©
- Алло, саламатсыз ба? Қызан дәрігерлік амбулаториясы ма екен? - Амансың ба? Иә, иә, айта беріңіз. - Аудандық «Жаңа өмір» газетінен соғып тұр едім, Азанбек ағаймен тілдесе аламын ба? - Айта бер, айналайын, Азанбек ағайың мен боламын. - Ағай, алдағы медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай жолдасыңыз Бақтылы апай екеуіңіздің осы саладағы еткен еңбектеріңіз туралы мақала дайындасам ба деп едім. Қолыңыз бос болса, сұрақтарым бар еді...
- Қарағым-ай, менен де басқа дәрігерлер көп қой, соларды жазсаңшы... Мен тіпті ондай дүниелерге көп қызыға қоймаймын және қазір алдымда емделушілерім де бар еді. Сен, айналайын, ренжімесең басқа дәрігерді жазшы, - деп ағай әрі-бері айтқаныма келісе қоймады.
Мерекеге орай шалғай ауылда қызмет етіп жүрсе де, еңбегі көпке үлгі бола білген, халықтың алғысына бөленіп жүрген дәрігерлерді жазуды ойыма алған мен де айтқанымнан қайтпай, ағайды көндіргендей болдым. Бірақ өз еңбегін жария етуді жаны сүймейтін дәрігерден жауап алуда біраз әбігерге түскенім рас.
Шындығында дәрігерлік мамандықтан абыройлы да құрметті мамандық жоқ. Дәрігер тек қана науқастарға ине сұғып, дәрі берумен ғана шектелмейді. Адам жанын айтқызбай түсінетін, мейірімді, асыл қасиеттерге толы болуы керек. Жан-тәнімен беріліп емдеген емі де, сөзі де жанға дауа, көңілге сая болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Міне, біз білетін ерлі-зайыпты ақ халатты абзал жандар Азанбек пен Бақтылы тап осындай мінезге бай жандар.
Бүгінде жанұяда тату-тәтті тұрып, ұл-қыз өсіріп, бір салада бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп, қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандар жайлы аз-кем тоқталып өтсек, артық етпес.
Қызан дәрігерлік амбулаториясында аға дәрігер болып қызмет атқаратын Азанбек Құдайбергенов көптің алғысына бөленіп келеді. Оның бұл мамандыққа келу тарихы да ұзақ емес. Бір күнде шешім қабылдап, Қарағанды медициналық институтына түсіп терапевт, ал жолдасы Алматы мемлекеттік медициналық институтынан педиатор мамандығын алып шықты. Қызмет жолын Бейнеу ауданынан бастайды. 1975 жылдан бастап Шетпедегі орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде дәрігерлік қызмет атқарады. «Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылықпен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Денсаулық сақтау саласында немқұрайлы жұмыс істеуге болмайды. Қызметтің жауапкершілігіне байланысты міндеттері ұлғаюы мүмкін. Бірақ дәрігер ― тәулігіне 24 сағат дәрігер. Мен аудандық ауруханада қызмет еткен жылдары аға буын дәрігерлер - Ақжігітов Тынышбек, Аязбай Сәрсенбаев, Шәкенбай Байназаров маған маман ретінде ақыл-кеңестерін аяған емес. Олардың айтқан әр сөзін әлі күнге дейін қызмет барысында да, өмір жолымда да пайдаланып отырамын», - дейді дәрігер.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жинақтау дәуірі: Жеке зейнетақы шотыңызды не себепті қадағалап отыруыңыз керек?Бір салада үздіксіз 45 жыл қызмет етіп келе жатқан құстың қос қанатындай екі дәрігерге қызандықтар денсаулықтарын Алладан кейінгі сеніп тапсыратын адамдарымыз деп айтып жүреді. Ауылдық жерде қайдан заманауи аппараттар болсын, көп жылғы тәжірибесінің арқасында тіпті кейбір ауруларды көзбен танып жатады. Күніге қанша науқас қабылдаса да сабырлылығынан айнымайтын А.Құдайбергеновтың мінезі де жас мамандарға үлгі боларлықтай. Жанын қоярға жер таба алмай келіп отырған кей науқастарды жылы сөзімен жұбатып, ауруын ұмыттырып, «дертке дәру, жанға шипа» бола біледі. Ол аурудың алдын алып, денсаулықты күтіп, ұстау керектігін еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін жалықпай ескертіп айтатын жан. Қай кезде болмасын науқастарды ілтипатпен қарсы алып, олардың шағымын ықыласпен тыңдайды. Алдына барған әрбір жанға мейірімін төге қарап, кеңестерін береді. Күн демей, түн демей, қажет кезде науқас жанынан табылады. Ол - үйіне мезгілсіз келген науқастарды да қабақ шытпай қарсы алып, тиісті көмегін көрсететін адал кәсіп иесі. Үйдегі балашағаның қамы мен түздегі жұмысының жайын қоса арқалап жүрген Бақтылы Қонысованың да еңбегі зор. Өз баласы мен емделуші баланың жайы ол үшін бірдей. «Мен бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Шыбын жанымды шүберекке түйіп, жұмыс жасасам да өкінген емеспін. Неге олай айтып отыр деп ойлауыңыз мүмкін. Себебі науқаспен бірге жанымыз қиналып, науқаспен бірге уайымдаймыз. Кейде Қызаннан Шетпеге жетуге көлік табылмаса, жан-жақтан көлік іздеп кетеміз. Қаншама жыл еңбек етіп, нанын жеп келген жұмысымда үлкейгенде абыройсыздыққа ұшырағым келмейді. Менің негізгі қызметім - бала дәрігері. Бірақ аядай ғана ауылда тек бала қараймын деп отыра алмайсың, жолдасымнан көргенім бар, өмірлік тәжірибем бар,кейде үлкен кісілерді қарауға жолдасыма қол ұшын беремін», - дейді Б.Қонысова.
Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. «Денсаулық – басты байлық» ұстанымын жүрегіне бекітіп, емдеу саласында жемісті еңбек еткен Азанбек Құдайбергенов пен Бақтылы Қонысованы жұртшылық «алтын қолды дәрігер» деп те атайды. Тіпті тағдыр салған тауқыметтен енді құтылмаспын деп, үмітін үзген жандардың өзін емдеп, дертін жазған білікті дәрігерлерді антына адал, абыройлы жан десек, артық айтқандық емес.
Айгүл РАХМЕТОВА