1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бұрғылау» ЖШС қызметкерлерінің мүмкіндігі шектеулі балаларына «Жаннұр» мейрамханасында мерекелік кеш ұйымдастырды.
Мерекелік шараны мекеме директорының орынбасары Думан Мусин, атқарушы директор Сенбек Нәбиев және кәсіподақ төрағасы Сәкен Бекқалиев ашып, құттықтау тілектерін жеткізді.
- Бала - біздің болашағымыз, үмітіміз. Балғындардың қуанышты жүзін көру кез келген жан үшін бақыт. Бүгінгі жайылған ақ дастарханымыз - осынау маңызды күнде сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасу ниетінде, - деді «Бұрғылау» ЖШС директорының орынбасары Думан Мусин.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Қалаішілік жолдарымыз орта және күрделі жөндеуді қажет етеді»Сән-салтанатқа толы мерекені мекеме қызметкерлері дайындаған «Бауырсақ» ертегісі ашты. Одан кейін балалар тақпақ айтып, ертегі кейіпкерлерімен бірге ән салып, би биледі. Мерекеге келген балғындардың барлығына сыйлықтар үлестірілді. Кеш соңында ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, балалар сүйікті мультфильм кейіпкерлерімен естелік суретке түсті.
Алтынай, Жұлдызай есімді егіз қыздардың анасы Кәмшат Еркембаева: «Осындай керемет кеш ұйымдастырып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін. Ата-ана үшін ең бастысы - баласының денсаулығы мен шадыман кейпін көру», - дейді. Мереке түстен кейін Оңалту орталығында жалғасты. Бұл жерде де балалардың көңіл- күйін көтеріп, сыйлықтар берілді.
Айжан НАСЫРОВА