Елбасымыз 13 маусым күні «қоғамды ұлттық мәдениет пен мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында» шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні ретінде белгілеп, жарлыққа қол қойған болатын.
Атаулы күннің қарсаңында осы жазбамызға арқау болған домбыраның құлағында ойнап өскен күйші Сақтап Қазтуғанұлының өмірі жайында айтып өтсек.
Домбыра десе ішкен асын жерге қоятын, ел естімеген жергілікті күйшілердің есімдерін қайта жаңғыртып жүрген, Рафаэль Қарғабай ағамыз, Түпқараған ауданы «Мәдениет үйі» МКҚК домбырашылар ансамблінің жетекшісі, күйші-сазгер 60 жылдық тарихы бар Халықтық ұлт аспаптар ұжымына арнап «Ақкетік өнер ордасы» атты кітабын жарыққа шығарған болатын. Бұл кітапты жазу барысындағы автордың мақсаты Кеңес Одағы кезеңінен бастап күнгі бүгінге дейін жеткен бүкіл күйшілердің өмір жолдарын зерттеп, есімдері аталмай, еленбей ұмыт қалған күйші-сазгерлерді келешек ұрпаққа таныту.
Солардың бірі Сақтап Қазтуғанұлы 1906 жылы кезіндегі Гурьев облысы Шевченко ауданы Қызылөзен елді мекеніндегі орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Қызылөзен ауылы жалпы сауықшыл, әсіресе күй жағынан өте қарқынды дамыған. Сақтап бала кезден ауылдағы күйшілерден дәріс алып, жеке адамдардан сауатын ашады. Бірақ сол күй жағына үлкен ден қойып, 1957 жылы ауданда ұйымдастырылған оркестр құрамында ойнайды. Гурьевте өткен есептік концертте «Ақсақ құлан», «Ортеке», «Сексен бие» күйлерін жәшікке орналастырған үш құланмен ойнатуы көпшіліктің ықыласына ие болды. 1958 жылы өмірден озып, тылдағы еңбегі ескеріліп «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Өз кезеңіндегі теңдесі жоқ күйші Сақтаптың өмір жолын зерттеу барысында Рафаэль ағамыз кітапқа толыққанды ақпарат енгізу үшін күйшінің ұрпақтары белгі қойып кеткен бейіт бастарын аралап, қала шарлап ақыры табады. Кітабы жарық көргеннен кейін, оны немерелері көріп, оқып, кітаптың авторын іздейді.
Бүгінде Сақтап атамыздан бір бала Еңсеп, Еңсеп атамыздан Қожанепес және Жанболат атты екі ұл тараған. Қожанепестен Ерболат, Расул, Дәурен деген үш ұлдары бар. Ол үш ұлдан да Рахман мен Санжар, Диас және Абдулазим атты Сақтап атамыздың шөбере, шөпшектері бар екен.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Былтыр арнайы қор маңғыстаулық 5 имамға қаржылай көмек көрсеткен
Күйші, кітап авторы Рафаэль ағамызбен отбасы мүшелері яғни Рабиға есімді немересі байланыс құрып, бүгінгі Сақтап Қазтуғанұлының ұрпақтары өрбіген Еңсеп әулетінің шаңырағына барған болатынбыз. Жазушы отбасы мүшелерімен танысып, Сақтап аталары жөнінде естімеген біраз мәліметтерді айтып берді.
«Сақтап сол кездегі теңдесі жоқ күйші болған. Ол домбыраны башпайымен де тартқан, арқасына қойып та тартқан. Қарасаң күйшіге ұқсамайды, үлкен ірі қара кісі. Оның бір қолы менің екі қолыммен бірдей болған. Күй тартқанда қолы қолына жұқпай керемет ойнаған. Кезінде Мұрат Өскінбаевтармен де бірге жүрген» - дейді Рафаэль Қарғабай.
Міне, осындай қуаныштың куәсі болған Рафаэль ағамыздың әңгімелерінен кейін Сақтап ұрпақтары да күйші аталарымен бір қауышқандай болды. Автордың бұл зерттеуіндегі, кітапты жазудағы мақсаты жоғарыда айтып өткеніміздей, өскелең жас ұрпаққа қазақтың қара домбырасын, онда ойнаған күйшілердің есімін ұмыт қалдырмау. Рухани байлығымыздың мәңгі жаңғыруы болашақ үшін, ел үшін маңызы зор.
Айтолқын МЕНДІБАЕВА