©
Маңғыстау елінің көші-қон тіршілігі елдің шалғайлығынан молдалардан барлық ұрпақтың білім алуына мүмкіндік болмады. Өткен ғасырда қазақ халқының басына түскен ауыртпашылық та аз болған жоқ, бірақ жетістігі де болмай қалған жоқ. Халық тегін білім алды. Ақиық ақын да, аузынан дуалы сөз шыққан қайраткер де, дүлдүл әнші де, әлемді мойындатқан спортшы да әліппеден сусындап, мектептен білім алды. Маңғыстау халқына білім беруде аянбай қызмет жасаған алғашқы ұстаздардың бірі - Үбіния Қазақбайұлы.
Жасы тоқсаннан асқан анам Үбінияқызы Күреңнің айтуы бойынша әкесі Үбіния 1906 жылы ата қонысы Аусары жерінде өмірге келген. Үбіния атамыз жастайынан зерек болып өскен, ауыз әдебиетіндегі айтылатын қиссаларды жаттап, ауыл адамдарына айтып беріп отырады екен. Ауылдағы Бейбіт молдадан әріп таныған Үбіния діни оқудың Мұқтасар деген деңгейін игерген көрінеді. Ресейдегі үкімет төңкерісі бір шеттегі Маңғыстау еліне де әсерін тигізіп, Үбінияның ары қарай діни оқуды жалғастыруына мүмкіндігі болмайды.
Ағасы Оразбек ауыл шаруашылығымен айналысыпты, анасын «әже» дейді екен. Адай уезінің алғашқы төңкеріс комитетінің (ревком) төрағасы Тобанияз Әлниязұлының шалғайда жатқан елдің дамуына, білім алуына атқарған қызметтері туралы дерек жазбалар жеткілікті. Үбіния атамыз 1921-1922 жылдары Ақшелек-Буракөлде Тобанияз ұйымдастырған екі жылдық орыс-қазақ мектебінде жаңаша білім алады.
Жас та болса сауатты азаматты уезд басшылығы 1925 жылы Шетпеге ауылдық кеңес төрағасы қызметіне тағайындайды. 1927 жылы қысқа мұғалімдік курстан соң елдегі сау-жой (сауатсыздықты жою) мектебінде елге білім береді. 1929-1931 жылдары өзі Құрықтағы мектепте мұғалім, жақын інісі Жәрденұлы Бекқали сау-жой мектебінде мұғалім болады.
1931-1933 жылдары Жыңғылдыдағы мектепте меңгеруші болып қызмет жасайды. Осы жылдары ВКП(б)-КПСС мүшелігіне қабылданады. Жыңғылдыдағы мектепте Сәду Нұрниязов, Әбу Қожанов деген азаматтармен жұмыстас болады. 1933-1935 жылдар аралығында Онды мектебінде жалғыз өзі қызмет жасайды.
Аудан басшылығы Жармышта мектеп салдыру ісін ұйымдастыруды тапсырады. Жармыш ауылындағы артель басшысы Өтесін Қызылов, ауылдық кеңес төрағасы Орынбай Бектұровпен бірге екі айда елді ұйымдастырып, алты бөлмелі мектеп және екі мұғалімге үй салдырады. Төбеге салатын ағашты Сартастан түйемен тасиды, төбесін ауыл әйелдерінің тоқыған шиімен жауып салып бітіреді. Сол мектеп Жармыштағы Орынбай әулие қауымының қасынан салынған еді деп, анам еске алады.
Жармышта 1935-1940 жылдар аралығында мектеп меңгерушісі болып қызмет жасайды. Осы мектепте Үбіния атамыз атыраулық азаматтар Исан Әбуғалиев, Жаңбыр Жексенов және Түрікменстаннан көшіп келген Жәми Бекжанов деген мұғалімдермен бірге жұмыс жасайды. 1940-1942 жылдары Қарашағырдағы мектепке меңгеруші болады. Әнес Айтанов деген мұғалім екеуі балаларды оқытады. Аудан басшылығы қайда жұмсаса да, елге білім беруге аянбай қызмет жасайды. 1942 жылдың көктемінде Отан соғысының ең ауыр жылдарында, өзі сұранып, соғысқа аттанады. Майданнан жазылған хаттарының өзінде елдің жайын сұрап, үйде қалған балаларға «Оқуларыңды үзбеңдер» деп ескертіп жазып отырыпты.
Ертеректе сол хаттарды жеңіс мерекесі қарсаңында аудандық «Жаңа Өмір» газетінде белгілі журналист Асан Әбдіров ағамыз жариялаған болатын. Жауынгер хаттарын оқып отырғанда үлкен жүректі, парасатты, көзі ашық елдің, туыстың қамын ойлайтын азаматтың бет пердесін көреміз. Хат иесінің ойы сол замандағы бір жанұяның емес, бүкіл елдегі хал-жағдайды анық көрсетеді. Хат өзінің мәнімен, рухымен әсерлі, мәнді. Сол хаттардың бір жарынан үзінді жариялауды жөн көріп отырмын.
Ұлы Отан соғысының жауынгері Үбіниядан елге сәлем.
Денім сау, аманмын. Форт-Шевченкода комиссиядан өткесін пароходпен Красноводскіге келдік. 27 сәуір күні Орал қаласына 600-дей адам келдік, менің қасымда Таушықтағы мектептің директоры Құттыбаев, Қарашағырдағы артель бастығы Мәмбетов, Форттың жігіттері Дауылбаев Тілеген, Қоспанбетов Сәрсенғали, Сақтағанов Бозжігіт бар. Ауылдан бірге шыққан Әйлек, Кемелхан, Қорғанбай, тағы басқа жігіттерді бөліп жіберді. Бұл жақтың қары енді еріп жатыр. Біздерді төрт ай дайындықтан өткен орыс-қазақ жігіттердің үстіне қосты. Айтуларына қарағанда дайындық аса қиын емес дейді. Бұл жақта қымбатшылық, сөктің пұты-600 сом, сүттің литрі 25 сом.
1942 жылғы 3 майТолық қаруланған біз, немістер Еділ үшін өңмендеуде. Иін тіресіп, ілгері ұмтылуда, бірнеше неміс самолеттері жауынгерлер орналасқан шептерді бомбалады. Танк гүрсілдеп, артиллерияның оғы маңымызға түсіп, жарылып жатыр, шығын да баршылық. 2 қыркүйекте қараңдап немістер де көрінді. Қалмақ даласы теп-тегіс, жері шым шөп. Алдымыздағы бірінші қатарда соғысып жатқан Қызыл Армия бөлімшелерінің орнын 3 қыркүйекте біз ауыстырамыз.
Әже! Мені уайымдап, қиналма, та-лай қиыншылықты көрдің ғой. Менің амандығымды тілеумен қатар, кейінгі жас балалардың да тілегін тіле. Нұралы мен Күреңнің істеймін деген заттарына қарсы болама. Олар менен кем қамқорлық жасамайды.
Қанымша! Менің көңілім риза болсын десең әжемді ашуландырма. Ұрысса, көтер, Оразбектің үй-ішімен тату болыңдар. Шаршағанның артық сөзін көтере біл. Нұралы мен Күреңнің айтқанын жасай берсең, кем болмайсыңдар. Балаларды қысқа қарай жылы киіммен қамтамасыз ет. Аңқау болма, шаруаңа мұқият бол.
Шаршаған, мен балаларды оқытуды арман еттім. Тірі болса, Нұралы мен Күрең сізді жақсы етіп бағады. Нұралының айтқанын қайырма. Еш уақытта жаман сөз айтып ренжітпе, балалардың бәрін солай тәрбиеле. Тірі болса Айсаның зейіні басқа балалардан бөлек, Орақпен екеуін бірге оқытыңдар. Екі үй екі ауылда болғасын, араларың ашылып кетпесін.
Жұмахан! Аңқаулық пен балалықты қойып, сабағыңды жақсы оқы. Шаруаңа ұқыпты қара.
Орақжан! Бұрынғы тентектікті қой.Кітапты көп оқып,білімді көп ал.Орысша көп білуге ұмтыл. Өзіңнен кіші балаларға Едіге мен Мүсәлімге, Шыңғыс, Ізмағанбеттерге менің айтқанымды орындап, үйрет.
Нұралы мен Күрең! мыналарды естен шығармауды тапсырамын. а) Орыс тілін үйрену керек, күніне 5-10 сөзден жаттап, сөз қорын көбейту керек. б) Жас балалардың киімінің бүтін, аш болмау жағдайын ойлап жүріңдер.
Нұражан! Саған айтар ақырғы сөз, екі үйдің басқарушысы сенсің ғой. Сондықтан әрбір істі байыбына келтіріп,ойланып жаса,менің айтқандарымды ұмытпа! Ескер, ескер, қарағым!!!
3 қыркүйек соғысқа кірдік,бірінші кезеңде састырады екен, жан-жағың зулаған оқ. Адам шығыны болып тұрады. Менің қасымдағы Ербосын Мәмбетов пәниден бақиға кетті. Ал, басқа жолдастарым алыс емес, қасымда бар. Біздің адресіміз: Полевая почта - 1797, часть - 13.01.01.1943 жыл.
Жауынгер аманатының әр сөзі мәнді, түйінді. Ел басына түскен күннің сол кездегі жайын түсіну, үмітке жүгіну, ынтымақтастыққа үндеу, білім алуды аманат ету - ғажайып рухани қуатқа жетелейді. Әр хатты зер салып оқығанда жеңіс жолындағы сол адамдардың Отанға деген адалдығын, рухани байлығын, алдағы өмірдің жақсы болатындығына деген сенімін, адамгершілігін көресің.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Ең басты өзгеріс — мән-мағынасы жоқ шаралардан бас тарттық»Нұралы! Амансыңдар ма? Мен аманмын, 11 қаңтарда жкіапаралы болдым. Жарақатым сол жақ жамбасымда, жарам ауырлау болды. Қазір орнымнан бір заттан ұстап тұратын болдым,басым айналады. Жарақат алған сол жақ жамбасымды баса алмаймын. Өзің оқығасын, осы хатты Күреңге жібер,оқысын. Бекқалиға хат жазарсың.
29.01.1943ж.
Ауыр жарақаттан соң, саптағы жаяу әскер қатарына жарамайсың деп, саперлік бөлімше командирінің оқуына жібереді.
Азғана күн оқу, дайындықтан соң қайтадан соғысқа кіреді.
Нұралы! Мен сені өсіруді, өсіргесін оқытуды,киім кигізіп, қасыма ертіп,адам етуді арман еттім. Ол арманым аяқталмай, мынадай жағдайға тап болдық. Сені әрі қарай оқытып, адам қатарына қосу арманым еді,оным орындалмады, 17 жыл берген тәрбиеме риза боласың-дағы.
30.03.1943ж.Нұралы,Орақ! Мен аманмын. 1943 жылдың 10 қазаны күні ішімнен ауыр жарақат алып, госпитальге әкеліп жатыр. Доктордың айтуы бойынша ішегің қатты зақымданған, ішіңде оқ қалып қойған, операция жасаймыз дейді. Хат жазу да зор күш болып жатыр. Семья, туысқандар, қош болыңдар. Қош қарағым, Нұралы,Орақжандар. Жаралы жауынгер - Үбіния.
10.11.1943ж.Бар арманы ұрпаққа білім берсем деген азамат Үбіния Қазақбайұлының ең соңғы хаты екен. Мелитополь қаласын азат ету жолында қаза тапқан. Жақын інісі Жәрденов Бекқалидың тумаластарына басу айтқан өлеңмен жазған қазанамасында өмірден кімнің өткендігін, тірі болғанда халқына берері көп ұстаз - азаматтың жарқын бейнесін көреміз. Жеңістің 60 жылдық мерекесі қарсаңында балалары Орақ пен Едіге елдің бір уыс топырағын жеткізіп, әкесі жатқан бауырластар қауымына барып, зиярат етіп қайтты. Аға аманатын орындаған Нұралы нағашым да, әке аманатын орындаған менің анам да мұғалімдікті таңдап, ұстаз болды. Балалары Орақ пен Едіге тау-кен инженерлік мамандықтарын игерді. Бұл күндері Үбіния нағашымнан өрген тоғыз немересі мен тоғыз жиенінің ұрпақтары ата аманатын орындап, еліміздің жоғарғы оқу орындары мен Сингапур, Малайзия, Англия сияқты шет елдерде білім алды. Немере-шөберелері өсіп-өніп, ел дамуына үлес қосып, әр салада қызмет етіп жүр.
Маңғыстау ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында еске алған алғашқы ұстаздардың бірі, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Үбіния Қазақбайұлы туралы естелік мақала еді.
Бакен БАЙНАЗАРОВ, Маңғыстау ауданның Құрметті азаматы