Жуырда Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Шаңырақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен №6 орта мектептің акт залында «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» атты байқау өтті.
Сайысқа №6 орта және №9 бастауыш мектеп мұғалімдері қатысып, өзара өнерлерін көрсетіп, сынға түсті. Қызметте шәкірт тәрбиелеген ұстаздың бірі болса, өмірде бір әулеттің келіні болып жүрген ұстаздар қазақ келініне тән құндылықтарды құрметтеп, инабаттылық пен ибалылықты, іскерлік пен ептілікті дәріптеді.
Қатысушылар байқау шарттары бойынша алдымен өздерін таныстырып өтті. Бұдан соң өнер бәйгесімен қоса күнделікті тұрмыста қазақ келінінің атқаратын қызметтерімен де сынға түсті. Қолөнер бұйымдарын жасаудан ұршық иіру, ұлттық тағамдарды дайындау, сондай-ақ салт-дәстүр мен ырым-тыйымдарға байланысты сұрақтарға тұшымды жауаптарын бере отырып, ұлттық киім үлгілерін көрсетті. Сәні мен салтанаты жарасқан келіндер сайысында әділқазылар алқасының шешімімен барлық сыннан сүрінбей өткен №6 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ш.Тоқтасынова бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі А.Қызылғұлова 1 орын, математика пәні мұғалімі Г.Биғожаева 2 орынды қанжығасына байласа, №9 бастауыш мектеп мұғалімі Ә.Тілеубаева 3 орынға қанағаттанды. Бәсеке соңында түрлі аталымдар бойынша «Үздік келін» деп танылған жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталды. Көпшілік көңілді күймен тарасты.
Майра ТӨЛЕУОВА