1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша, 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Осы күнге орай «Даңқ» аллеясында митинг өтті. Еске алу шарасына жергілікті билік және ардагерлер, өндірістік мекеме өкілдері мен тұрғындар қатысты. - Бүгін еліміздің барлық өңірінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, ашаршылық жылдары көз жұмғандарды еске алып, іс-шаралар өткізілуде. Біздің еліміз, егеменді ел болып, Тәуелсіздік қолымызға жеткеннен кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданды, ескерткіштер орнатылды. Аса ауыр қасірет құрбандары үнемі жадымызда болады, - деді қала әкімі Әділбек Дауылбаев. Репрессия жылдарында көптеген мәдениет, ғылым, саясат қайраткерлері құрбан болды. Шарада сол зұлмат жылдары ату жазасына кесілген алаш азаматтарын, ашаршылықтан көз жұмған қараша халықты үнсіздікте еске алып, «Мәңгілік алауға» гүл шоқтары қойылды. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Биыл Ақтауды көгалдандыруға 777 млн. теңге жұмсалады Ресми деректерге сүйенсек, cталиндік қуғын-сүргінге зерттеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл оқиғалардан 4 миллиондай Қазақстан азаматы зардап шегіп, соның ішінде Маңғыстау өңірінен 950-ден астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың бәрі халық жауы ретінде сотталған, ең жоғарғы жазадан бастап туған өлкесінен алыс жер аударылуға дейінгі әртүрлі үкім шығарылған. 1920-30-жылдардағы ашаршылықтан түрлі дерек бойынша қазақ халқының жартысына жуығы қырылды. Тек Қазақстанда 20 мыңнан астам адам түрмеге қамау, ату сияқты қатал жазаға кесілді. Осы жылдары немістер мен шешендер, Қырым татарлары және басқа ұлттар Қазақстанға жаппай жер аударылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП