Бұл күні еліміздің барлық білім ордаларында соңғы қоңырау соғылып, түлектер алтын ұя мектебімен қоштасты. Оқу жылын Маңғыстау ауданындағы 21 мектеп 7688 оқушымен бастап, 7676 оқушымен аяқтап отыр. Өткен жылы білім сапасы 52 пайыз болса, биылғы оқу жылында 53,5 пайызды құрады. Мектеп бітіруші 404 түлектің 386-сы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр.
Елуінші қарлығаштарын ұясынан ұшырғалы отырған Жармыш орта мектебі соңғы қоңырау салтанатына ерекше дайындалған. Мектеп алаңы мерекеге сай безендіріліп, әсем әуен үздіксіз шырқалып тұрды.
Бұл күнде білім мен ғылым, тәрбие мен тәлімді ту еткен білім ұясынан 25 түлек қанат қағып, балалықтан арылып, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Оның екеуі «Алтын белгіден», үшеуі «Үздік аттестаттан» үмітті.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Ж.Айтуаров, білім бөлімінің басшысы С.Қалиева және басқа да құрметті қонақтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Көңілдері алып ұшып, жүздері бал-бұл жанған бітіруші түлектерге аудан әкімі Ж.Айтуаров игі лебізін білдіріп, сәт сапар тіледі.
Мерекелік шарада білім саласына зор үлес қосып, жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектері үшін мектеп мұғалімдері және ерекше көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген оқушылар аудан әкімінің және білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Әдеттегіше бітіруші түлектер алтын ұяларына ән-жырын арнап, мектеппен қоштасу вальсін биледі.
Осыдан 10,20,30 жыл бұрынғы мектеп түлектері білім биігіне жетелеп, зердесін ашқан, көкірегіне нұр шашқан алтын ұяларына қимас сезіммен қайта оралды. Білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғысын білдірген олар мектеп ұжымына естелік сыйлықтарын табыстады. Салтанатты шарадан соң мектеп жанынан орын алған 20-түлектің арнайы тартуы, жылыжайдың ашылу рәсімі аталып өтті. Жылыжайдың лентасын қиған аудан әкімі түлектердің игі ісіне ризашылығын білдірді.
Оқушылар ыстық ұясымен азғантай уақытқа қоштасатын, ал мектеп бітіруші түлектердің қимастық сезімі орын алатын әсерлі сәттің куәсі болуға Онды ауылында болып қайттық.
Соңғы қоңырау үні сыңғырлаған Онды орта мектебі биылғы оқу жылын 244 оқушымен аяқтады. 57 үздік, 71 оқу озаты шыққан білім ордасының сапа көрсеткіші 60 пайызды, үлгерім 100 пайызды құрайды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кіші отаннан – ұлы отанғаСалтанатты жиынға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов, аудандық білім бөлімінің бас маманы А.Жайлауова оқушылар мен ұстаздарды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады, жас түлектерге сәттілік тіледі.
Сондай-ақ осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің ыстық ұясына деген тартуы ерекше болды. Мектеп ауласына жылыжай орнатып, биология сабағында оқушыларға практикалық жұмыстар жүргізуге таптырмас мүмкіндік жасады.
Бұл күні мектеп қабырғасында орын алған тағы бір мереке - заманауи жабдықталған математика кабинеті мектепте ұзақ жылдар мұғалімдік, басшылық қызметте болған физик-математик Сағынбай Зұлпықаровтың атына берілді. Кабинет лентасын ауыл әкімі Б.Балапан мен ардагер ұстаз Қ.Нұрғалиева қиды. Ұстаздың туған тумаластары, замандастары алдағы уақытта бұл кабинет оқушылардың игілігіне жарап, мектептің атын оздырар математиктер шыға беруіне тілектестік білдірді.
А.АХТАШОВА, А.РАХМЕТОВА