«Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясына биыл 20 жыл толып отыр. Ақтау қаласының 55 жылдығымен тұс келген осынау мерейтой құрметіне Н.Жантөрин атындағы драма театрында мерекелік шара өтті.
Мерекелік жиында құттықтау сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Тәуелсіздік арқасында құрылған «Қазақтеңізкөлікфлотына» мамандарды өз жерімізде дайындауға мол мүмкіндік барын атап айтты.
- Компанияда қазір 250-ден астам адам жұмыс істейді, - деді Ералы Лұқпанұлы. -Олардың 125-і—тәуелсіз елімізде дайындаған өз кадрларымыз. Мамандар Қытайда, Ресейде де дайындалады, Қазақстанда да толыққанды маман даярлап шығаруға мүмкіндігіміз мол. Мұнда қазір 5 мың тонна тасымалдай алатын танкерлер бар. Бұл да 20 жыл ішінде қол жеткен жетістік. Кеңес заманында осындай теңіз тасымалын ашатын мүмкіндік болмады. Осының барлығына Тәуелсіздіктің, Елбасымыздың қолдауының арқасында қол жетті. Бүгінде Құрық портында тауар айналымының өзі 1,5 миллион тонна болып тұр. Жыл аяғына дейін 4 миллионға жетеді. Ал 20 жыл ішінде «Қазақтеңізкөлікфлоты» кемелерімен Каспий және басқа да ашық теңіздерде 100 миллионнан астам тонна мұнай тасымалданды. Бұл аз емес. Қашаған жобасы бойынша компанияның қызмет көрсету флоты жасанды аралдар құрылысына арналған 6 миллион тоннадан астам тас өнімдерін тасымалдады. Компания кірісі 272 миллиардтан астам теңгені құрап, еліміздің бюджетіне 6 миллиардтан астам теңге корпоративтік табыс салығын аударды. «Қазақтеңізкөлікфлотының» заманауи ұйымдастыру әдістері мен теңіз көлік-логистикалық үдерістерді басқаруды басшылыққа алатынын қуанышпен айтқым келеді. Бұл флоттың кемелер мен олардың экипажының жұмыстарын тиімді пайдалануға негіз және отандық теңіз сауда кеме қатынасы саласын дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстанда теңіз білімін, экономиканы дамыту және аумақтың экологиялық қауіпсіздігін сақтауда жауапкершілігі жоғары.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда ойын бизнесіне қатысты айыпталған 8 адам ақталдыСондай-ақ өңір басшысы әлеуметтік жауапкершілік – «Қазақтеңізкөлікфлоты» қызметінің тағы бір елеулі бағыты екенін атап өтті.
Жиын барысында тентек теңіздің адуын айдынында бірнеше айлап жүретін теңізшілер мен компания қыметкерлері Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Kazenergy» қауымдастығының төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС медалімен марапатталды.
Марапаттарға толы мерекелік шараның сәнін жергілікті өнерпаздардың әсем әні мен тәтті күйі аша түсті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61607,61605,61606"]