Қазақ әуелден «Қыран жемін шашып жейді, Құзғын жемін басып жейді» деуші еді... Әрісін ұғынсақ пендеге қаратып тікелей айтылған астарлы сөз. Мал бітіп, тасыдым демей, қоғам үшін барын аямай, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген кәсіпкерлер арамызда жетерлік. Жақсының жақсылығын айтып, көңілін тасытып, мерейін асыру – бізге де парыз.
Жуырда Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты түрде құттықтап, марапаттау рәсімі өтті. Өңіріміздің жергілікті кәсіпкерлерінің еңбегі мен өлкенің өркендеуіне үлес қосып жүрген жұмыстарын бағалаған атаулы күн екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, дәстүрге айналып келе жатқаны көңілге медет.
«Атамекен» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың бастапқы 10 айында жоспарланған 85 іс-шараның 39 жобасы меценаттардың көмегімен іске асырылды. Облыс бойынша 12 спорт кешені мен алаңдары, 4 мектеп жанындағы жылыжай, 100 орындық отбасылық жатақхана салынып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 11 пәтер берілді.
Сонымен қатар жалпы сомасы 14 млрд. 785 млн. 60 мың теңгені құрайтын 22 жоба құрылысы жылдың соңына дейін толықтай аяқталады деп күтілуде.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов киелі Маңғыстау жерінің дамуына белсенді үлес қосқан үздік меценаттарды марапаттау кезінде сөз сөйлеп, жылы лебізін жеткізді:
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауында атап өткендей, қазақстандықтардың жағдайы, ең алдымен, тұрақты әл-ауқатының өсуі мен тұрмыс сапасын арттыруына байланысты. Бүгін осында тек қана аймақ емес, бүкіл елге оң ықпал етіп, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға зор үлес қосып жүрген адамдар қатысуда. Адамдардың өмір сүру сапасы жақсарған кезде, олардың санасы да өзгереді. Осы жағдайда бізге кәсіпкерлер баға жетпес көмек көрсете алады. Сіздердің көмек және қолдауларыңыздың арқасында, біз 2019-2020 жылдары тағы 29 жобаны іске асыруды жоспарладық, оның жалпы сомасы 13,5 млрд. теңге. Ақтау қаласында спорт сарайының құрылысы, Жаңаөзенде 59 үйді жөндеу, Бейнеуде 160 орындық спорт кешенінің құрылысын салу, Мұнайлы ауданында кітапхана мен мәдениет үйінің құрылысы және тағы басқа құрылыстарды салу жоспарлану да», – деп аймақтың тынысы жайлы баяндады.
Өз сөзін қорытындылай келе өңір басшысы «Жыл меценаты» номинациясы мен Сакен Есенгелдіұлы мен Асқарбек Сайынұлын марапаттады. «Туған өлке» номинациясы Мұхат Бердібекұлына, Дүйсебай Аманханұлы және Сұңғат Аңшыбайұлына табысталды. Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясын Дәметкен Асабайқызы, Иса Ибрайымұлы және Аббат Жәңгірханұлы иеленді. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық шараларын іске асыруда бас демеушілік жасағаны үшін «Үздік ұйым» номинациясымен Бақытжан Мәткерейұлы, Асылбек Тұрарұлы және Қуанышбек Спанұлы марапатталды.
Волонтерлік қызметтерге белсенді қатысқаны үшін «Ерен еріктілігі» номинациясымен Антонина Огай, Сәнім Мурадова және «Үммет жастары» қоғамдық ұйымы марапатталды.
Мадияр ТӨЛЕУОВ