Мұсылманның сипаты
[ 2018 ] 12 маусым, 10:49 | Қоғам
Бүгінгі тілге тиек еткелі отырған тақырыбымыз - мұсылманның сипаты, яғни бұл сипаттың қоғамдағы маңыздылығы жайында болмақ. Салт-дәстүріміздегі тәрбие жолын қарап отырсақ, нақ осы мұсылманның шынайы сипаттарын көреміз. Барлығы дерлік - Құран аяттары мен әз пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннет шәріптеріне саятын тәрбие негізі. Кешегіде қарт қарияларымыз, тіпті әжелеріміздің өздері немере-шөберелерін жинап алып, тәрбиенің қайнар көзі іспеттес хадис шәріптер мен нақыл сөздерді айтып, санамызды жақсылықпен әрлейтін. Өкінішке орай, бүгінде кей қарттарымыздың бойларынан мұндайды көре алмай, сағынышпен келеміз. Бәлкім, соның салдарынан, әсіресе, батыстың сананы улайтын түрлі қасіретінен бүгінгі жастардың тәрбиелік сипаттарының бұзылғаны жасырын емес. Үлкенді сыйлау, ізет-құрмет көрсету секілді, тіпті мәпелеп өсірген өз ата-аналарының тілдерін алмайтын жастарды да жиі байқап қалатын болдық.
Міне, осы сәтте бізге ең керегі - үлкеннің ақылы. Сонымен қатар тәй-тәй басқаннан бастап, санасын тәрбиелік даналы сөздермен сусындатып, жүрегін мейірімділік пен жомарттыққа, кішіпейілдікке, барлық жақсы сипаттарға лайықты насихаттап отыруымыз маңызды. Осы тұста қысқаша шынайы мұсылманның сипаттарына тоқталатын болсақ:
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда 97 үйге street art стилімен суреттер салынады
Дұрыс сенімде болу. Яғни бір Аллаға сену. Иман негіздерін толық мойындау. Аллаға серік қоспау.
Пайдалы білім алу. Мұсылман ең алдымен білімді, сауатты болуы қажет. Діни біліммен қатар зайырлы білім алу - міндет. Діни білімді білетін маман иелерінен, ұстаздардан үйренуі қажет. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бол- сын) білім алу жайындағы хадисінде: «Білімді талап ету - әрбір мұсылманға парыз» деген.
Отансүйгіштік. Әрбір мұсылманның өзінің Отан сүюі, оған қызмет етуі - парыз. Дана халқымыздың қанатты сөзінде: «Отанды сүю –иманнан» деген. Бұл - өз Отанымыздың құқықтарын қорғау, Отаншыл болу ана тілімізді, дінімізді, дәстүрмізді жақсы білу болып есептеледі .
Заңға бағыну, басшыға бағыну. Мұсылман адам Аллаға иман келтірген соң тұрып жатқан өз елінің заңына, басшысына бағынуы тиіс. Басшыға, заңға бағыну мұсылмандарды ауызбіршілікке, қоғамның тыныш болуына, мемлекеттің тұрақты болуына және Исламның дамуына кепілдік береді. Заңға, басшыға мойынұсынған уақытта бұзақылық, қылмыс болмайды.
Дінаралық татулықты сақтау. Шынайы мұсылман - қоғамдағы өзге дін өкілдеріне, өзге адамдарға зиян тигізбей, мемлекеттің тыныштығын басты назарда ұстайтын адам.
Қоғамға пайдалы болу. Жалпы адамдарға пайдалы болу. Көршімен жақсы болу, мұқтаж адамдарға жәрдем беру. Мұсылмандарды бірлікке шақыру, бөлінбеу.
Еңбекқорлық. Адамның осы дүниедегі және ақиреттің жемісі, ең алдымен, Алланың қалауымен және адал еңбегімен болады. Сондықтан мұсылман жалқаулықтан алыс, еңбекқор болуы қажет.
Ысырапқа жол бермеу және сараңдықтан алыс болу. Мұсылман баласы үнемшіл, қолында барына қанағат етіп, ысырапқа жол бермеуі қажет. Өйткені Алла Тағала ысырап жасаған адамдарды жақсы көрмейді. Ысырап ету - малдүниені керек емес нәрсеге онды-солды шашу. Харам нәрсеге жұмсау, құмар ойыны, арақ-шарап, мақтаныш үшін берілген дүние. Сонымен қатар үнемшіл боламын деп сараңдыққа да бой алдырмау керек. Яғни мұсылман адам ысырапқа жол бермей, сараңдықтан алыс, жомарттыққа жақын болуы қажет.
Көркем мінез-құлық. Мұсылманның көріктісі, жақсысы - оның мінез-құлқының көркем, жақсы болуында. Көркем мінез сабырлық, шыншылдық, аманат, туралық, тіліне ие болу, ойының таза болуы, жомарттық, кішіпейілділік, қарапайымдылық, бауырмалдық, бірлік, батылдық сияқты т.б. көптеген мақтаулы сипаттарымен танылады.
Кішіпейіл болу. Кішіпейілдік тақуа болған адамның көрінісі деп айтуға болады.Тәкаппарлық мұсылманға жат қылық. Хадис: «Кімде-кімнің жүрегінде тозаңдай тәкаппарлық болса, ол кісі жұмаққа кірмейді» деген. Сондықтан мұсылман басқалардан өзін жоғары ұстамай, кішіпейіл болуға тырысу қажет.
Уәдеде тұру. Бұл мұсылман үшін асыл қасиет. Пайғамбарымыз (с.а.у) көркем мінезінен болған. Имандылықтың нышаны - уәдеге берік болу. Өкінішке орай, қазіргі замандағы адамдардың бойында осы қасиеттер жетіспей жатады.
Бауырмалдық. Мұсылман мұсылманға бауыр. Мұсылман қиыншылық уақытта мұсылман бауырына қол ұшын береді. Мұсылман бір-біріне кешірімді, сабырлы болуы арқылы бауырмалдығын көрсете алады.
Сәлемдесу. Хадисте: «Сәлем беру-сүннет, ал жауап қайтары-уәжіп» деген. Мұсылманның мұсылманшылығы сәлемнен басталады. Сәлемдесу арқылы мұсылмандар арасында сүйіспеншілік ынтымақ артады.
Сыртқы келбеті мен тазалығына мән беру. Мұсылманның сыртқы көрінісі, жүріс-тұрысы Исламға сай болуы тиіс. Мұсылман басқаларға үлгі боларлықтай киімі таза, әдемі, ұқыпты болуы керек. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла тәубе етушілер мен таза болғандарды жақсы көреді» және Пайғамбарымыздың Хадисінде: «Тазалық – иманның жартысы» деген. Мұсылман жаны таза болғандай үсті-басы, киімі де жарасымды таза болуы керек.
Ата-анаға мойынұсыну. Алланың разылығын аламыз десек, алдымен ата-анамыздың разылығын алуымыз шарт. Яғни ата-анаға бағыну, сыйлау, қызмет ету - бұл Алланың әмірі. Хадисте келтірілгендей: «Алланың разылығы әке-шешенің разалығында, ал қаһары әке-шешенің ашуында», - деген.
Отбасына қамқорлық жасау. Мұсылман өз қарамағындыларға жауапты. Жанұя мүшелері ер адамының қарамағында. Демек мұсылман ер өзінің әйеліне, балаларына, жанұясына жауапты. Отбасын асырау, нәпақа тауып беру, жанұясын адамгершілікке, имандылыққа, салт-дәстүрімізді қастерлеуге үйрету - ер адамның жауапкершілігінде. Сондықтан әр мұсылман өзінің отбасы мүшелеріне, өсіп келе жатқан балаларына дұрыс, дәстүрлі ислами тәрбие, білім беруге жағдай жасау қажет.
Міне, осы аталған сипаттарды мұсылман адам өз бойына сіңіре білсе, шынайы мұсылманның сипатын бойына қалыптастырған болып табылады.
Нұрперзент ҚЫПШАҚБАЕВ,
Маңғыстау облысының дін істері жөніндегі басқарма маманы,
теолог
1180
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.