Өткен ғасырдың 58-59-жылдары қазіргі Ақтау қаласының орны – Каспийдің бұйра толқындары жарқабақты жағасына соғып жатқан мидай жазық дала еді. Осы уақыттарда бұл жерге ең алғашқы болып капитан Т.Е.Бортко бастаған бір батальон әскерилер келіп орналасты. Кейін әскерилер көбейіп, басшысы А.Н.Петросов бастаған дивизияға айналды. Қазіргі 3 "б" шағынауданындағы «ОРС базасы» деп аталатын орында «475 пошта жәшігі» атты мекеме пайда болып, оны Р.А.Григорян басқарды. Бұл мекеме кейін «Каспий маңы тау-кен – металлургиялық комбинаты» («ПГМК») болып аталды.
Маңғыстаудың жергілікті халқынан 1962 жылы әскер қатарына шақырылған жас жігіттердің барлығына дерлігі осы «№475 пошта жәшігі» мекемесі жанындағы дивизияда қызмет етті. Солардың бірі – Тұщықұдық ауылынан Аяп Мұқанұлы еді.
Аяп Мұқанұлы – 1962 жылы әскер қатарына шақырылып, алды мен Өзбекстанның Навои қаласындағы Г.К.Жуков атындағы әскери училищеде оқып, құрылысшы мамандығын алғаннан соң, осы Ақтауға жіберіліп, қаладағы ең алғашқы құрылыс мекемелерінің бірі – асфальт зауытының директоры болып абыроймен қызмет атқарған азамат.
Аяп Мұқанұлы сол күндерді еске алған әңгімесінде былай дейді:
«Әскери училищеде жедел оқып шыққаннан кейін, олардың ішінен 10 адамды таңдап осы Ақтауға аттандырды. Олардың ішінде мен де болдым. Әлі есімде, Ақтауға ұшақпен қараша айында келіп түстік. Жерде тізеден сәл төмен қар, үскірген аяз, өңменіңнен өтетін жел соғып тұрды. Жылы жақтан жеңіл киіммен келген біздер, қазіргі 3шағынаудандағы жатын орнымызға жаяу-жалпылап жеттік, қатты тоңып қалдық. Келе жатқанда байқағанымыз, айналада ештеңе жоқ, құла түз деуге болатындай, әр жерде шошайып құрылыс техникалары ғана көрінеді. Келгеннен кейін мені №3 әскериқұрылыс бөліміне жіберді. Бұл бөлімнің қарауында қалалық асфальт зауыты бар екен. Дипломды маман ретінде мені сол зауытқа бірден директор етіп тағайындады. Қарауымда 60-тан астам жұмысшы, қызметкерлер бар, күндіз-түні екі-үш ауысыммен үздіксіз жұмыс істедік. Шағынаудандар ішіне көптеген жерлерге жоспардан тыс тегін асфальт төсеттірген кездерім де болды. Соның ішінде қазіргі 1-шағынаудандағы «Достық» (Дружба) мәдениет үйінің ашылуын ұйымдастырып, қатысқанымыз есімде. Ералыдағы мектеп директоры Т. Апақайұлын оқушыларымен шақырып, мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатыстырдық. Парадта дивизияның туын Г.Власов деген офицер, полктың туын мен көтеріп шықтым. Салтанатты іс-шараға үлкен басшыларымыздың өздері – Р.А.Григорян мен А.Н.Петросовтар да жүгіріп жүріп, белсене қатысты. Кейін сол «Достық» мәдениет үйінде төрт адамның – Р.А.Григорян, А.Н.Петросов, Г.Власов және менің қатар тұрып түскен үлкен фотосуретіміз 1980 жылға дейін ілулі тұрды. Ақтауға барған сайын әдейі барып, сол суретке бір қарап кететінмін (әрине, мен үшін өте ыстық естелік қой). Ал сол кездегі өндірістің бірінші басшысы Рубен Арамай сович Григорян деген өте жақсы азамат еді, жарықтық! Ол кісінің азаматтығы мен адамгершілігінің жоғарылығын дәлелдейтін бір ғана мысал, біздердің 3 жылдық әскери мерзіміміздің аяғына таман, Рубен Арамайсович ерінбей-жалықпай, дивизияның әрбір бөліміне барып, жергілікті (маңғыстаулық) жігіттерге әрқайсысына пәтер берілетіндігін, қажет болса әр адамды арнаулы орта және жоғары оқу орындарына оқытып алатындығын айтып, осы Ақтауда қалып, жұмыстарын жалғастыруға үгіттеді. Тіпті менің өзіме әскери қызметімнің аяқ жағында, қазіргі 3-шағынаудан 23-үйден пәтер кілтін берді».
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Үстірт қорығының таңғажайып әлеміКезінде сәулетті қалалардың бірі ретінде халықаралық П.Аберкромби атындағы сыйлықты жеңіп алған Ақтау қаласын тұрғызуда тыңнан түрен салушылардың бірі А.Мұқанұлының естелік-әңгімесінің бір үзігі, міне, осындай.
Жалпы біздің айтқымыз келіп отырғаны – ең алғашқылардың бірі болып, қазіргі облыс орталығының іргетасын қалауға қатысқан А.Мұқанұлы және басқа жергілікті азаматтарға біздер осы күндері лайықты құрмет көрсете алып жүрміз бе? Әсіресе биылғы 2018 жылы Ақтау қаласының 55 жылдығына орай, жастары жетпістен асып сексенге қараған осы азаматтарды іздестіріп, табу және оларға лайықты бағасын беріп, құрмет көрсету – қазіргі Ақтау қаласы басшылығының парызы деп есептейміз.
Нұрсұлтан ДҮЙСЕБЕК