Биыл Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына «болашақтық» Бауыржан Тұяқов қайта оралды. Ұлыбританияда білім алған басшы келе сала жаңа жобаларды қолға алыпты. «Жастарға акт залдар мен төрт қабырғада отырып, шара ұйымдастыру қызықты емес. Олар заманауи жабдықталған арнайы коворкинг орталықтарда өзіне қажет ақпарат ала алады», — дейді ол. Қысқасы, ағылшын тілін үйренемін, жан-жақты боламын, қызықты орта табамын деген жастарға мүмкіндік көп. Олай болса, қандай жаңа жобалар қолға алынды? Не өзгерді? Маңғыстау жастары үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Олардың тұрмысын қалай жақсартуға болады? Осы сұрақтарға басқарма басшысы кеңірек жауап берді.

«Шетелден үйренеріміз көп»

— Бауыржан Орынбайұлы, Ұлыбританияда білім алдыңыз, шетелден келгеннен соң, жастар саясаты мәселесінде қай әдістердің дұрыс, қайсысының нәтижесіз екенін ұқтыңыз?

— 2016-2018 жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Ноттингем университетінің «Мемлекеттік саясат» магистратурасын оқып бітірдім. Әрине, мемлекеттердің өзіндік бағыты мен стратегиясы болады. Мәселен, мен білім алған Ұлыбританияда жастармен жұмыс істеу стратегиясы бөлектеу деп айтуға болады. Себебі жастар саясатын іске асырудағы басым бағыт ретінде – жастардың қоғамға бейімделуі мен олардың азаматтық қатысуы айқындалған. Жергілікті басқару органдары ұлттық жастар саясатын айқындайды, ал бірақ іске асырушы — түрлі жеке қорлар (трасттар) мен арнайы орталықтар, яғни солар жастармен тікелей жұмыс істейді. Әр түрлі санаттағы жастардың емін-еркін бірлесіп қызмет атқаруы үшін жаппай ашық алаңдар, коворкинг орталықтары жұмыс істейді. Жалпы қарайтын болсақ, ол жақта да біздегідей жастар орталықтары бар, бірақ басты айырмашылығы заманауи жабдықталған және ең бастысы жастардың қазіргі заманғы сұраныстары мен талаптарына толыққанды лайық. Бір жағынан, шетелден үйренеріміз көп.

— Сіз жастарға қызықты қандай тың жобаларды қолға алдыңыз, жалпы, не өзгерді?

— Қызметіме қайта оралған соң жастармен жұмысты жаңа деңгейге көтеруді мақсат еттім. Жастар саясатын іске асыруды жаңартудың арнайы жоспарын жасадық. Ең басты өзгеріс — мән-мағынасы жоқ шаралардан бас тарттық. Саннан сапаға көштік. Жастардың өздеріне қызық және қажет жобаларды бастадық. Мысалы, Маңғыстау облысы әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің құрамы жаңартылып, лайықты кеңес мүшелерін жастар онлайн форматта өздері таңдады.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Jastarbooks» акциясы

Жастарды өзін-өзі дамытуға ынталандыру және кітап оқу мәдениетін көтеру мақсатында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ақтауда «JastarBooks» кітап оқу клубы ашылды. Неліктен кітап оқу маңызды? 2017 жылғы облыста жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша, 759 жас респонденттің 39%-ы – бос уақытында теледидар көретіндігін, 32%-ы – интернетте отыратындығын, тек 20%-ы – кітап оқитынын, 3%-ы – кітапханаға баратынын атап өткен. Алдағы уақытта осындай кітап оқу клубтары басқа қалалар мен аудандарда құруды жоспарлаудамыз.

«Болашаққа сеніммен» жобасы аясында жастарға әлеуметтік жобалар жасақтау мен жеке өсу сабақтары мен тренингтері өткізілуде. Қазір осы жобамен өңірдегі кәсіптік техникалық оқу орындарының студенттері оқытылып жатыр.

Келесі жоба – «Кеңес алаңы», яғни жастар мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы қажетті мағлұмат ала алады. 15 ақпаннан бастап жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп, ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі. Оның нәтижесінде жұмысқа орналасқан жастар «Facebook» әлеуметтік желісінде «Мен жұмыс таптым» айдарымен ізгі лебіздерін білдіріп келеді.

Тың жобалардың бастапқы нәтижелері 15 мамыр күні облыс тұрғындарына таныстырылып, әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіліп, қалалық және аудандық жастар орталықтарына да осы жобаларды іске асыру ұсынылды.

— Тіл білу, соның ішінде ағылшын тілін меңгеру – әлемге бағытталған үлкен қақпаны ашу екенін түйсініп келдіңіз. Жастарға тіл үйретуді қалай жолға қойдыңыз?

— 26 ақпаннан бастап Ақтау қаласындағы «Жастар үйінде» белсенді жастар мен жастар орталықтары қызметкерлеріне арналған ағылшын тілі курсы сабақтары басталды. Қазіргі таңда ғылым мен білім — ағылшын тілінде. Сол себепті ағылшын тілін жетік білудің маңызы зор. Мәселен, Малайзия мен Оңтүстік Корея елдерін алып қараңыз. Кезінде қарапайым және кедей ел бола тұра, ағылшын тіліне ден қоюдың арқасында, қазір үлкен жетістікке жетіп отыр. Алдағы уақытта біз де бәсекеге қабілетті болу үшін шет тілін білуді басты мақсатқа айналдыруымыз керек деп ойлаймын. Ол үшін жастар орталықтарында тегін тіл курстары ұйымдастырылмақ.

«Коворкинг орталық ашылады»

— Мән-мағынасы жоқ шаралардан бас тарттық дедіңіз, олар қандай шаралар? Сонымен қандай бағыттағы шаралар басымдыққа ие болады?

— Мойындау қажет, жастар немесе жастар ұйымдары мен орталықтары көпшіліктің көзіне «концерт ұйымдастырушы, қолға ту ұстап флешмоб жасаушы» ретінде көрінетіні рас. Мейлінше осы түсініктен арылғымыз келеді. Қазір басқа дәуір және күн тәртібі де бөлек десек артық болмайды.

Американың мемлекет қайраткері Бенжамин Франклин «Білімге салынатын инвестиция әрқашан артық пайыз береді» деп тектен-текке айтпаған. Сол себепті жастардың өз-өзін дамытуына көп мен бердік. Неліктен кітап оқу мәдениетін көтеруді мақсат етіп, «Jastarbooks» жобасын бастадық? Кітап оқу мен білім алу — өз-өзін дамыту тетіктері. Ал олар, ең алдымен, адамның еңбек етуіне қажет дағдылар мен машықтарды қалыптастырады. Мысалы, 2020 жылға қарай мәселелерді кешенді шешу, критикалық ойлау мен талдау маңызды машықтардың бірі болады. Ал бұл дағдылар өздігінен қалыптаспайтыны, тек жан-жақты білім мен ізденістің жемісі екені белгілі.

Жуық арада Ақтау қаласындағы Жастар үйінде қазіргі заманғы коворкинг орталығын ашуды жоспарлаудамыз. Коворкинг – әр санаттағы жастардың бір алаңда бірге жұмыс істеуі деген ұғым. Коворкинг алаңы — жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, білім мен ақпарат алуға мүмкіндік беретін тетік. Коворкингте Wi-Fi қондырылып, оқу зоналары мен шағын кітапханалар болады, мұнда жастар өз ноутбуктарымен келіп, әртүрлі жобаларды талқылауға, сөйлесуге мүмкіндік алады. Ең маңыздысы, әлемдік университеттерден тікелей онлайн дәрістер алу жоспарланған. Мақсатымыз – жастарға ресурстық орталығын шын мәнінде пайдалы орта екенін дәлелдеу, осы орталық арқылы әрбір тұлға өз-өзін дамытуына жағдай жасау, ең бастысы – тегін.

— Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының жастар үшін маңызы қандай?

— Президенттің бес әлеуметтік бастамасы жастар үшін дер кезінде ұсынылған бастама дер едім. Әсіресе, 3-ші бастамасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Меніңше, мемлекеттік грантты 54 мыңға қосымша 20 мың грант қосу да зор мүмкіндік. Республика бойынша студенттерге 75 мың орындықжаңа жатақ­хана салынса, маңғыстаулық студенттер де бұл бастамасының игілігін көретін болады.

«Әрбір маңғыстаулық жасты белсенді болуға шақырамын»

— Жастарға не нәрсе кері әсерін тигізуі мүмкін деп ойлайсыз?

— Менің ойымша, жастардың дұрыс мамандық таңдай алмауы – үлкен мәселе. Адам бейімделгіш болуы қажет, мамандығың бойынша жұмыс таба алмадың ба, үйде қол қусырып отырғанша немесе жұмыс күтіп жүргенше, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруі қажет. Мемлекет жаңа мамандықтарға тегін оқытып, қайта даярлап отыр. Мемлекет басшысы жуырда өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «мәселе жұмыссыздықта емес – мамандықтың жоқтығында» деп атап өтті. Сондықтан мектепте жүргенде болашақ мамандығын дұрыс таңдап, мемлекеттік гранттар мен колледждердегі ақысыз оқуларға түсуге тырысу керек.

Сонымен қатар, «Серпін-2050: жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы аясында солтүстік облыстардағы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бар, қазір 1000-нан астам маңғыстаулық жас осы бағдарлама арқылы оқып жатыр.

Тағы бір мәселе – жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін, азаматтық позициясын қалыптастыру. Жастарға пара алу мен берудің зардабын айтып отыру қажет. Қазір мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр, яғни табысты теріс жолмен табуды ойламауы қажет. Керісінше, адал еңбек пен маңдай тер арқылы тапқан табыс – өзіңнің және отбасыңның игілігі.

— Өлке жастары қаншалықты белсенді деп ойлайсыз?

— Өңір жастары белсенді деп айтуға толыққанды негіз бар. Бір мысал ретінде айтайын, қазір облыстық жастар ресурстық орталығы жанында «Еріктілер корпусы» жұмыс жасайды. Оған 200-ден аса жас мүше, олар күнде әлеуметтік маңызы бар шаралар өткізеді. Атап айтқанда, қайырымдылық көмек, спорттық жарыстар, тренингтер және т.б. Жастар шаралардың жоспарын өздері жасақтап, іске асырып жүр. Мысалы, олардың күнделікті сабағы мен жұмыстары бар, бірақ елге деген сүйіспеншілік белсенді болуға итермелеуде. Осы орайда, мен әрбір маңғыстаулық жасты белсенді болуға шақырамын. Сіздер үшін әрқашан да жастар орталықтарының есігі ашық.

Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз