©
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар мен алушыларға көрсететін негізгі қызметтерінің барлығын электрондық форматқа ауыстырды. 2017 жылы электрондық форматта көрсетілген операциялардың үлес салмағы сол жылы жүзеге асырылған барлық операциялардың 52% құрады. Осылайша отандастарымыз өздеріне қажетті негізгі қызметтерді үйден шықпай алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл оларға уақытты үнемдеуге жол ашты. Ал электрондық қызметті пайдалану бар болғаны бірер минутты ғана алады.
Осы ретте қорда электрондық форматта көрсетілетін операциялардың үлес салмағын 2021 жылға қарай 60%-ға жеткізу жоспарланғанын айта кеткен жөн.
Еске сала кетсек, зейнетақы қоры салымшылар мен алушыларға ыңғайлы да сапалы және заманауи қызмет көрсету мақсатында 2017 жылдың маусым айында қордың enpf.kz сайты арқылы бірқатар маңызды электрондық қызметтерді іске қосқан еді.
Содан бері салымшылар мен алушылар оларды белсенді түрде пайдаланып келеді. 2018 жылдың 1 маусымына қарай электрондық форматта жүзеге асырылған операциялардың саны шоттан электрондық үзінді-көшірме беру қызметін есепке алмағанда 55 800-ден асты.
Атап айтқанда қор сайтының «Жеке кабинет» бөлімі арқылы (логин және құпия сөз (пароль) немесе халыққа қызмет көрсету орталығы беретін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен) онлайн тәртібінде 12500 жеке зейнетақы шоты ашылды, 3 226 алушы (зейнет жасына толған азаматтар мен 1 және 2-топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар) зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш берді. Жеке деректемелерге 30 794 өзгеріс енгізілді. Ал зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет байланысы тәсіліне ауыстыру бойынша 9 320 операция жүзеге асырылды.
Зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты жылына бір рет пошта байланысы арқылы конвертпен алатындар саны біртіндеп азайып келеді. Оның орнына электрондық тәсілмен алатындар саны артуда. Өйткені өте ыңғайлы, шотқа зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстың қалай түсіп жатқандығын қалаған уақытта, кез келген жерде қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Осылайша 2018 жылдың 1 маусымына қарай зейнетақы шотының жайкүйін электрондық жолмен біліп отыратындар саны 5,3 млн. адамнан асты. Олардың ішінде 837,6 мыңнан астам адам үзінді-көшірмелерді электрондық пошталарына алса, шамамен 4,5 млн. адам ақпаратты қалта телефондарына жүктеген «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алады.
Логин мен құпия сөзді қолданар кезде логиннің орнына жеке куәліктегі жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) енгізіледі. Ал құпия сөзді өзіңіз ойластырасыз. Сонымен қатар отандастарымызға кез келген уақытта қор сайтындағы «Жеке кабинет» арқылы зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді-көшірме мен зейнетақы шотының бар-жоғы туралы анықтама алу мүмкіндігі берілген. Айтпақшы деректемелерге жеке басты куәландыратын құжаттың деректері (түрі, нөмірі, күні мен осы құжатты берген орган), пошталық немесе электрондық мекенжай, телефон нөмірлері жатады.
Қор сайты арқылы өтініш жолдағандардың қалта телефондарына сол өтініштің орындалу барысы жөнінде СМС хабарлама жіберіліп тұрады.
2017 жылдың соңында қордың барлық 18 филиалында өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылды. Енді салымшылар мен алушылар осы заманауи технология арқылы зейнетақы шотын ашудан бастап, зейнетақы төлемдерін тағайындауға дейінгі барлық дерлік электрондық қызметтерді пайдаланып, қор маманына кезек күтіп отырмайды.
Сонымен қатар таяу уақытта қор сайтында ЭЦҚ арқылы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы (өз пайдасына) шарт жасасу қызметін іске қосу көзделуде.
Әрине, зейнетақы қоры сайтты жаңарту және цифрлық қызметтерді дамытумен шектеліп қалмайды. Бүгінде ұялы байланыс операторларымен тығыз байланыс орнатылып жатыр. Ондағы мақсат – абоненттерге «ENPF» ұялы қосымшасын трафикті есепке алмай пайдалануға мүмкіндік беру. Қазірдің өзінде Tele2 және Altel бірлескен компаниясының абоненттері өздерінің шоттарында теңгерімнің баржоғына қарамастан қордың ұялы қосымшасын пайдалана алады. БЖЗҚ жақын болашақта басқа да операторлармен осындай келісім жасасуды көздеп отыр.
Сонымен қатар зейнетақы қоры тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, оның ішінде әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлініп жатқандығын айта кеткен жөн. Мысалы, 2017 жылы қордың «Мобильдік агент» жобасы аясында 2016 жылға қарағанда 6,5 есе көп операция орындалды. Қор мамандары өткен жылы тұтынушылардың үйлеріне барып қызмет көрсету бойынша 7,1 мың көшпелі шара өткізіп, 189,5 мың операция жасады. Салыстырып қарасақ 2016 жылы 1,1 мың ғана көшпелі шара өткізіліп, 29 мың операция жүзеге асырылған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ана тіліміздің абыройын асқақтатқандарБЖЗҚ салымшылары мен алушыларын зейнетақы шотындағы жинақтардың құнсызданып кетуі мазалайтыны сөзсіз. Бұл тұрғыда 2017 жыл табысты жыл болды. Салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 550,6 млрд. теңгені құрап, қордың зейнетзейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайызға жетті. Ал бұл кезеңде инфляция деңгейінің 7,1% болғанын еске саламыз.
2018 жылдың 4 айы ішінде салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 169,3 млрд. теңге болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 83 пайыздан жоғары. Жылдық тұрғыдан алып қарағанда қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы (2017 ж. сәуірі – 2018 ж. сәуірі) 8,8 пайызды құрады. Ал бұл кезеңде инфляция деңгейі 6,5 пайыз болды.
Биыл наурыз айында TÜV Thüringen e.V (ТЮФ Тюринген, Германия) халықаралық компаниясының аудиторлары қордың сапа менеджменті жүйесіне сертификациялық аудит жүргізді. Мақсат – оның халықаралық ISO 9001:2015 стандартына сәйкестігін растау. Сертификациялық аудит сәтті өтіп қор ТЮФ Тюринген компаниясынан халықаралық сертификат алды. Бұл қор тарапынан көрсетілетін қызметтердің жоғары сапаға ие екендігін білдіреді.
Осылайша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңі – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған онлайн тәртібінде қызмет көрсетуге дайын екенін дәлелдеді.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР