Домбыра туралы сөз бастағанда философ-ғалым, бірінші ұстаз Әл-Фараби де еске түседі. Оның алғаш ғылыми еңбегін домбыраны зерттеуге арнағанын да бірі білсе, бірі білмес.
Домбырамен Әміре ән орындады, Дина күйін күмбірлетті, талай термеші толғауын төкті, жыршы жырын жырлады. Парижде Әмірені әлемге танытқанда диапазонды дауысқа демеу болған да осы домбыра емес пе еді?! Күні кеше «Ұлытау» тобы Адай күйін орындағанда алты қыр емес, мұхиттың арғы жағы тікесінен тік тұрып, қол соқты. Ақкетіктің өзінен күні кеше жас күйшілер түрік елін күй күмбіріне бөлеп қайтты. Осындай өнерімізге қасиет дарытып жүрген ұлттық домбыра мейрамы алдында Сұлу апайды жұмыс орнына арнайы іздеп бардық. Себебі 40 жылдан аса домбыра үйретіп жүрген апайымыздың айтары да, көргені де, домбыраға деген ықыласының ерекше екенін де білетінбіз. «Домбыра – өте қасиетті аспап, ол қазақтың төрінде асатаяқ пен Құран кітабының қасында тұрса артық етпейді», – деп шәкірттеріне домбыраның қыр-сырын үйрететін ұстаздың бірі – Сұлу Сәбитова 1978 жылдан бері аудандық Мұрын Жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебінде домбыра сыныбынан сабақ береді. Елбасы Жарлығымен шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні мейрамы болып тойланатынын естігенде қатты қуанғанын айтады.
- Өнердің кейбір тасада қалып қоятын тұстары бар. Мәдениет қызметкерлерінің өз мейрамы, ұлттық домбыраның өз алдына мейрамы болғаны бізді қатты қуантты. Қазақтың домбырасы өте киелі, қасиетті аспап емес пе? Жошы ханның баласының өлімін тілмен жеткізе алмағанда домбыраның қара үнімен естірткенін бар қазақ біледі. «Нағыз қазақ – домбыра» дегендей, домбыра – әлемге елімізді таныттырған аспап. Кезінде күй атасы Құрманғазы түрмеге түскенде қара домбырасымен күй орындап отыратын болған ғой. «..Байқаңыздар, Құрманғазының бүгінгі домбыра тартысының екпіні басқаша екен. Қашып кетіп жүрмесін!» деп бірде түрме бастығы тапсырыпты. Құрманғазының сол орындағаны «Түрмеден қашқан» күйі екен. Түрме бастығы орыс ұлты болса да, домбыраның сол күнгі ерекше екпінін, оның орындауы жәй нәрсе емес екенін ырғағымен түсінген болып тұр ғой. Әр ұлттың өзіне тән ұлттық аспабы бар. Домбыраның тағы бір ерекшелігі - барлық аспаптың дыбысын жасай алады. Және құбылтып, ерекшелеп, икемделе алады. Қазіргі шетел шығармаларын домбырамен тарту арқылы қазақтың домбырасын басқа ұлттар танып, біліп жатыр. Ұлттық аспабымыздың танылғанын, таныла түскенін қалаймын, - дейді домбыраның қасиетін аша түскісі келген ұстаз.
Домбыраны жәй орындап үйренген бөлек, домбыраны терең түсінуі басқа. Шын жанашыр ретінде Сұлу Досымқызы оның күтіміне де көңіл бөлінгенін қалайды. Көшеде домбыраны сыртқы қорабынсыз (футлярсыз) алып жүруді ыңғайсыздыққа балайтын ұстаз оның әрдайым қатты суық емес, ылғал емес жерде сақталуын, ішектерінің уақытылы ауыстырылып тұруына мән беруді айтты. «Әнші мен күйші домбырасының айырмашылығы бар ма?» деген сұрағымызға «Тартқан сайын домбыраның дауысы ашылып, жақсаратынын да білу керек. Бірақ шама келгенше екеуін екі бөлек ұстаған жөн. Себебі әр әнші домбырасын өзінің дауысына қарай икемдеп алады. Ал күйге келгенде бұрауы басқа, дауысы қоңыр үнді болып күмбірлеп тұрғаны жақсы. Домбыра сыныбына келген шәкірттерге ата-аналары үйінде домбыра алып беріп жатады. Қазір домбыра шеберлерінің көбейгені жақсы болды. Бағасы 25 пен 35 мың теңгеге жақсы, сапалы домбыра сатып алады. Ал дауылпаз күйші, дүл-дүл әншілердің одан да жоғары бағаға, жақсы ағаштан жасалғанын сатып алып, домбыра қадірін түсініп жүргенін естіп жатамыз», - деп ой бөлісті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңа кітаптар келдіМектеп кезінен домбыраны өз ынтасымен үйреніп, кейін өзі оқыған мектебінде ешқандай терең білімі болмаса да музыкадан сабақ берген, одан кейін домбыраны терең түсіну үшін арнайы училище аяқтап, домбыра маманы болған Сұлу Сәбитова шәкірттерінің жетістіктерімен мақтанады.
– 1973 жылы мектеп бітіргесін өзім оқыған Бейнеу ауданындағы Абай атындағы орта мектепте музыка сабағынан мұғалім болдым. Сонда батылдығым ба, әлде домбыраны сонша жақсы көргенім бе, білмеймін, өнерге жақын шәкірттердің басын қосып, оркестр ұйымдастырдық. Кейбір оқушыларға домбыра, енді кейбіреулеріне баян үйретіп, мандалинде музыка орындап білетін ағайымыз болды. Барлығымыз жоқтан бар жасап, мектеп жанынан оркестр жұмысын бастап кеттік. Содан бері домбыра – серігім, әсіресе оқушыларға үйретуден еш жалықпаймын. Әр қазақтың баласы домбыра маманы болмаса да, оны тартуды білсе екен. Гүлбадан Мәдібаева деген домбыра сыныбында оқыған шәкіртім болды, бірақ басқа мамандықты таңдап, еліміздің басқа өңіріне тұрмысқа шықты. «Адайдың қызы домбыра тарып біле ме екен?», – деп, барған жерінде бір үлкен кісі сұрақ қойған екен. Еш қиындықсыз қазақ күйлерін орындап беріп, домбырашы келін атанғанын естігенде өзім бір марқайып қалдым. Домбыра білген адамның мәдениетті, ой-өрісі кең, өнерді түсінетін адам болып өсетінін әрдайым шәкірттеріме айтып отырамын. Мен мықты домбырашы емеспін, бірақ шәкірттерім дүлдүл домбырашылар. Күләш Қосжанова, Эльмира Даулетиярова, Шырынгүл Құрмантаева, Маржан Дауылбаева сынды шәкірттерім өздері лауреат атанған, бұл күнде домбырадан лауреат шәкірттер тәрбиелеп жүрген ұстаздар. Қазақтың домбырасының құдіреттілігі күшті, оны түсіне білген адам шын маманы болып, өздерін мойындата алады, - деп түйіндеді.
«Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы, қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген сазды үні құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты, ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», – деген екен академик Ахмет Жұбанов.
Академик домбыраның жәй ғана аспап емес, ол қазақтың қазақтығы да, азаттығы да осы домбырада екенін ұқтырып тұрғандай. Домбырамен орындалған әннің де, күмбірлеген күйдің де тұнып тұрған ұлттық тәрбие құралы ретіндегі рөлі өзгеше. Сана-сезімімізді бір серпілтіп, өткен-кеткенімізге көз жүгіртіп, рухани байлықтарымыз бен мұраларымызды түгендегенде домбыраға мән бермей кетуіміз ағаттық болар. Бүгінгі күні ұлттық мұра-домбыраны өз алдына мейрам етіп тойлауымыз - ұлттық аспабымыздың абыройын биіктетіп, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі екенін түсіндіріп, мәртебесін келешек ұрпақ алдында қайтадан көтеру деп түсіндік. Бұл пікірге алып, қосарыңыз болса, сіз де газет бетінде ой бөлісіңіз, оқырман!
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА