Семіздік бүкіл әлемдегі созылмалы аурулардың кең тараған түрі болып табылады. Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдердің арасында семіздік өте көп кездеседі. Артық салмақтың және семіздіктің балалар арасында таралуы 10-17,5% құрап отыр.
Семіздіктің басты үш себебі бар.
Біріншісі – үнемі артық тамақтану, мешкейлік.
Екіншісі ата-әжесінің, әке-шешесінің немесе нағашысының біреуі толық болса, олардың ұрпағы да семіздікке бейім тұратын тұқым қуалаушылық.
Үшіншісі – ішкі секреция бездерінің, әсіресе гипофиздің, қалқанша без бен жыныс бездері қызметінің бұзылуы салдарынан зат алмасу процестерінің интенсивтілігі күрт төмендеген жағдайда басталатын семіру. Демек, семіру – зат алмасу дұрыс жүрмегендегі ауыр зардаптарға соқтыратын ықтимал ауру.
Семіздіктің жалпы денсаулыққа деген кері әсері өте көп:
Жүрек-тамыр жүйелері – қан қысымының жоғарлауына, жүректің ишемиялық ауруына, созылмалы жүрек ауруларына;
Асқазан-ішек ауруларына – асқазан қабынуы (гастрит), 12-елі ішек қабынуына (дуоденит), өт және өт жолдарының қабынуына, ұйқы безінің қабынуына (панкреатит).
Қимыл-тірек аппараты – сүйек құрылысының өзгеруі, сүйек және буындардың деформациясы, «Х» және «О» аяқ образды деформациясы.
Эндокринді жүйе — ұйқы безінде майлы патологиялық процесстер болады және ол қант диабетіне әкеледі.
Жүйке және психикалық жүйесінде – балалар арасында семіздік кезінде ұйқы бұзылуы, ұйқы кезінде қорылдау байқалады. Невроз қалыптасады, астениялық жағдай, өзін-өзі кем сезіну пайда болады. Балалар арасында депрессия қалыптасады, ол психикалық ауруына әкелуі мүмкін.
Семіздіктің алдын алу үшін:
Бірінші қадам – ата-аналар салауатты өмір мен дұрыс тамақтанудың аса маңыздылығын білуі қажет. Өскелең организмнің қалыпты дамуы үшін денелік белсенділігі жеткілікті болуы қажет.
Екінші қадам – баланың дене шынықтыруға және спортқа деген қызығушылығын арттыру. Ата-аналар өздері балаларына өнеге, тәлім беруі қажет.
Семіздіктің алдын алу салауатты өмір салты, саламатты тағамдық өнімдерімен қамтамасыз етуден құралуы қажет, тағам рационынан фаст-фуд тағамдарын, газдалған сусындардан арылу қажет. Балаларды мөлшерден көп тамақтандырудан сақтау қажет, әсіресе тұқым қуалаушылыққа бейім отбасыларында. Баланың салмағын туылған жылы ғана емес алдыңғы өсіп келе жатқан жылдарында да өлшеп қадағалап отырған қажет.
Тұқым қуалаушылық фатальды емес, сыртқы факторлардың әсері өте жоғары болатынын ата-аналардың есіне сақтағандары дұрыс және сыртқы факторларды өзгертуге болады.
Адам өзінің дене салмағы қалыпты жағдайдан 3-4 келі өсісімен-ақ, толысудың алдын алуға тиісті. Ол кейін емделгеннен әлдеқайда тиімді. Сол себепті, салмақ өсіп бара жатқанында жеңіл тамақтануға көшкен немесе белсенді әрекет жасау арқылы денеден шығатын қуаттың мөлшерін арт-тырған жөн. Және де тағамның қуатын май мен көмірсуының есебінен азайту, белоктар тағамның алмастыруға болмайтын бөлігі болғандықтан оларды азайтпау қажет. Артық салмақ қосуды қаламайтын адам ет, сүт өнімдерін, малдың майын, тәттілерді, нан, ботқа, картопты көп қолданбайды, тәбетті арттыратын дәмдеуіштер мен ащы нәрселерді шектейді, тұзды өте аз мөлшерде пайдалану қажет.
Тамақты аз-аздап ішуді қамтамасыз ететін тамақтану тәртібін қатаң сақтау қажет».А. ИСАБАЕВА Жаңаөзен қалалық ҚДСБ басшы орынбасары