Биылғы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Ленин сыйлығының лауреаты Халел Өзбекқалиевтің туғанына 90 жыл толу мерейтойы Маңғыстау жерінде кеңінен аталып өтуде. Бүгін сол мереке аясында Ақтауда Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің алдындағы даңқты геолог-барлаушының ескерткіш бюстіне гүл қою салтанаты өтті.
Ескерткішке гүл дестелерін қою рәсімінен бастау алған салтанатты жиынның ашылуында алғашқы болып сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Өңір басшысы өз сөзінде Маңғыстау тарихында өшпес өзіндік орны бар тұлғаның мұнай барлау мен өндіру, өлкені дамыту ісінде атқарған орасан зор еңбегіне тоқталып, жиынға қатысушы оның ізбасарлары – ардагер мұнайшы ағаларға алғысын айтты.
Кейін кезегімен сөз алған техника ғылымдарының докторы, кезінде мұнай саласы министрі қызметін атқарған ардагер Ұзақбай Қарабалин, Қазақстанның құрметті геолог-мұнайшысы, Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі Орал Ақшолақов, мұнайгаз өндірісі саласының үздігі, ардагер энергетик Қалабай Төлегенов, Халел Өзбекғалиевтің ұлы, полиция генерал-майоры Райымхан Өзбекғалиев естеліктері мен алғыс тілектерін жеткізді.
Одан әрі ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен жалғасқан рәсімнен кейін жиналғандар колледждегі Халел Өзбекғалиевке арналған мұражайды көріп тамашалады.
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63796,63789,63797,63798,63791,63790,63793,63792,63794,63795"]