©
31 қазан күні барлық қалалық мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлерінің, мектеп ұстаздары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен ҚР Президентінің 2018 жылдың 19 ақпандағы №637 Жарлығымен бекітілген жаңа қазақ әліпбиі емлесінің ережелері жобасын түсіндіру мақсатында кең көлемде жиналыс өтті.
Аталған жиынға Астана қаласынан «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми жетекшісі, филология ғылымдарының докторы Бақытгүл Ысқақова және Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Бектұрқызы арнайы келіп, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы мен тиімділігі жөнінде, жаңа қазақ әліпбиінің ережелерін түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, қатысушыларға 14 қараша күні латын әліпбиінен республикалық диктант өтетіндігін хабарлады.
Бақытгүл Ысқақованың айтуынша, Елбасының Жарлығы бекітілгеннен кейін, Премьер министрдің бұйрығымен аталған мәселе бойынша Ұлттық комиссияның жұмыс тобы құрылған. Атап айтқанда, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және ақпараттық сүйемелдеу жұмыс топтары. Орфографиялық жұмыс тобы қазіргі таңда латын әліпбиі негізінде жазу емлесінің ережелер жобасын жасап, аяқтап отыр. Әдістемелік жұмыс тобы жасалған жобаның негізінде жаз айларында сынама жұмыстарын жүргізді. Яғни қаншалықты дұрыс болды, қай жерінде қандай кемшіліктер болды деген сұрақтарға жауап алуда апробациядан өткізген. Терминологиялық жұмыс тобы біздің термин сөздердің латын әліпбиіне көшкенде жазылуы қалай болатындығын, одан кейінгі ақпартаттық сүйемелдеу жұмыс тобы латын әліпбиінің пернетақталарда орналасуын қарастырды.
- Халықаралық қолданыста көптеген елдерде осы латын әліпбиінің стандарты бекітілген. Түркі елдерінің ішінде тек Қазақстан мен Қырғызстан ғана латын әліпбиіне көшпеген. Латын әліпбиі арқылы тілімізді халықаралық дәрежеге шығара аламыз. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы Ұлттық кодымызды сақтай аламыз. Ұлттық кодтың бірі - тілді сақтау. Латын әліпбиін енгізу арқылы қазақтың төл, табиғи тілін сақтай отырып, қалпына келтіруді мақсат етіп отырмыз, - деп Бақытгүл Дәуітбекқызы өзінің дайындап әкелген ақпаратын слайд түрінде көрсетіп, баяндап берді. Нақтырақ айтқанда, қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін, қолданыста жиілігі жоғары сөздерді пайдаланып, олардың жазылуы мен айтылуын, «ю, я, ъ, ч» әріптерінің сөз басында және ортасында қалай жазылатынын, ономастикалық атаулар мен терминдердің жазылу үлгілерін мысал келтіріп атап өтті.
Айтолқын БЕРІКҚЫЗЫ