еңбек етті.
Өмір Сағындықұлы теориялық сабақтар өткізілетін сыныптарды, лабораторияларды, оқу-жаттығу, тәжірибе шеберханаларын әрдайым басты назарда ұстады. Өмекең сияқты іскер басшының басты ұстанымы: «Басыңмен ойла, құлағыңмен тыңда, көзіңмен көр, қолыңмен ұста» деген қағидаға негізделген. Директордың ұстанымы ұжым мүшелерінің тарапынан да қолдау тауып отырды. Ұжымдық қолдау бар жерде ілгері ұмтылыстың да болатыны түсінікті. Ал кертартпалық – әрқашанда кері жүрістің кепілі. Бұл – Өмекеңнің 51 жылдық педагогикалық тәжірибесінде көз жеткізген және аса сақтықпен қарап үйренген тәлімі.
Ол басқарған ұжымда көңілге қаяу түсіретін келеңсіз көріністердің бірде-бір рет болмағаны сөзімізге дәлел бола алады.
«Ақырып ашу шақыру абырой әпермейді» дейтін ол. Әрдайым әзілімен әрлеп, күлкісімен күптеп, сипай қамшылап отырып-ақ кемшілігімізді түзеп, келешегімізді көрсетіп беретін. Ол кісінің кабинетіне кібіртіктеп кіріп, күлімдеп шығатынбыз», – дейді Ө.Сағындықұлының «шинелінен» шыққандардың бірі Мұқан Байсегізов.
Жұдырықтай жұмылып жұмыс жасаған ұжым алақандай ашылып бір-бірін аялай білді. «Өсемін» дегендерінің бетінен қақпай, белін буды. «Кетемін» дегендеріне кедергі болмай, ақ жол тіледі. «Істеймін» дегендеріне іріткі салмай, іскерлікке баулыды. Мұның бәрі – Өмір Сағындықұлының үлкен жүрекпен жүргізген ұжымдық тәрбиесінің жемісі.
Өмекең 51 жылдың ішінде таудың тасындай іріктелген талай майталман мамандармен жұмыстас болды. Олардың қатарында Х.Ғұсманов, Н.Дербісов, Е.Қайболдиев, Ы.Досмағанбетов, Т.Қожамбетов, Р.Қабақов, Т.Қалауов, З.Құлшанов, Қ.Таңатаров, Н.Сүйеубаев, М.Құбышев, Т.Жолдыбаев, Н.Базылов, Б.Жұмағалиев, А.Борашев, Б.Сәрсенбаев, Ө.Жайлиев, Б.Қантурлиев, Қ.Құлов, С.Жұмағалиев, Б.Өтебаев, Ж.Собалақов, М.Асылбаев, Ж.Тастеміров, А.Балиев, А.Тәңірбергенов, Ш.Нәубетов, Н.Аманжолов, А.Мәстеков, А.Жүнбасов, Е.Байсегізов, М.Байсегізов, О.Қойлығұлов, Т.Жалғасбаев тағы басқа асыл азаматтар болды.
«Мен өте бақыттымын. Менің жолым болды. 51 жыл бойы алдымнан жасыл бағдаршам жанып тұрды. Менің бүкіл бақытымның кепілі – екіжүзділікке жандары қас, бір сөзді, бірегей болмысты ұжымдастарым» деп Өмір ағаның 80-нің сеңгірінде тұрып әуелі Құдайына, қала берді тағдырына мінәжәт етуі тегін болмаса керек. Жұмыс бабында өзі де асылға балап, алтынға теңгерген үзеңгілес серіктері де өсті.
Училищенің педагогикалық ұжымының байырғы мүшелері Т.Қожамбетов, Т.Жолдыбаев, Ш.Нәубетов, М.Құбышев, А.Мәстеков тағы басқалары кейін шаруашылықтың түрлі салаларында жемісті еңбек етті. Ы.Досмағанбетов, Х.Ғұсманов, Н.Базылов, Қ.Құлов «Каз КСР-і кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі» атанды.
Өндірістік оқу шебері Б.Сәрсенбаевтың есімі Каз КСР-нің «Алтын Құрмет» кітабына (1976 ж.) жазылып, «Каз КСР-і еңбек сіңірген кәсіптік-техникалық білім беру қызметкері» (1980 ж.) кұрметті атағы берілді. Н.Дербісов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, училище директоры Өмір Сағындықұлы «Ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медальдарымен, «КСРО кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
«Құрметті Өмір Сағындықұлы! ...Ұжым мүшелерінің мемлекеттік марапаттары да олардың толағай табыстары да тетелес інілеріміздің перзент сүйгені де үлкен қуаныш болатұғын. Сол бір жылдардағы мамандық таңдау күндері, кәсіптік бағдар беру, кәсіби шеберлік сайыстарын, байқауларын өткізу, пән олимпиадалары т.б. шаралар – ұстаздық жұмысымыздың ерекше бір нысандары еді.
Жазар естелігіңізде оларды да ұмытпағаныңыз жөн» деп жазыпты Өмірзақ Озғанбаев. «Халықтан асқан ұстаз жоқ» кітабында (1996 ж. 119-бет).
Әрине, Өмекең Ө.Озғанбаевтың тілегін толық орындап, талай кітаптарға естен кетпес естеліктер жазды. Әлі де жаза береді. Себебі 51 жылдық педагогикалық шежіренің шертер сыры көп екені белгілі.
* * *
Училищенің инженер-педагогикалық ұжымы әр ауылдан келген, әлі де ақыл тоқтата қоймаған жасөспірімдер тәрбиесіне ерекше назар аударумен болды.
«Директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметі – өте ауыр да жауапты жұмыс. Сондықтан олар жиі ауысып отырды. Менің директор болған кезімде осы қызметті атқарған А.Мәстеков, А.Тәңірбергенов, Ш.Нәубетов, А.Жүнбасов сияқты педагог-тәрбиешілер, саяси жетекшілер өз міндеттеріне сай қызмет ете білді» (Өмір Сағындықұлының естелігінен).
1966 жылы аудан орталығының Шетпеге көшірілуі Таушық тұрғындарына тым ауыр әсер етті. Ауылдың мәдени-тұрмыстық, санитарлық жағдайы күрт төмендеді. Атақты Шахта орта мектебіндегі оқушылар саны 200-ге дейін азайды. Таушық тұрғындарына жұмыс беруші де жабдықтаушы да тіпті түрлі деңгейдегі қызмет көрсетуші де училище болатын.
Соцгородок (әлеуметтік қалашық), Нұрбаулы тұмсық, Ескі Таушық, Апажар маңында шашыраңқы орналасқан село орталығы мен училищенің арасы 6-7 шақырым. «Артымыздан Өмір ағай келеді» деп ауа райының қолайсыздығына қарамастан училищеде істейтіндердің бәрі жолға шыға беретін. Өмір ағай болса, бірін де жолға тастамай, ГАЗ-51-дің астауы толғанша тиеп алатын. Қайтарда да шамасы келгенше ешкімді де жаяу жібермеуге тырысатын.
1980 жылы училище аудан орталығы Шетпеге көшірілгенше осы бір көрініс күн құрғатпай қайталанып тұрды. Өмір Сағындықұлы бірнеше мәрте Таушық селолық кеңесінің (төрағасы Жұмабек Селбаев) депутаты бола жүріп, ауыл тұрғындарының түйткілді мәселелерін шешуге де бір кісідей атсалысты.
1980 жылы училище ұжымы аудан орталығы Шетпедегі 3 қабатты жаңа оқу ғимаратына келіп орналасып, қалыптасқан кәсіптік-техникалық білім беру үрдістерін одан әрі жалғастырды.
2008 жылы Маңғыстау облысы әкімінің 372-қаулысымен «Маңғыстау техникалық колледжі» деген жаңа атауға ие болған байырғы оқу орнының материалдық-техникалық базасы еселеп өсті.
Жаңа оқу кабинеттері, шеберханалар, зертханалар, автотренажер сыныптары, акт, спорт залдары, жатақхана, мультимедия, лингафон, физика, химия кабинеттері, пісіру цехтары ашылып, заманауи талаптарға толық жауап бере алатын мүмкіндіктер пайда болды.
Училище (колледж) тарихында «Мұнай және газ кенорындарын пайдалану», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету», «Жөндеу және пайдалану», «Пісіру өндірісі», «Есеп және аудит», «Ғимараттар мен үйлерді салу және пайдалану» мамандықтары игеріле бастады. Училище (колледж) өміріне жаңа толқын келіп араласты.
Заман өзгерген сайын ұстазынан шәкірті оза бастады. Бұл Өмір Сағындықұлы сияқты саңлақ ұстазды зор қуанышқа бөледі.
«Мен Өмір Сағындықұлымен 20 жыл жұмыстас болдым. Менің бір көзім жеткен шындық – оның пейілі кең, берекеті мол адам еді. Өмекең – шын мәнінде, көптің алғысымен, ұжымдастарының қолдауымен, жанұясының ақ тілегімен көсегесі көгерген ұстаз. Тек өзінің ғана емес, өзгенің де алдымен өзі 51 жыл жұмыс жасаған білім ордасының да көсегесін көгертіп, ізгі мақсаттар мен биік мұраттарға қарай бастай білді» (ҚР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі Қазбөлек Құловтың естелігінен). Жанұясы демекші, Өмекеңнің жанұясы бұл күндері үлкен әулетке – Сағындықовтар әулетіне айналды. Туған інісі Өрен Сағындықұлы – Қаламқас кенорнын қолымен құрған ардагер мұнайшылардың бірі. «Қаламқас жасарып, ал мен қартайып барамын»,– дейді Өрен әзіл-шыны аралас.
Жеткізген Сағындықұлы – сауда саласының ардагері, өлкетанушы-шежіреші.
Өмекеңнің бауырынан өрбіген балалары да әкенің мақсатымен, ағаның ақылымен, ананың айтқанымен жүріп, адаспай жол тапты. Бірі – ғалым, екіншісі – ғалымға бергісіз ұстаз, үшіншісі – мемлекеттік қызметші, төртіншісі – кәсіпкер деген сияқты сан түрлі саланың саңлақтары.
«Мен үшін жұмыр жердің жұмағы – жанұям! Төрімді жұмаққа айналдырып, босағамды бақытқа бөлеген Құдай қосқан қосағым Күләш Жұмақызына мәңгілік қарыздармын. Ол тірісінде тілекші болып еді, міне, өлгенде жебеушіме айналып отыр. Күлекем аналық мейірімін, жұбайлық махаббатын өзімен бірге қара жер қойнауына ала кетпей, маған тастап кетті. Мен де өз кезегімде ұрпағыма аманат ретінде қалдырмақпын. Махаббатпен өмір сүрген ұрпақтың мақсаты айқын, мұраты биік болады. Мен ұрпағыма сенемін», – дейді Өмір аға Сағындықұлы.
Мен де сізге сенемін, алдымен сізге, сіз өсірген ұлағаты мол ұрпаққа сенемін, абыз аға! Сіздің аманатыңыздың орындалатынына сенемін. «Қаламқас жасарып, мен қартайып барамын», – деген Өреннің сөзінде шындық бар. «Маңғыстау техникалық колледжі» жасара берсін, ал сіз әдемі қартая беріңіз, бас ұстаз – байрақты бапкер аға!
Бұл – тіршіліктің бұлжымас заңы, қасиетті қағидасы.
Муса СЕГІЗБАЙҰЛЫ Шетпе–Ақтау–Таушық