©
«Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар» жобасы бойынша Жаңаөзен гимназия мектебінде ІТ-сыныптың ашылу салтанаты өтті.
Аталмыш сыныптың тұсаукесеріне «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нури Тумышев арнайы келіп, қала әкімімен бірге сыныптың салтанатты түрде ашылуы өтті. Мектеп директоры мен ұжымды, оқушылар мен ата-аналарды сыныптың ашылуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Шара барысында партия өкілдері мен қатысушылар балалардың роботтық техника жасаудағы және бағдарлама құрудағы жұмыстарымен танысып, тілдесті.
Баршамызға белгілі Мемлекет басшысы, Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылдың қараша айында партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия алдына цифрландыруға қатысты тапсырмалар берген болатын. Осыған сәйкес, Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің жаңа тетігін қалыптастыру бағытында Партия жаңа жобаларды жүзеге асыруды қолға алды. Олардың қатарында бүгін өзіміз ашылуына куә болып отырған «балаларға арналған тегін ІТ-сыныптарын» ашу жобасы да бар.
Аталған сыныптың ашылуындағы негізгі мақсат – еліміздің ақпараттық-цифрлық әлеуетін дамыту, жаңаша ойлайтын зияткерлік ортаны қалыптастыру, жоғары деңгейдегі ІТ мамандарын дайындауға үлес қосу, оқушылардың ІТ технологияға қызығушылығын арттыру және жазғы демалыстарын тиімді өткізу.
«Бұл сынып балаларды мектеп табалдырығын аттап, бітіріп шыққан уақытта үлкен бір мамандық иесі болып шығу үшін жасалып жатыр. Цифрландыруға байланысты жобамызда осы ІТ-сынып және сол ІТ сыныптарына арнайы мамандарды оқыту бағдарламасы да бар» - дейді Нури Тумышев. ІТ мамандар дайындау бойынша бағдарламалауды үйретуге жобаны іске асыра алатын ІТ мамандар мен мұғалімдер таңдалып, алдын ала дайындық курсынан өтеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда заңсыз сауда контейнерлері орнынан алынды
Жоба «Love to Code» бағдарламаларымен жұмыс істеуді балаларға үйрету арқылы бағдарламалауға, өз бетінше сайт құрастыруға үйретеді. Бұл бастамалар мектептерде факультатив пәні ретінде енгізіліп, 3-6 айлық курс ретінде оқытылады.
Қаламыздағы ашылып жатқан алғашқы ІТ-сынып жөнінде: «Бұл ІТ сыныбымыз өте маңызды. Қазіргі жыл өткен сайын заманның қойылып жатқан талаптары да өзгеше. Облыста «Нұр Отан» партиясының бастамасымен бірнеше ІТ-сыныптар ашылып жатса, міне, бүгін өзіміздің алғашқы ІТ-сыныбымызды қаламыздың №5 гимназия мектебінде ашқалы отырмыз. Бұл біздің балаларымызға үлкен мүмкіндік» - дейді қала әкімі Әділбек Дауылбаев.
Айтолқын МЕНДІБАЕВА