Маңғыстау мұнайына қатысты тақырып қозғала қалса, Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиевтің атын айналып өту мүмкін емес! Мүмкін еместігі ол – «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресін аттай 19 жыл басқарған адам. Трест басшылығына екі рет келіп, Жетібайдан тұңғыш мұнай фонтаны атқанда, Өзен алаңын ашуда, Бозашыны ашуда, қысқасы, Маңғыстаудың үлкен мұнайының ашылуы мен қорғалуына айрықша зор үлес қосқан «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог барлаушысы».
Қарауында 5 000-ға жуық жұмысшысы мен қызметкері бар, құрамына 13 кәсіпорынды біріктірген алып тресті басқару кім-кімге де жеңіл жүк болмайтындығы түсінікті, ал тек таза басқарушы маман болумен бірге үлкен әріппен жазылатын адам болып қалу – кез келгеннің қолынан келе қоймайтын шаруа. Халелдің қарауында жұмыс істеген қарапайым мұнайшы-барлаушыны сөйлете қалсаңыз ол туралы қалай да бір жылы лебіз естисіз. Себебі ол – өзі басқаратын мекеме қарамағындағы әр барлаушыны жеке тұлға деп таныған да, оның тұрмыс-жағдайын жасауға тырысқан, қолынан келгенінше көмегін аямаған басшы.
Қызметтік міндет бір бөлек те, кісілік келбет бір бөлек, осы екі үлкен қасиетті бір басына сыйдырған болмыс-бітімі дара тұлғалар дүниеге сирек келеді. Міне, биыл 90 жылдық мерейлі жасы тойланғалы отырған марқұм Халел Өзбекқалиев – осындай сирек тұлғалардың бірі болатын.
Мәскеулік кинорежиссерлер Л.Григорьян мен В.Лисаковичтің «Маңғыстау эпопеясының» шаңға оранған шыншыл беттерін шынайы қалпында келер ұрпаққа естелікке қалдырған «Мангышлак. Начало пути» құжатты фильмінде сол кездегі трест басшысы Халел Жағыпарұлы пікір білдіретін бір үзік жарқын эпизод бар.
Сонда отыздың ортасынан асқан кейіпкер Халекең:
– Бір жолдас бізге «Сен пленумға бардың ғой, сонда қиындықтар туралы, құрылыс дұрыс жүрмей жатыр деп неге айтпадың?» – деп ренжиді.
«Кімге?» деймін мен. Өз үстімнен арыз айтайын ба? Әрине, жолдастарға құрылыс бітпей жатыр, теміржол салынбай жатыр, жұмыс жүрмей жатыр деп арыз айту оңай... Ал мен ешкімнің үстінен арыз айта алмаймын... Сондықтан үндемей жұмыс жасау керек. Көп сөйлеудің керегі жоқ. Болғаны осы...
Барлаушының өмірі тек өз күшіне сенуден тұрады, біреуге сенуге болмайды... Қолыңнан келе ме – істе, келмей ме – қой! Көп жағдайда көзсіз тәуекел етуге тура келеді, кеңірек ойлап қарасаң – істеу керек! Қажет жағдайда ешкіммен ақылдаспай-ақ тәуекелге барасың...
Бұл – мыңдаған адамның басын қосқан мұнай-газ барлаушылар тресі басшысының басындағы сол кездегі қалтқысыз шындық еді. Себебі Халел Жағыпарұлы – мыңдаған адамның тағдыры өз қолында тұрғанын бір сәтке естен шығармаған алып кеменің капитаны секілді өте жауапты қызметтің тұтқасын ұстап тұрғанын терең сезінген, әрі осы сенімнен абыроймен шыға білген кемеңгер қайраткер.
Көзі тірі кезінде аты-жөні көркем әдебиет кейіпкеріне айналған аңыз адам да – Халел Өзбекқалиев болды. Белгілі әдебиеттанушы, прозашы әрі өзінің жерлес ағасы Зейнолла Қабдолов «Ұшқын» және «Жалын» романдарының басты кейіпкері Ізбек Қалиевке трест басшысының фамилиясын екі бөліп берсе, тарихи романшы Ілияс Есенберлин «Маңғыстау майданы» романының бас кейіпкері бұрғышы Халелдің атын тікелей Өзбекқалиевтің есімінен алып қойған. Бұл да – кейіпкердің өз заманының атақ-абыройы озық тұлға болғанының белгісі.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап жазылып келе жатқан деректі-тарихнамалық «Маңғыстау эпопеясының» бас кейіпкерлерінің бірі – Халел Өзбекқалиевтің өзі. Маңғыстау мұнайының тарихын парақтар болсаңыз, өзге жерде туып-өскендігіне қарамай Маңғыстауды – Халелден, Халелді Маңғыстаудан айырып ала алмайсыз, себебі бұлар – біте қайнасып кеткен атаулы есімдер. Саналы өмірінің ең қызықты да қиындыққа толы бөлігін мұнайлы түбекте өткізген барлаушы өз есімінің жоғары танымалдыққа ие болуын сондықтан да осы өңірмен байланыстырып: «Мені Халел қылған – Маңғыстау!» деп, киелі өлкеге бас игенін бүгінгі өскелең ұрпақ еш уақытта ұмытпауға тиіс.
Өзінен кейінгі буынға ағалық қамқорлығын жасай білген, кадр таңдауда алдымен әділ шешім қабылдауды ең басты мақсат тұтып, өзі қызметтен кеткенше осы мәселені күн тәртібінен түсірмеген басшының өз орнына басшылыққа, жерлесі емес, жұрағаты емес, оңтүстіктің қазағын ұсынуы осының дәлелі емес пе?
«Мұнайшы» қоғамдық қорының 2015 жылы шығарған «Пірімтай Арыстанов», (Жеңіс Баһадүр, Кәмила Тілепова) ғұмырнамалық естеліктер жинағының 66–69-беттерінде:
« – Мен Қазақстанның Геология министрінің орынбасары болып ауысайын деп жатырмын. Бұрынырақта осы қызметті ұсынғанда бармап едім. Онда жағдайым болмай, әрі шешеме қарайлап қалып қойғанмын. Енді екінші ұсынысты қабылдамасам мүлдем қалып қоятын түрім бар. Мұндай мүмкіндік күнде бола бермес. Елге біраз еңбек сіңірдім, енді демалайын, табиғаты дұрыс жерге тұрақтайтын уақыт жетті...
Жаманды-жақсылы біраз жыл осы мекемені басқарып, жұмысын біраз ілгерілеттік. Бұл жерге келген басқа адам осы жылдарда жасаған тірлігімізді одан әрі алып кете ала ма, жоқ па? Мені осы алаңдатады. Сондықтан әрі-бері ойлана келіп, орныма сені ұсынғаным дұрыс шығар деп отырмын. Сен қарапайым жұмысшыдан бастап, барлық саланың жақсысын да, жаманын да көрдің. Өз салаңның білгір маманысың. Әрі басшылықтың да дәмін таттың, қызметі үлкенмен де, кіші-мен де аралас-құралас, етене болып кеттің. Сый-құрметің де бар, сөзіңе ұйыта аласың. Бұл орынға сенен басқа лайықты адамды көріп отырған жоқпын. Өз қызметіңе де, өзгенің еңбегіне де адал екеніңді білемін. Әрі сен бұл жердің тумасы емессің, сондықтан ағайынгершілікке бой ұрмай, әркімді ісіне қарай бағалауды білесің. Бір сөзбен айтқанда, сенен басқа сенерім жоқ. Осы ұсынысыма қалай қарайсың? – деп бір тоқтады.
...Халқының біртуар азаматы болған Халекеңнің бұл қамқорлығы өзі жылдар бойы басқарып, қаз-қаз бастырып, аяқтан тұрғызған өндіріс орны мен онда несібесін тауып отырған мыңдаған отбасылардың болашағына алаңдап, шын ниетпен жасаған жанашырлық әрекеті болатын» деп жазылыпты.
Кейіпкеріміздің бір ғана осы ісінің өзі қазіргі жасы жетпістен асқанша мәртебелі кресло иелерін жағалап, майлы жіліктен дәметіп, жағымпаздықтың шегіне жеткен қаншама қомағай қарттарға үлгі-өнеге болмай ма?
Өмірзақ Ақжігіт «Қазақ үні» газетінде басылған «Біз қайда тап болуымыз мүмкін?» мақаласында: «Осы жерде атақты мұнайшы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Халел Өзбекқалиевтің аты шыққан кезінде де үйіне келген қонағының қолына өзі су құятын әдетін еске түсіре кеткен абзал болар. Кейбір тумаластары «Халеке, осынша атақты, үлкен басыңызбен бұныңыз қалай?» дегенде, «Е, онда тұрған не бар? Сауап іс қой...» дейді екен. Ұлық болсаң, кішік болудың үлгісін көрсетіп, үйде де, түзде де еліне қызмет етіп, елінен бата алғанының арқасы да шығар, Халекеңнің балаларының бәрі ел таныған азамат болып өсті» деп жазады.
Осындай тұлғалардың өнегеге толы өмірінен құралған естеліктер бүгінгі «өзі бір бөлек, сөзі бір бөлек» (Ф.Оңғарсынова) авторитеттердің назарына іліксе санасына сәуле түсер ме екен?
Халекеңнің үлкен басшылардың бойында көп кездесе бермейтін тағы бір қасиеті – ұлтжандылығы дер едік. Бұны бүгінде кім көрінгенге телініп жүрген «тектілік» деген сөзбен байланыстыруға әбден болатын шығар, себебі ол – хан тұқымынан тарайтын төре әулетінің азаматы ғой. Сондықтан қызмет бабын пайдаланып та болса, қанмен біткен «қара қазаққа қамқорлық жасау» (Әлихан) – Халекеңнің өмірлік ұстанымы болды десек те жаңылмаспыз.
Жасыратыны жоқ, Кеңестер Одағы тұсында өзге «бұратана халық» өкілдеріне қарағанда, ала-құла мемлекеттің бір-бірімен түсінісіп, тілашар ортақ ұстыны ретінде «аға ұлттың» сесі басым, мерейі үстем болды. Ол үстемдікті мұнайшылар қауымы да анық сезіп, біліп жүрді. Бұл туралы бір мысалды 2011 жылы аталмыш қоғамдық қордың есебінен жарық көрген Нұрғаным Имашеваның «Мұнай эпопеясының кейіпкерлері» жинағының 61-бетінде автор:
«1971 жылдың бір күндері Мәскеуден марапаттауға лайық адамдардың тізімін сұратқанда Халел Жағыпарұлы Қамқа (бұрғылау ертіндісінің білікті маманы Қамқа Жаниярқызы Үмбеталина) апайды «Құрмет белгісі» орденіне ұсынды. Тізімді көрген мәскеулік шенеуніктер:
- Сіздермен бірге орыс ұлтының өкілдері де жұмыс жасайды емес пе? – деп, ұсынылған тізімге өздерінің өзгерістерін енгізіп, Қамқаға «Еңбектегі жетістігі үшін» медалін бергізіп, ал ол лайықты деп ұсынылған «Құрмет белгісі» орденін лабораторияда қызмет ететін бір орыс әйеліне бергізіпті...» деген жолдармен келтіреді.
Маңғыстау мұнайлы аймағы Түрікменстан мен Әзірбайжанның біріне беріліп кету қаупі туындаған алпысыншы жылдардың басындағы алмағайып тұста өзі бастап мұнайшы мамандарды елге көшіруге күш салуы да ұлт болашағына алаңдаудан туған бастама болды.
Өзгенің қадірін білуге келгенде «кісі танығыш» болғанмен, өзді-өзінің бағасын көп байқай бермейтін қазақтардың қатарға қосылып, басшылық жұмыстарға көптеп араласуына мүмкіндік берген, сонысымен талай майталман мұнай мамандарын өз ұстаханасынан шыңдап шығарған бір басшы – тағы Халел Жағыпарұлы еді.
«Бізбен бірге оқу бітірген топтың біраз жігіттері бір жыл жұмыс істегесін жиналып, Халел Өзбекқалиевке бардық. Халекең бізді жылы қабылдап, «Қандай шаруамен келдіңдер, жігіттер?» деп сұрады. «Аға, біз институттың алдында да екі жыл жұмыс жасап кеткенбіз. Әлі помбур болып жүрміз. Дипломды помбур болу үшін алмаған шығармыз?!» дедік. Сонда Халекең: «О, міне, мен осы сөзді сіздердің өздеріңізден күтіп жүр едім. Жігіттер пісер, сонда өздері айтар деп», – деді. Содан кейін біздерді жан-жаққа учаске бастығы қылып жібере бастады. Бізден кейін келгендерді ИТР-ге жіберетін болды. Қызметтік лауазымдарын саты-сатысымен жоғарылата берді» деп еске алып еді ардагер мұнайшы Теңелбай Лесбайұлы.
Ү.Жәлеке, 2011 жыл, «Мұнайдан бақыт тапқандар», 123-бет.
Оның қызметін ауыстырарда өзін 20 жылдай тасыған шопыры Жаңабайға көлігін сыйлап кетуі де – көпшіліктің есінде қалған бір сәтті шешім.
Жұмысы ауысады деп елеңдесіп жүрген қызметкерлер қызметтік көлігін жөндеуге тапсырғанда, «Не істер екен? Өзі мініп кететін шығар?» десіп, сырттай пендешілікпен тон пішкен көрінеді. Пендешіліктен өзін жоғары ұстайтын, қолы да, ары да таза Халекең бір жиында:
– Жаңабай, қарағым! Сен маған 20 жыл іні болдың, мен саған аға болдым. Енді мына ұзақ жылдар өзің жүргізген көліктің игілігін өзің көр, осы мекемеге бір көлік мінерліктей еңбегің сіңді ғой! – деп жөнделген көліктің кілтін тапсырыпты.
Ә.Спанның 2006 жылы Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоры шығарған «Халел Өзбекқалиев» кітабының 75–77-беттерінде Халелдің алғаш қызмет басына келіп, трест жұмысының Фортта ұйымдасып жатқан уақытында жергілікті билік өкілі Ибаш Жанболатқызымен жұмыс барысында келісімге келе алмай, арада аздаған кикілжің туып қалғанын сөз ететіні бар. Осы тұста сол Фортта кеңестік атқарушы қызметтің бірінде нұсқаушы болған қызылсайлық мұғалім Жәңгір Смағұлов ол туралы:
– Трест кеңсесі Фортқа көшіп келген тұста мен сонда аудандық партия ұйымының үгіт- насихат бөлімінде істейтін едім. Жас жігітпін. Ибаш апай басшымыз. Трестің сонда орнығуына ол кісі бірден қарсы болды. Мұнай шығып жатқан алаңдарға жақын Ералыға қоныстануының жөн болатынын айтты, бірақ Халел көнбеді. Ибаш апайдың айтқаны дұрысқа шығып, көп ұзамай, жоғары жақ тресті Ералыға көшірді. Трест басшысы отбасымен сол күйі Фортта қала берді. Келіншегі мектепте мұғалім еді. Қоныс аударған жоқ, Ералыға қатынап істеп жүрді. Кейін Ақтауға ауысты ғой.
Халел түр сипаты келісті, мінезі сабырлы, ұйымдастыру қабілеті жоғары, білікті басшы болды. Оның келуімен Форт-Шевченко қаласы жаңарып, күншығыс бетінен «Мұнайшылар поселкесі» атанған заманауи талапқа сай корпус үйлер салына бастады, түзу көшелер пайда болды.
Ол уақытта қандай үлкен мекемең де партияға бағынады. Осы тұрғыдан келгенде Ибаш апайдың талабын партиялық талап деп түсіну қажет. Кейін екеуі халыққа қатар қызмет етті. Халықтың жайын ойлағыш, нағыз бұқарашыл басшылар болды, – деді.
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген пәлсапалық тіркес бар. Нағыз тұлғаларды бір-бір тауға теңер болсақ, уақыт өткен сайын олардың қоғамдағы мәртебесі биіктеп, атағы айбарлана түсері сөзсіз. Себебі соңғы уақыттарда ақшаға құлдық ұрған нарық заманының адамдары ұсақталып, адамгершіліктері азайып бара жатқандай көрінеді. Сондайда алдымызда асқар таудай биік тұлғасымен, адамгершіл мол мінезімен, келісті кісілік келбетімен тарих бетінен бізге тайсалмай қарап тұра беретін Халел секілді азаматтардың болғанына, оның осы мұнайлы өңірді өркендетуге, түбекті түлетуге қатысқанына қуанасың. Өз ғұмырында адам деген атқа қылау түсірмей өткен бір пенденің болғанына бас иесің. Себебі жас ұлғайған сайын ӨМІР шіркіннің мәні де, сәні де ХАЛЕЛ секілді адамдар екенін ұғына түсесің.
Үміт ЖӘЛЕКЕ