©
«Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті 17-ші отырысы болып өтті. Оған кеңес төрағасы мен мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл және ауылдық округ әкімдері, тиісті мемлекеттік мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Мұнайлы ауданы әкімі аппаратының басшысы Еркін Оспан сөз алып, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Мұнайлы ауданы әкімінің шешімі туралы» баян етті. Сайлау учаскелеріне өзгерістер енгізу туралы мәселені тыңдаған кеңес мүшелері бұл шешімді бірауыздан мақұлдады.
Отырыстағы екінші мәселе жөнінде Атамекен ауылдық округінің әкімі Ескендер Ибрагимов «Атамекен ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебі» туралы баяндамасын жасады. Есепті кезеңде ауылдық округ бойынша 191 шағын кәсіпкерлік субъектісі және 27 ЖШС тіркелгендігін атап, жыл басынан бері жеке тұлғалардан 144, заңды тұлғалардан 7 арыз қаралғандығын айтты, аптасына 2 рет ауыл әкімі мен оның орынбасары ауыл тұрғындарының жеке сұрақтарымен 680 азаматты қабылдады. Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін сұрап 4 өтініш келіп түскен. Қазіргі таңда 527 өтініш жер кезегінде тұр.
Ауыл әкімі өз баяндамасында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша 170 өтінішті қарап, бір жолғы материалдық көмек сұраған 83 азаматтың арызы қанағаттандырылғаны жөнінде атап өтті. Атаулы мерекелер бойынша 450 отбасына азық-түлік, 8 отбасына қолма-қол қаржылай көмектер көрсетілген. «Мектепке жол» акциясы аясында ауылдың белсенді жеке кәсіпкерлерінің қолдауымен 475 балаға оқу- құралдарымен жабдықталған сөмкелер және 215 балаға мектеп формалары берілген. Сонымен бірге округ аумағында дәстүрлі емес дін ұстаушы тұлғаларды анықтау бойынша аппараттың жауапты маманы аудандық теолог мамандарымен бірге жұмыстар жүргізіп, тұрақты бақылауда екендігін атады. Округте «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүргізілген орталық су құбырына тұрғын үйлер толығымен қосылған. Ауыз су кесте бойынша тұрақты берілуде.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Мұнайлы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ж.Досмағанбетов аудандағы сәулет және қала құрылысы бөлімінің жәй-күйі жөніндегі есебін баяндады. Ол бүгінгі таңда бөлім аудан тұрғындарына 8 мемлекеттік қызмет көрсететінін атады. Өткен жылы 7431 қызмет көрсетілсе, ағымдағы жылдың 10 айы ішінде 4443 қызмет көрсетілген. Сөйтіп ол көрсетілетін 8 қызмет түріне жеке-жеке тоқталып, атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Баяндамашы елді мекендерде сәулеттік талаптарға сәйкес кәсіпкерлік мақсаттағы және басқа да құрылыс нысандарына бөлінген, бөлінетін жер учаскелерінің бас жоспарға сай болуын, қорғау аймақтарының сақталуын күнделікті келіп түскен өтініштер бойынша құрылыс нысандары тексеріліп, қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
Төртінші мәселе – қоғамдық кеңестің мүшесі Мусаева Динаны кеңес мүшелігінен босату және Нұғыман Айғанымды кеңес мүшелігіне қабылдау туралы болатын. Бұл мәселені де кеңес мүшелері қарап, шешім қабылдады.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – Мұнайлы аудандық қоғамдық кеңес отырысының төралқасын сайлау туралы болатын. Мұны да кеңес мүшелері қарап, төралқа құрамына қоғамдық кеңес төрағасы Табылды Әміровті, кеңес жанындағы комиссиялардың төрайымы мен төрағалығына Роза Өтеғұлова мен Құлжан Егізқараевты сайлады.
Отырыстағы ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізілді.
Д.ХАНСҰЛТАН