Өткен тарихымызды қаншама талқыға салсақ та, біздің оны өзгертуге күшіміз жетпейді. Ол - мәңгілікке қалыптасқан тарих. Ол кезеңнің көптеген қиыншылықтары артта қалды. Арамыздан мәңгілікке кеткен арыстарымыздың үміті мен талпыныстары, ұстанған қағидалары мен қайғылары да қайтпасқа кетті. Алаш зиялыларын «халық жауы» деген жаламен оққа байлаған 1937-1938 жығы сталиндік репрессияға 80 жыл толып отыр.
Бұл тарихи маңызы зор күн Қазақстан үшін айырықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары, ғалымдар, мәдениет және саясат саласындағы көрнекті тұлғалар да болды. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастырудан саясат жасады.
Заманындағы қуғын-сүргіннің құрығынан маңғыстаулықтар да аман қалған жоқ. Кеңестік дәуірдің қанды тырнағы Маңғыстауға да жазылмастай жара салды. Талай бейкүнә жандар жапа шекті, жан азабына түсті. Қаншама ананың аңыраған үні естілді. Сол бір зұлмат жылдары 940-тан астам адам тұтқындалып, 130-дан астамы ең ауыр жазаға тартылды. Қатардағы қара табан шаруадан бастап, жоғары лауазымды мемлекет ісіне араласқан қоғам қайраткерлері де тұтқындалды, атылды. Әсіресе Маңғыстау ауданына қарасты аядай ғана Жармыш ауылынан 54 адам жазаға тартылып, қуғын-сүргіннің құрбаны болған. Солардың бірі - Қинақұлы Қапаш 1938 жылы ату жазасына кесіледі.
Кедей отбасында туылған ол жастайынан қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады, тастан қиып мазар, кесене салуды, құлпытас жасауды негізгі күнкөріс көзіне айналдырып, кәсіп еткен. Ақтам қорымындағы бірнеше кереге тамдарда «Қапаш шебердің жас кезіндегі қолтаңбасы бар» дегенді естуші едім. Ол бір топ әріптестерімен бірге Форт-Шевченкодағы Киров атындағы мектеп құрылысына қатысады. Оның үздік туындыларының бірі - Жыңғылды жеріндегі жамағайыны Қосбайдың тапсырмасы бойынша салынған мешіт. Ол - Маңғыстаудың құрылыс өнерінде ортаазиялық үлгіні еуропалық үлгімен қабыстырып дамытқан шеберлердің бірі. Ағаштан ойып, балық желімімен ұстатып, сүйекпен аптап, көксауырды жона жасаған атқа салатын қозықұйрық ері қазір Алматы өнер мұражайында сақтаулы тұр.
1938 жылы нақақтан нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары ұлтым деймін деп, «үлкен қылмыс» жасап, халқым деймін деп, «халық жауы» болып, нәубет құрбанына айналды. Солардың қатарында менің атам Қапаш Қинақұлы да болды. Сүйегі Атырау қаласының Нәубетов көшесіндегі саси қуғын-сүргін құрбандарына арналған қауымда жерленген.
«Ол соншама не істеді, қандай опасыздық, зиянкестік, дұшпандық жасады?» деген сұрақтар санамызда жаңғыратыны анық. Бір білетінім, елім деп еңбек етіп, сол жолда қаза тапқан атамыздың ерлігі біздің санамыздан мәңгі өшпейді.
Сұлтан ҚАПАШОВ, Жармыш орта мектебінің директоры