Маңғыстау ауданының 90 жылдығына орай Ұштаған елді мекенінде айтулы шара ұйымдастырылды. Елбасы Н.Назарбаев «Болашақтың баспалдағы өскен өмірдің өнегелі істеріне құрмет көрсетуден басталады» дегендей, еліне ерен еңбегімен танылған атпал азамат «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордені мен медалдарының иегері Асқар Өтепбергенов ескерткішінің ашылу салтанаты болды.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Ж.Айтуаров, аудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев, аудандық білім бөлімінің бастығы С.Қалиева және Асқар Өтепбергеновтің ұрпақтары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Ел басына күн туып, тар жол тайғақ кешкен заманда жетімге жебеу, жесірге демеу, ауылына пана болып, кезінде колхоз төрағасы қызметін абыроймен атқарған Асқар Өтепбергенов ескерткішінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Ж.Айтуаров:
«Қадірлі ауылдастар. Тарихы тереңде жатқан мектепке өткен жылы Асқар Өтепбергеновтің аты берілді. Мектептің салынуына, ауылдың көркеюіне үлесін қосып, еңбек еткен азаматтың биыл ескерткіш мүсінін мектеп алаңына орнатып отырмыз. Әрине, ер есімі ел есінде мәңгі сақталмақ. Мектептің оқушылары мен мұғалімдері осы атаққа сай болуы керек. Өйткені мектеп — аудандағы үздік 5 мектептің қатарында. Биылғы түлектердің ұлттық бірыңғай тестідегі тапсырған ұпайлары мен грант иегерлерінің жетістіктері жоғары деңгейден көрініп тұр. Бұл деңгейге жетуге мектеп басшысының еңбегі орасан деуге болады. Өйткені атына заты сай мектептің алғашқы түлегі, ел мақтанышы — Әбіш Кекілбаев. Ендігі жерде білім ордасынан Әбіштей атақты азаматтар шығуы керек. Қазіргі жаһандану заманында ІТ технологияны меңгерген мемлекетте интернет желісі қажет-ақ. Сондықтан биыл ауылда интернет іске қосылды. Тек қана оқушылар алаңдамай білім алулары керек. Сонымен қатар облыс әкімінің «Барлық мектептерде жылыжай болуы керек» деген тапсырмасына орай бүгін жылыжай да мектеп оқушыларының игілігіне берілмек.
Сонау 1928 жылы облыс құрылмай тұрған кезде құрылған алты ауданның бірі Маңғыстау ауданына биыл — 90 жыл. Мереке аясында ауданның барлық елді мекендерінің экономикалық дамуына көңіл бөлініп келеді. Атқарылып жатқан іс-шаралардың бірі Шетпе-Ұштаған жолын асфальттау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Екі ауылдың жолын асфальттау жұмысы жақын арада басталғалы тұр. Одан кейін осы елді мекенде салынып жатқан 4 пәтерлік тұрғын үй әлеуметтік жағдайды қажет ететін отбасыларға берілмек, - деді.
Жиында Асқар Өтепбергеновтің қызы Үзілхан Асқарқызы мен көзі көрген замандасы Мұқажан Қобыланов сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Асқар Өтепбергеновтің ұл-қыздары әкесінің қиын-қыстау заманда еткен еңбектері мен Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек ете жүріп, елді басқарып, соғысқа аттанған азаматтарға қолдау көрсетіп, қолғап, байпақ тоқытып, жіберіп тұрғандарын, мектептің салынуына атсалысып, алғаш тастарын жүк көліктерімен тасып, болашақ ұрпақ қиындықсыз білім алулары үшін барын шатырысқанын айтты. Көздеріне жас алған балалары әкелерінің мақтан тұтар істерін бүгінгі жастар ұмытпаса, жас ұрпақтың болашағына алаңдаған Асқар аталарының ісін ілгері жалғастырса деген тілектерін жеткізді. Ел мақтанышы бола білген Асқар Өтепбергеновтің атындағы мектептің жалынды жастары мен білімді ұрпақтарына әрдайым қолдау көрсетіп тұратындықтарын жеткізді. Ескерткіштің ашылу рәсімін ауыл тұрғыны Сүгір Балғабайұлы мен аудан әкімі Ж.Айтуаров жасады. Мектеп жанынан ашылған жылыжайдың лентасын аудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев кесіп, жиналған ауыл тұрғындары жылыжай ішін аралады.
Аумағы 6/10 шаршы метр ғана жерді алып тұрған жылыжайдың ішіндегі 40-тан астам өсімдік түрін мектеп жастары мен мұғалімдері өз қолдарымен еккен. Әрине жұмыс өсімдікке жаны жақын ботаник, мектеп директорының бақылауынан тыс қалмады. Жылыжайдың төрінде қара таудың тасы өрнектеліп, әсемделген. Іші толық жылумен жабдықталған, едені жылытылған. Мектеп түлектерінің сыйға тартқан көкбөрісі орнатылып, төменгі жағына сарқырама ағызылған. Қарама-қарсы бетке субұрқақ жасалынып, оқушылардың жылыжайға деген қызығушылығы мен тың ойларын тудыру үшін өзгеше әсемдеген.
Жылыжай сыртында әр жылғы түлектердің еккен гүлдері де жайқалып өсіп тұр. «Болашақта ботаникалық бау-бақша, зоопарк жасамақ ойымыз бар, - дейді мектеп директоры Қ.Оңғарбаев. - Сол себепті қазірдің өзінде қоян өсіріп отырмыз. Алдағы күндері кірпі, папугай, тасбақа өсіру жоспарымызда бар» - дейді.
Асқар Өтепбергеновтың атына берілген мектептің айналасы бау-бақшамен көмкерілсе, іші де тың ойлармен жасақталар деген оймен мектеп мұражайын араладық. Мектеп мұражайының кіре берісінде киіз үйі орнатылыпты. Рухани құндылығымызды жаңғыртып, бұрындары ата-бабаларымыз қолданған киіз үйдің жабдықтары, сырмақтарды мұражайдан көруге болады. Ұштаған ауылының атақты көлөнер шеберлерінің бұйымдарын да киіз үй ішінен табуға болады. Мұражайдың келесі бөлмесінде мектептің алғашқы түлегі Әбіш Кекілбаевқа арналған бұрыш жасақталып, кемеңгердің өмірбаяны, мектептің құрылысын салуға атсалысып, алғаш қолға алған Асқар Өтепбергенов бұрышы, Елбасы бұрыштары жасақталыпты. Маңғыстауда қызмет жасаған Ұштаған азаматтарының кітаптары қойылып, олар туралы өмірдеректер жинақталған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Түз тағысымен бетпе-бетҚазақстан Республикасының, Маңғыстау облысының, Маңғыстау ауданының, сонан соң Ұштаған ауылының тарихы, мәліметтері жазылған тақтада Ұштаған ауылының тарихын әр он жылғы бөліп, 1928-1938 ауылдың есею жылдарын, 1938-1948 үрейлі кезең от жылдары ауыл қандай болды, 1948-1958 өрлеу жолында, 1958-1968 жылдары алғы шептегі ауыл, 1968-1978 берекелі белестері, 1978-1988 қайта құру, 1988-1998 жылдарындағы ауыл қалай гүлденгені туралы толық мәліметтер мен мағлұматтар жазылған. Асқар Өтепбергеновтің алғашқы тасын тасыған мектебінің макеті, ондағы мектеп Ұштағанда қалай құрылғаны туралы толық деректер келтірілген. Сол жылдардан бергі мектеп басшылары, ауылдан Ұлы Отан соғысына аттанып, еліне оралмағандар, соғыстан оралып, еліне еңбек еткен азаматтар, 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарының есімдері жазылған. Ауылдың шебер, қолөнер ұсталары, олардың жасаған бұйымдары, сүйекті домбыралар, аңшы Оңдағанұлы Нұрдың пышақтары, киіз үйдің жабдықтары мұражай төрінен орын алған. Сонымен қатар осы кезге дейінгі мектепте қызмет еткен ардагер ұстаздар, мектеп құрылғаннан бергі мектеп директорлары, орынбасарлары, тәрбие жөніндегі орынбасарлары, мұғалімдер, алтын белгі, күміс белгі иегерлері, үздік аттестат, грант иегерлері, республикаға танылған түлектер, ауылдың дәрігерлері мен өмірбаяндары толық жазылып, суреттері ілінген. Ауылда қиын-қыстау кезеңде қызмет жасаған мәдениет қызметкерлері, автоклуб, клуб меңгерушілері, кино механиктердің ескі суреттері де мұражайдың тақтасына ілініпті. Ауылдың алтын, күміс алқа иегерлері, ауыл әкімдері, ауыл шаруашылық басшылары, директорлар, колхоз, совхоз бастықтары, ферма меңгеруші әйелдер, зоотехник, ветеринар, инженер мамандары, есепші, экономистер, қарапайым шопырлар, механизаторлар, еңбегі еленбеген малшылардың ерен еңбектері бағаланып, болашақ ұрпақтың жадында жүруі үшін суреттерімен тақтаға ілінген. Қиын-қыстау кезеңде ауыл тұрғындарына тамақ тасып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен азаматтар, олардың ішінде ең алдымен осы қызметті бастағандарды да ұмыт қалдырмаған. Ауылдың құрылысшылары, еңбек майталмандары толық қамтылған. Мұражайды аралаған ауыл тұрғындары суреттердің ішінен ата-бабаларын, ата-әжелерін көріп, менің атам, менің әжем деп мақтан тұтып, риза болған халықтың жүзі үш жыл жинақтаған мектеп директоры Қ.Оңғарбаевтың еңбегіне ризашылықтарын білдіріп тұр. Қыруар қаржы мен қосымша кәсіпкерлер, демеушілігімен жасақталған мұражайдың ішінде Ұштаған ауылы туралы барлық мағлұматты алуға болады. Тіптен Ұштағанға тиесілі елді мекендер, әулие-әмбиелер, бала оқытқан мешіттер, Әбді ахун, Бестұрлы әулие, Масат әулие, Баба түкті шашты әзіз туралы да жазылған мұражай рухы биік Асқар Өтепбергеновтің атағына сай болып, елін, жерін, туған өлкесін жатқа біліп, болашақ ұрпаққа аманаттап кетер көптеген естеліктерге бай екенін ұқтық.
Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында салт-дәстүрді жастарға насихаттап, келешек жас буынның жадында мәңгілік сақталуы үшін бұл мұражайдың берері көп-ақ.
Ж.АМАНҚҰЛОВА