©
Ертеде бала кезімде бір ертегі оқығаным бар. Оның атын да ұмытып қалыппын. Жалпы мазмұны былай болып келеді:
Бір жарлы жігіттің жалғыз аты бар, кішкентай ғана қара домалақ жылқы. Күнделікті күн көрініс, қой бағуға мініп жүрген көлігі. Содан бір күні ауылда үлкен той болып, бәйге жарияланады. Жер-жерден керемет сәйгүліктер келіп жатыр. Әуелден жарыстың алдын бермейтін жайсаң тұлпарлар жиналыпты. Соған әлгі қойшы жігіт те кішкентай қара домалағымен бәйгеге қатысуға ниет білдіреді. Жұрт әйда күле. Кілең сирақтары ұзын сүйекті бәйге аттарының қатарында мұныкі тіпті аласа, жарысқа жарамайтын сияқты. Басқалар қойшыны мазақтап, күлкі етеді.
- Қасқа-ау, мына түріңмен бәйге сенің не теңің? Далада қаласың ғой!
- Анау аты кішкентай, сосын көзге көрінбей жолдан қосылып, бәйге алғысы келетін шығар! – деп бәрі қарқ-қарқ күледі.
Содан қойшының қара домалағы құлдыраңдап, бәйгеден алдына жан салмай бірінші келеді. Бәйгешілер аң-таң және сенбейді.
- Бұл әлгі айтқанымыздай жолдан қосылған ғой, – деп дау шығарады.
Сонда қойшы жігіт қойнынан өзімен бірге шапқан барлық шабандоздардың бастарына тартқан орамалдарын, киген телпектерін шығарыпты. Жұрттың сенбесін біліп, дәлел үшін бәрінің басындағыларды жандарынан озып бара жатып жұлып алып, қойнына тыға берген. Сөйтіп, даукестердің ауыздарына құм құйыпты.
Мен Айтбергенді өзінің кішкене ғана тұрқымен бәйгеден бірінші келетін сол қара тұлпардай көремін. Осындай ертегілік теңеу келтіргеніме Айтоштан (інімді осылай атаймын) кешірім өтінемін.
Осы тұлпар мәреге бірінші жетсе де, біреулер елемей, тіпті менсінбей (ондай да болған) жүргенде бастарындағы бөріктерін жұлып әкелгендей әсер береді. Осыған дейін марапаттардан қалыс қалып келген Айтберген қазір 70 жасқа толған шағында ғана ҚР мәдениет саласының үздігі және Ы.Алтынсарин медальдарын иеленді. Ештен кеш жақсы, құтты болсын!
«Қара» демекші, бұл сөз әуелден Айтберген ауылына бөтен емес. «Жаман қара» – адайдың белді руларының бірі. Бұл есім Маңғыстау түгілі бүкіл Кіші жүзге белгілі бай және ел қайраткері жаңай Қожаназардың аузынан шыққан көрінеді. Ол туған жиендерінің бірі Жанбозұлы Өтебайдың ауылында қонақ болып, үлкен құрмет, сый-сияпат көреді. Сонда Өтебайды арқасынан қағып: «Әй, осы бір жаман қара жарады», – депті. Өтебай да ұрпағы Айтберген секілді қара кісі болса керек. Міне, осы сөз елге тарап, рудың аты «жаман қара» болып кеткен. Оны ешкім де қорсынбай, бәрі иемденген.
Бұл рудан нелер жайсаң жақсылар шыққан. Осы шағын мақалада олардың бәрін тізу міндет емес. Тек екеуін ғана айтсақ, жарар. Біреуі, бір де болса, бірегейі – атақты Иса болыс. 1870 жылғы адай көтерілісі басшыларының бірі, Досан батырдың оң қолы, саяси тірегі. Яғни орысша айтқанда – политрук. Олай дейтініміз – тілге шебер, орақ ауызды би болған және батырлықтан да кенде емес, Досан батырға сай күресіпті. Ол қозғалыстың халық ауызында «Иса-Досан көтерілісі» деп аталуы тектен тек емес. Өнерге де жақын болыпты. Маңғыстаудың жеті қайқысының бәрін жинап, «Тесік там» деген жердегі билер кеңесінде әншілер айтысын ұйымдастырғаны ел есінде сақталған.
Қазір Кетік қаласындағы бір төбешікте Иса мен Досанның керемет ескерткіші бой көтерген. Ол төбешіктің ескі заманда «Күйік патша» аталғанын қазіргі көп ұрпақ білмеуі мүмкін. Ол төбешікте орнатылған орыс патшасының кеуде мүсіні (бюсті) күйік болып көрінетін қара темірден жасалған еді, сондықтан оны ел «Күйік патша» деп атап кеткен.
Мінеки, біз «жаман қараның» бір берен өкілін айттық. Осы жерде: екеуін айтамыз деп едіңіз, екіншісі кім деген сұрақ туатыны белгілі. Екіншісі – осы мақаланың негізгі кейіпкері – Айтберген Әбілұлы Жаңбыршы болмақ.
Жоғарыда келтіргеніміздей, ол шынында да тұлпар, өнер тұлпары. Дәстүрлі өнердің – күй, ән, жырдың қай-қайсысына да жетік. Әрине, сахнада шығып, көп орындап жүрген жоқ, бірақ соларды жинап, елге ұсынып, сахнада көрсетудегі еңбегі орасан. Қазір Маңғыстау күйлерінің, ән-жырларының еліміздегі керемет орындаушылардың қолынан, не көмейінен естіп жүргеніңіз кімнің арқасы? Тұп-тура Айтбергеннің арқасы! Мәселен, өткен ғасырдың үшінші ширегіне дейін біздің күйлеріміз, ән-жырларымыз республика деңгейіне көтеріліп пе еді? Жоқ, тек Мұрекең – Мұрат Өскенбаевтың бірен-саран күйлері ғана болмаса. Міне, олардың ноталары шыққаннан бастап, бүкіл Қазақстанға тарала бастады. Ал ноталарды шығарған кім? Біздің Айтош – Айтберген Әбілұлы Жаңбыршы. Мысалы, адайдың алшаңдаған «Ақжармасы», «Жалдықарасы», т.б. күйлері және де әдемі нақышпен тартылатын «Терісқақпай», «Бөгелек», «Кербез керік», «Жаңылтпаш», аңыз, айтыс күйлер қазір жастардың ынтық, сүйікті дүниелеріне айналды. Сол сияқты жеті қайқының әндері, бұрынғы өткен Дүйсенбай, Сүгір, Шамғұл, Ұзақбай сынды жырау-жыршылардың саздары көпшіліктің ырзығы болды.
Мен, осы еңбегіне бола түбек елі оған борышты және әбден риза.
«Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан нота кітаптарын айтайық: «Нарату» күйлер жинағы (2 кітап), «Мен қашанғы жүйрігің» терме-жыр саздарының жинағы (2 кітап), «Адайдың ырғамасы» ән-жыр жинағы және «Қарасай-Қази» дастаны. Ал биыл 70 жасқа толған шағында Өскенбай мен Мұраттың шығармашылықтарына арналған «Күй қонып, кие дарыған әулет» атты кітап қолымызға тимек.
Ол Мұрекең өнері мен өмір жолына сонау консерваторияда оқып жүргенде-ақ кіріскенді. Дипломдық жұмысына осы тақырыпты таңдап, сазгер Тастановтың басшылығымен шұғылдана бастайды. Мұрекең күйлерін жазып алу үшін Қаршыға Ахмедияров екеуі күйшіні іздейді. Бұл жерде Қаршығаны айтып отырғанымыз – екеуінің достық-жолдастығы керемет еді. «Жолдасыңды айт, өзіңнің кім екеніңді айтайын» демекші, Айтбергенде дос-жаран көп, бірақ соның ішінде жанына жақыны – заманымыздың үлкен күйшісі Қаршыға Ахмедияров еді. Енді өзіңіз біле беріңіз, консерваторияда оқып жүргенде Айтберген оның бір туысындай үйінде жататын, бір жүріп, бір тұратын.
Содан екеуі Мұрекеңді белгілі күйші Мырзағұл Панаевтың үйінен тауып, бұйымдарын білдіреді. Мұрекең: «бүгін кешке Әбіш қонаққа шақырған, сонда келіңдер, сол үйде күйлерді жазарсыңдар» деді. Бұлар ұялып, ыңғайсызданып еді, қария: «Ештеңе етпейді, өзіміздің үйіміз» деп нықтады. Келсе, кілең ығай мен сығай сыйлы адамдар. Жайланып шәй ішкеннен кейін, ет піскенше Мұрекең қолдары домбырада жүйтки жөнелді, қызықты әңгімесімен. Айтберген магнитофонын қосып, үлгеріп, іздегеніне жетіп, қуанышында шек болмады.
Көп ұзамай Айтберген диплом жұмысын беске қорғап, оның бір дәнесін Мұрекеңе сыйға тартты. Сонда күйшінің мәз болғанын көрсеңіз. Біз осы жерде тарихта оқиғалардың қайталануын куәландырғымыз келеді. Жоғарыда келтіргеніміздей, ерте заманда жаңайдың ұлы тұлғасы Қожаназар Өтебайды мақтап, «осы жаман қара» деп көңілін білдірсе, енді екі ғасырдай уақыттан кейін сол жаңайдың тағы бір белгілі тұлғасы, берен өнерпаз Мұрат Өскенбаев сол Өтебайдың бір ұрпағы Айтбергенді мақтап, көкке көтерді. Бірақ ол «жаман қара» дегенді айтқан жоқ, «апыр-ай менің күйлерімді нотаға түсірген жақсы қара бала!» деп еді.
Маған салса, енді рудың атын Мұрекең айтқандай «жақсы қара» десе де болғандай. Әй, бірақ бұрынғы ат орнығып қалды ғой, мен күлерге жорта айтып отырмын.
Мұрекең сол кезде-ақ өзінің «күй қонып, кие дарыған әулетін» тап осы бала тиянақтап, толық жинақтап шығатынын сезгендей еді. Міне, солай болды да!
Енді өмір өткелдерін шолып өтсек, 1969 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы училищеге түседі. Оның 2-курсында-ақ дарындылығы көзге түсіп, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестріне шақырылады. Училищені бітірісімен консерваторияға қабылданады. Бірақ 1974 жылы әкесінің денсаулығына байланысты ауылға қайтады. Форт-Шевченко қаласындағы Киров орта мектебінде ән-күйден сабақ беріп және «Көңіл ашар» деген ансамбль ұйымдастырып, халыққа концерттер қояды. 1976 жылы жаңадан ашылған музыка мектебіне директор болды. 1977 жылы Қызылорда училищесіне шақырылып, сонда біраз уақыт еңбек етті. 1983 жылы Форт-Шевченкоға қайта оралып, музыка мектебінде сабақ берді, оркестр құрды. 1986 жылы Қызылордаға тағы жол түсті. Осы Қызылорданың қайта-қайта Айтошты тарта беретін себебі, інімізді әзілдеп те айтайық, мұнда болашақ жан жары, оған сүйікті ұл-қыз сыйлаған Гүлжәмиласы сонда тұратын. Бір бүйірі солай қарай бұрып тұрады (күлді).
1992 жылы Ақтау қаласына келіп, Абыл атындағы музыка мектебінде мұғалім, 1993 жылы ашылған Маңғыстау өнер колледжінде халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі, Абыл оркестрінде домбырашы болды. 2004-2005 жылдары Форт-Шевченко қаласының мәдениет бөлімін басқарды. Ал 2005 жылдан осы кезге дейін колледжде оқытушы болып келеді.
Бір айта кететін жай – оның энциклопедиялық жинағы. Тірнектеп жинаған ноталар, қазақ өнері жөніндегі мақалалар, түрлі құжаттар осы Айтбергеннен табылады. Мұғалімдер, студенттер бірдеңе іздесе (нота, ескі күй табақ, тарихи материал т.б.) соған жүгіреді. Бәрін тауып береді. Үш бөлмелі ғана үйі бар. Соған қалай сыйыстырып, қалай сақтап отырғанын адам түсініп болмайды.
Ал оған өнер қайдан келді десек, өнердің бәрі бір өнер, өзінің аталары қолөнер шеберлері болған. Әкесі Әбіл ақсақал етікші және түрлі бұйымдар жасайтын маман еді. Домбырашылығы нағашысы, жақсы күйші Атабай Қорқытбайұлынан дарыған болса керек.
Міне, біздің Айтберген осындай. Оның ұлан-ғайыр еңбегі, өнерге деген қызметі өзіңіз көріп отырғандай – керемет.
Оған жоғарыда айтып өткендей, екі төсбелгісі берілді. Бірақ оның еңбекқор өнерлі кеудесіне олар аздық етеді. Айтбергенге ҚР еңбек сіңірген қайраткері деген атақ әсте лайық. Оның өнер жолын, игі істерін бағалай білетін басшылар ойланатын шығар.
Ал, мен, екеуіміз бірі – марқа, бір – кеш туған екі қозыдай болып жүрген Айтошыма зор денсаулық, жанұясына жауһар жақсылық, аманшылық тілеймін. Жасай бер!
Сержан ШӘКІРАТ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы