©
Білім беруді оңтайландыру мақсатында Ақтаудағы №4 гимназия мен экономикалық лицейдің орыс тілді сыныптарын қосу мүмкіндігі қаралуда. Бұл туралы бүгін Ақтау қаласы әкімдігінде 2017-2018 оқу жылының нәтижелері талқыланған брифингте айтылды. Білім беру мәселелері қаралған жиынға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова мен Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаева қатысты. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, шаһардағы кейбір білім ордаларында бір сыныпта 13-17 баладан білім алса, енді бірінде 30 оқушыға дейін барады. Осы мәселені шешу үшін білім беруді оңтайландыру мақсатында бірқатар мектептерді біріктіру жайы көтерілуде. Мысалы, 15 шағынаудандағы экономикалық лицей мен №4 гимназияның орыс тілді сыныптарын біріктіру қарастырылып жатыр. «Қазіргі таңда қалада орыс тілінде сабақ беретін педагог мамандардың тапшылығы бар. Мәселен, экономикалық лицейде 13 мұғалім, №4 гимназияда 4 мұғалім зейнет жасында. Бірақ олардың орнын басатын дайын маман жоқ. Сондықтан экономикалық лицейде орыс тілінде оқитын 212 бала мен бір топ мұғалімдерді №4 гимназияға қосу бірталай мәселені шешер еді. Бұл тек ұсыныс қана. Педагогикалық ұжым жаңа оқу жылына дейін бір тоқтамға келуі тиіс. Есесіне, №4 гимназияны ІТ профильді ордаға айналдыру жағдайын қарастырып жатырмыз», - деді Гүлмира Қалмұратова. Бұған қоса, №4 гимназияға 250-ге жуық оқушы жетіспейді. Қазір мұнда үш сыныпта 50 оқушы, яғни бір сыныпта 15 оқушыдан оқып отыр. Ал, норма бойынша бір сыныпта 20 оқушы білім алуы тиіс. Бүгінгі таңда №10 мектепте орыс тілінде 900-ден астам, №12 мектепте 890-ге жуық оқушы оқиды. Осы мектептердің оқушыларын тартқан жағдайда, ондағы мұғалімдердің сағаты азаюы мүмкін. Сондықтан Гүлмира Қалмұратованың айтуынша, екі мықты ұжым - экономикалық лицей мен №4 гимназияны біріктіру мүмкіндігі қаралған. "200 оқушысы ғана бар, мектепте икемделген орында отырған, бір ғана пән мұғалімі бар, ұжымы зейнет жасына жақындаған мектеп мықты ма, әлде 800 оқушысы бар, өз алдына ғимараты, материалдық базасы бар мектеп мықты ма? Екі мықты ұжымды қосу жақсы нәтиже берер еді", - деп атап өтті Г. Қалмұратова. Қазір мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Шешімді жаңа оқу жылына дейін педагогикалық ұжым қабылдауы қажет. Қазіргі таңда Ақтау қаласы бойынша орыс тілінде сабақ беретін 300 педагог керек. Көбіне жаратылыстану пәндері (физика, математика, информатика, химия) мен бастауыш сынып мұғалімдері тапшы.Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН,
Басты сурет сайттың архивінен