©
«Адал жол» атты облыста басталған марафон эстафетасын түпқарағандықтар сәуір айының ортасында қабылдаған болатын. Осы уақыттар ішінде ауданға қарасты барлық елдімекендерде сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қоғамдағы сыбайласқан жемқорлыққа қарсы мəдениетті дамытуды мақсат еткен марафонда аудан жастары да белсенділік танытты. «Сыбайлас жемқорлықты жалпылай қабылдамауды қалыптастырудағы руханият пен адамгершілік» деп аталатын жиын өткізіп, дін жəне заң тұрғысынан берілетін жазаларды азаматтарға түсіндірді.
Осы жиында сөз алған Түпақараған аудандық ювеналдық полиция инспекторы Айнагүл Көкеева жəне аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Демеген Сыдықов пара алудың заңдық жазасы турасында тоқталды. Қылмыстық кодекстің 361-362-баптары пара алған немесе берген адам да жазасыз қалмайтынын ескертеді. Аудандық мешіттің наиб имамы Дəурен Өрісбаев жиынында жиналған көпшілікке дініміздің бұл қылмысқа берер бағасын əдемі етіп жеткізді. «Елбасы жыл сайын осы қылмыстың қоғамда белең алмауына түрлі тапсырмалар беріп жатады, заңды да күшейту үстінде, бұндай қылмыс жасаған басшылар мен лауазымды азаматтарды күндегісін жаңалықтардан көретін болдық. Бірақ жамандықты адамдардың өздерінің иманы жеңеді. Барлық істі көруші Алланың барын естен шығармаса, біреудің ақысын пайдалануға, мүлкін иемденуге, елдің қазынасын бүлдіретін істерге азаматтар бармайтын еді» деген наиб имам өткен заманның əділ патшасының үлгі болар оқиғасын да айта кетті. «Бірде халифа Омарға жолдасы Әбдрахман келеді. Ол уақытта Омар жұмысымен айналысып отырған болатын. Досының жеке мəселемен келгенін көрген халифа алдындағы май шамды өшіріп, басқасын жағады. Омардың бұл əрекетіне таңданған Әбдрахман: -Уа, мұсылмандардың басшысы, бір май шамды өшіріп, екіншісін жаққаның не? – дейді. Сонда Омар: - Сен келген уақытта мен мемлекеттік істермен айналысып отырған едім жəне ол май шам қазынанікі болатын. Ал сенімен жеке шаруамыз жайлы əңгімелесуге өзімнің май шамымды жақтым. Себебі екеуміздің достық əңгімеміз үшін мемлекет төлеуге тиіс емес» - деп жауап берген. Әділ Омардың ұстанған пікірін қазір əрбір азамат ұстанса, жемқорлық туралы сөздің болы мүмкін емес еді», - деген пікірін білдірді.
Түпқараған аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мониторинг топтың басшысы Н.Мағдатов ауданда құрылған жаңа топтың жұмысы мен құрамын таныстырды. Мониторингтік топтың жұмысы үшін ашылған stopcorruptiontupkaragan@gmail.com электронды поштасына ауданның əрбір азаматы жемқорлыққа қатысты фактіні хабарлауына жəне қылмыстық істі ашуға септігін тигізген азамат есімі анонимді түрде болатынынан хабардар етті.
Жиналған көпшілік «Жемқорлыққа жол жоқ!» ұранымен келісіп, мониторингтік топтың жұмысына сəттілік тіледі.
Эстафета Маңғыстау ауданына табысталдыСәуір айынан бері Түпақарағанның барлық елдімекендері мен ауылдарында жалғасын тауып келген «Адал жол» марафонының эстафетасы 29 мамырда Маңғыстау ауданына салтанатты түрде табысталды.
Иса мен Досан монументі орналасқан алаңдағы шарада аудан жастары адалдықты ту ететін марафон жалауын көтеріп, шеру жасап, флэшмоб ұйымдастырды. Аудан əкімінің міндетін атқарушы Т.Алтынғалиев марафон аясында аудан тұрғындарының жемқорлыққа қарсы мəдениеттілігін қалыптастыруда патриоттық түрлі шаралардың ұйымдастырылғанын, соның ішінде жастардың көптеп тартылуына, ақпараттануына көңіл бөлінгендігін айтты. Марафон эстафетасын қабылдап алған Маңғыстау ауданы əкімінің орынбасары Ерболат Хабибуллаұлына сəттілік тіледі.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жұмысқа жүйелілік қажет