Мектеп кезінен шәкірт тәрбиелеп, ұстаз болуды армандаған жандардың бірі-Минаим Бейсенова болатын. Бала арманына қол жеткізген ұстаз қазіргі таңда Маңғыстау гуманитарлық колледжінде еңбек етеді.
Мектепті бітіріп, үлкен өмірге жолдама алған ару 1982 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институтының агрохимия және топырақтану факультетіне құжат тапсырып, агрохимик мамандығын алып шығады. Ата-анасының қалауынан аса алмаған, қазақы тәрбиемен өскен бойжеткен алғашқы жылдары ауылшаруашылық саласында жұмыс жасайды. Табысты еңбек етіп, кейін өзінің жүрек қалауындағы мамандығы-ұстаздық салада еңбек етуі үшін Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін сырттай оқу грантымен бітіріп, химия және биология мамандығын алып шығады. Педагогика саласындағы алғашқы еңбек жолын қарапайым мектептен бастап, кейін түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған Маңғыстау облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында биология пәнінен тереңдетілген сыныптарда сабақ береді. Сабақ берумен қатар 2007-2012 жылдары аралығында осы мектеп-интернатта директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2012-2014 жылдары аралығында директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Кейіпкеріміз алғашқылардың бірі болып, 2013 жылдың қараша айынан бастап республикамызда басталған Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясындағы бірінші деңгей бағдарламасының оқыту курстарын аяқтайды. Осылайша, ол алған білім жетілдіріп, өзінің оқу үрдісінде сыни тұрғыдан ойлау, прблемалық оқыту технологиясы, Кембридж бағдарламасының 7 модулінің элементтерін енгізеді.
- Әр адам мамандығын шексіз сүйгенде ғана үлкен табыстарға қол жеткізе алады. Сондықтан да мамандығын сүйген адам оны үнемі дамытуға, жетілдіруге ұмтылады. Мен де өзім бала кезімнен армандаған ұстаздық салада еңбек етіп, осы саланың гүлденуіне өзімше үлес қосқым келді. Шеберліктің шыңына жету үшін күні-түні тынбай ізденіп, еңбек еттім. Бүгінде сол күндердің жемісін көріп отырмын,-дейді Минаим Бейсенова.
Педагогика саласында 26 жыл табысты еңбек еткен кейіпкеріміз бүгінгі күні Маңғыстау гуманитарлық колледжінде ұстаздық қызмет атқарады. Колледждің барлық қоғамдық, оқу-әдістемелік жұмыстарына, пәндік-циклдік комиссия жұмысына белсенді қатысады. Одан бөлек биылғы оқу жылында колледж оқытушыларына арнап «Оқыту үдерісінде ақпараттық-коммуникативтік технологияны қолдану арқылы оқушының білім сапасын арттыру» және «Оқытудағы көшбасшылық», облыстық семинарда «Мұғалім мансабы: кәсібилік және көшбасшылық» тақырыптарында коучингтер өткізді.
Кейіпкеріміз жаңа өмір талабына сай ізденетін мұғалімдердің бірі ретінде үнемі білімін толықтырып, біліктілігін арттырып отырады. Мәселен, 2011 жылдың қазанында облыстық мұғалімдер біліктілігін арттыру институтында «Білім беруді модернизациялау жағдайында жаңарған стандарттарға сай оқулықтармен оқыту әдістемесі», 2012 жылдың қаңтарында «Олимпиадалық есептерді шығару жолдары», 2013 жылдың ақпанында «Электронды оқыту жобасы (E-learning) енгізу жағдайында білім контентерін жасау технологиясы» тақырыбында, 2015 жылдың ақпанында ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» Біліктілікті Арттыру Ұлттық Орталығы» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Химия-биология пәндерінде сыни тұрғыдан ойлау модулін қолданудың тиімділігі» тақырыбындағы курстарға қатысып, білімін шыңдады. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық білім беру статистикасы және бағалау орталығының Астана қаласында ұйымдастырған PISA – 2012 халықаралық зерттеу жұмыстары жөніндегі республикалық семинар-кеңесіне, Орал қаласында өткен «Білім берудің 12 жылдық моделіне көшу жағдайында баланы мектептегі оқуға даярлауды қамтамасыз ету» тақырыбындағы республикалық семинарға, Алматы қаласында өткен «Қазіргі заманауи мектептердегі биологиялық білім» атты республикалық оқу-әдістемелік семинарға, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен «Дарынды оқушылармен жұмыстың жаңа технологиялары және оларды пән олимпиадаларына дайындау» атты биология пәні мұғалімдеріне арналған республикалық оқу семинарына, халықаралық экология және инженерия ғылым академиясының ұйымдастыруымен Ақтау қаласында «Ұстаз, педагог, тәрбиеші: заманауи қоғамдағы педаголгтің мәселелері» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми- практикалық конференциясына қатысып, шеберлігін шыңдап, арнайы сертификаттарға ие болды.
- Әл-Фараби бабамыздың: «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым» деген сөзі бар. Сондықтан да мен тек ұстаздық салада еңбек етіп ғана қоймай, уақыт тауып шығармашылықпен де айналысамын. Менің жазған «Моногибридті будандастыру. Мендельдің бірінші және екінші заңдары» тақырыбындағы ашық сабағым үздік сабақ ретінде республика көлемінде таратылды. «Ішкі секреция бездері тарауын қорытындылау» тақырыбындағы ашық сабағым бүгінде облыс мектептерінде онлайн интерактивті сабақ ретінде көрсетіліп тұрады,-дейді Минаим Бейсенова.
9«Шәкіртсіз-ұстаз тұл» демекші, Минаимдай ұстаздан тәлім алған шәкірттер бүгінде еліміздің әр аймағында еңбек етіп, туған елдің өркендеуіне өзінше үлес қосып жүр. 2007 жылдан бері оннан астам оқушысы республикалық жалпы пәндер олимпиадасының ІІІ кезеңінен І,ІІ,ІІІ орындарды, Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің пәндік олимпиада, Өңірлік Президенттік олимпиададан – ІІ, ІІІ орындарды иемденіп, ұстаз үмітін ақтаған. Сондай-ақ, 2013 жылы Кіші Ғылыми Академиясының ғылыми жобалар сайысынан 8 сынып оқушысы Бижанова Мөлдір үздіктер қатарынан көрініп, арнайы сертификатқа ие болса, 2015 жылы шәкірті Мақсат Нұрбол «Заманауи білім беру мен тәрбиелеудегі инновациялық технологиялардың маңызы» тақырыбындағы облыстық конференцияға қатысып, баяндама жасап, «Ең үздік баяндама» иегері атанып, дипломмен марапатталды. ҰБТ бойынша биология пәнін таңдаған шәкірттері 100% көрсеткішпен жоғары оқу орнына түсіп, грант иегерлері атанып, республикамыздың әр түкпірінде медицина, педагогика және биотехнология саласында білім алып, қазіргі таңда мамандықтары бойынша еңбек етуде.
Табысты еңбегімен еленген ұстаз, білім берудегі қол жеткізген жетістіктері үшін облыстық білім басқармасының және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің алғысхатымен марапатталған. Қашықтық сайыстарына белсене қатысқаны үшін 2015 жылы «Құрмет» қоғамдық бірлестігінің шешімімен «Білім беру ісінің үздігі» медалін және 2016 жылы республикалық «Білім шыңы-Ғылым сыры» журналының редакциясы ұйымдастырған «Жылдың үздік мұғалімі» жобасына қатысып, «Жылдың үздік мұғалімі» грамотасымен және төсбелгісін иеленді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы өткен колледжішілік «Үздік педагог» сайысында бірінші орынды еншілесе, аталмыш сайыстың облыстық деңгейінде үшінші орыннан көрінді.
Өз ортасында құрметке бөленіп, ұстаздық салада жемісті еңбек еткен ұстаз шаттыққа толы шаңырақтың ұйытқысы. Өмірлік серігі Нұрлен екеуі Дәурен, Өркен, Бақыт есімді ұл-мен қызды тәрбиелеп, олардан бес немере сүйіп отырған бақытты отбасы.
Венера МИРЛАН